«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҢДАУЛАРЫ – ТЕРІСКЕЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде 2014 жылдан бастап “Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” – “Серпін – 2050” әлеумет­тік жобасы жүзеге асырылуда. Содан бері жұмыс күші көп Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының түлектері солтүстік өңірлерде тегін оқу мүмкін­дігіне ие болуда. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде аталмыш бағдарламаның игілігін көріп жатқан студенттермен кездесті. Жиында жергілікті жердегі кадр тапшылығын азайтады деген серпіндіктерге қандай жағдай жасалғаны баяндалды.

– Өткен жеті жылдан бері бағ­дарлама бойынша Қызылжар өңі­­ріне 2 мыңнан астам ұл мен қыз оқуға түсті. Солардың 955-і оқуын аяқтады. Бүгінгі күні 825 студент – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде, 95-і Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары кол­леджде білім алуда. Оқуды аяқта­ған соң бәріңізді біздің өңірде қа­лып, жұмыс істеуге шақыра­мын. Жұмысқа орналасуда көмек көрсетуге әзірміз. Шаһарымыз жастардың қаласы болуы керек. Бұл ретте университетіміздің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылуда. Келесі жылдан бастап жаңа оқу корпустары, жатақханалар ашылатын болады. Қазір университетіміз­дің 73 заманауи зертханасы бар оқу-зертханалық корпусының құрылы­сы жүргізілуде. Сондай-ақ ынтымақтастық мақсатта АҚШ-тың Аризона университеті басшылығымен келіссөздер жүргізудеміз. Тағы бір жақсы жаңалық – об­лыс орталығында Назар­баев университетінің үлгісінде жаңа жоғары оқу орны ашылады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Университет проректоры Жа­нар Таласпаеваның айтуынша, 2014 жылдан бері білім ордасына “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша 1546 студент оқуға түс­кен. Соңғы үш жылда 575 студент оқуын тамамдады. Осы оқу жыл­дарында серпіндіктер 35 маман­дық бойынша білім алды.

Серпіндіктер жатақханамен толықтай қамтылған. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік не­гізінде 2 жатақхана салу жоспарла­нып отыр. Студенттер бос уа­қыттарын тиімді пайдалану мақ­сатында “Шаңырақ” театры, “Шер­тер” ансамблі мен спорттық үйірмелерге белсене қатысады. Былтыр “Серпін – 2050” бағдар­ламасы бойынша оқу бітірген 203 түлектің 77-сі өңірде жұмысқа орналасса, 92-сі магистратурада білімін жалғастыруда. Оқуға тү­сіп, жұмысқа орналасқандар бар­лық студенттің 94 пайызын құ­рай­ды. Биыл 237 студент оқуын аяқ­тайды деп күтілуде. Облыс бас­қармаларымен бірлесе оты­рып түлектерді жұмысқа орна­лас­тыру белсенді жүргізілуде. Әрбір түлекке жұмыс орны ұсынылмақ. Мәселен, Петропавл электротехникалық зауытына – 31, “Claas” зауы­тына 4 түлек жұмысқа алынбақ.

“Серпін – 2050” бағдарлама­сы­ның шапағатын көрген жастар­дың бірі – Түркістан облысының тумасы Алина Сейтім. М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлегі қазір Петропавлдағы №26 орта мек­теп­те мұғалім болып жемісті ең­бек етіп жүр. Талапты бойжеткен серпіндіктерді аққайыңдар өл­ке­сінде тұрақтап, жұмысқа орнала­сып, шаңырақ көтеруге ша­қырды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp