Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов есепті кезең ішінде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. “Өткен жылдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары көрсеткендей, біз барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсімді сақтап қалдық. Бұл аудан бюджетіне салықтық және басқа да түсімдерді жалпы 234 млн.теңгеге, оның ішінде меншікті кірістерді 127 млн. теңгеге ұлғайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қолдаудың арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізілді, соңғы үш жылда саланы дамытуға 15 млрд. теңге демеуқаржы бөлінді”, – деді Жанат Ғаббасұлы.
2018 жылы өңір басшысы Құмар Іргебайұлы ауданға облыс орталығының айналасында азық-түлік белдеуін құру міндетін қойған болатын. Бұл міндет кезең-кезеңімен орындалып жатыр. Үш жыл ішінде ауданда сүт өндірісі 9 пайызға, ет өндірісі 6,3 пайызға артты. Астық алқаптары 17 пайызға ұлғайтылды. Сондай-ақ азық-түлік, ұн-жарма, нан-тоқаш, макарон және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісінің өсімі қамтамасыз етілді. Көкөніс және жасыл желек өндірісін арттыру мақсатында биыл Бескөл ауылында екі жылыжай іске қосылады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық деңгейдегі әкімдер жұмысы көрсеткішінің басты индикаторларының бірі инвестиция тарту болып табылады. 2020 жылы аудан экономикасына 10,5 пайыз өсіммен 28,4 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Азаматтардың әл-ауқаты, ең алдымен, тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты. Аудан орталығында “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша бес қабатты үй іске қосылып, 40 отбасы қоныстойын өткізді. Биыл екінші бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды, үшінші бес қабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Ауданда оңтүстіктен қоныс аударушыларға арналған үйлер де бой көтеруде. Соңғы үш жылда 87 үй салынды. 2020 жылы 55 отбасы немесе 200-ге жуық адам көшіп келді, олардың 73-і кәсіпорындарда, мектептер мен ауруханаларда жұмысқа орналастырылды, ал 19 адам өз ісін ашты. Бұл халық санының өсуіне және жабылу алдында тұрған мектептерді сақтап қалуға оң әсер етті.
Жанат Сәдуақасов брифингте әлеуметтік желілерде ауданда пайдалануға берілген үйлердің сапасы туралы жағымсыз пікірлер орын алғанын, мұндай баспаналарға сараптама жүргізіліп, кепілдік міндеттеме шеңберінде ішінара жөндеу жұмыстары жасалғанын жеткізді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Бескөл ауылындағы орталық қазандыққа жөндеу жүргізілді. Бұл орталық жылуға 700 тұрғын үй және 44 кәсіпорын мен ұйымды қосымша қосуға мүмкіндік берді. Барлық ауылдық округтерде – әкімшілік орталықтарда бейнебақылау камералары орнатылды. Бүгінгі күні ауданда 645 бейнекамера жұмыс істейді, олардың көмегімен тәртіп сақшылары 597 құқық бұзушылықты ашты.
Баспасөз мәслихаты барысында Жанат Сәдуақасов ауданда шағын кәсіпкерліктің дамуы, күнкөрісі төмен азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларын дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру бағыттарында атқарылып жатқан істерге тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.