«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫН ТІККЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Тоқта! Желке тұсынан естіл­ген қатқыл дауысқа еріксіз кідір­ді. Жаңа ғана көмейге тығылған ішкі шерін ақтарып, ат құйрығын кесіскендей болып еді. Әлде та­ғы бір айтар уәжі бар ма де­ген­дей Қанат артына бұрыл­ды. Ат­шаптырым кабинеттің төрінде жұм­сақ креслоның үстінде сыз­да­нып отырған партком хатшы­сы мұны оқты көзімен ата қара­ды. Шамасы, кәсіпорын табал­ды­ры­ғын аттағанына көп бола қой­маған жас маманнан мұндай тегеурінді қадам, шұғыл шешім күтпесе керек. Ақылын ашу же­ңіп, өз-өзіне әлі келе алмаған сияқты. Түрі өрт сөндіргендей әлем-тапырық. Жайшылықта емен-жарқын жүретін, момындау көрінетін оның лезде өзгеріп сала бергеніне Қанат­тың өзі таң. “Жуастан да жуан шығады-ау” деген ой келген.

– Партбилетті әкел! – деді ол ті­сінің ара­сынан сыздықтата сөй­леп.

“Менің партиялық мәселемді сіз емес, цехтық партия ұйымы ше­шуі тиіс” деген ойын айта жаз­дап, іркіп қалды. Болары бо­лып, бояуы сіңген тақырыпты қайта жаң­ғырту оның табиғатына жат, әкеден дары­ған мінез. Жарық­тық он ойланып, жүз тол­ға­нып ба­рып, кесімді пікірін айтатын. Адал­­дыққа, тазалыққа толы іс-әрекеттерін жа­зыл­маған заң секілді қабылдайтын. Үй­ретері мол болды. Шарапаты көп тиді. Мәс­кеу ауданы (қазіргі Есіл) Бұ­лақ орта мек­те­бін бітіргеннен ке­йін әке ақылымен Ресей­дің Но­восібір қаласындағы ауыл ша­руа­шы­лық институтына оқуға бар­ды. Емтихан­дарды “бес” пен “төртке” тапсырып, студент атанды. Арман мен қиял жетегінде жүріп, уақыттың қалай сынапша сырғып өткенін де білмей қалды. Мұндағы ұстаздар ка­фед­рада қалуға, аспирантурада оқуға үгіт­те­­ге­німен, туған жерге бүйрегі бұ­ра берді. Оба­лы нешік, Ленин атын­дағы Петропавл ауыр ма­ши­на жасау зауытының басшы­лы­ғы құ­шақ жая қарсы алып, бас директор Вале­рий Ефремовтың өзі жеке қабылдады. Бір жылдың ішінде шебер, аға шебер, цех бас­тығының орынбасары сатыла­ры­нан өтті. 27 жасында 600 жұ­мысшысы бар ірі цехқа жетекші­лікке жіберілді. Партия қатарына қабылдануы 1986 жылғы Жел­тоқ­сан оқиға­сымен орайлас кел­ді. Ешкім түсініп бол­майтын не­бір оғаш оқиғалар орын алып жат­ты. Бірде Алматыда өткен бас-қосудан суыт жеткен парторг Қа­натты шақырып алып, бас­тауыш партия ұйымының жиналысында сөйлейтінін өктем дауыспен бұ­йыра айтты. Алаңда маскүнем­дер, нашақорлар болға­нын, олар Қазақстан халқын ұлтқа бөліп, ин­тернационализмге жат ұлтшыл­дық ауруы­на ұшырағанын “тәп­тіш­теп” түсіндірді. Өз қыз­метіне адал, айтқан уәдесіне берік, ту­ған жер үшін атқа да қонуға да­йын Қанат өзін оң-солын айыра алмайтын бала са­наған. Анато­лий Трофимовичтің қабағы­на қарап, ұсыныстан сыпайы түрде бас тарт­ты. Сол-ақ екен, анау шоқ басқандай ыр­шып түсті. Қо­қанлоқы, айғаймен тәртіпке ша­қырмақ ниетінен, мұндай ұстаным-көз­қараспен СОКП қата­рында болуға лайық емессің деген үгітінен ештеңе өнбе­ді. “Ме­ні әке-шешем ұстамдылық­қа, са­бырлылыққа тәрбиеледі. Екін­шіден, тұ­тас қазақ жаста­рын кі­нәлаумен келіс­пеймін. Оны жала ретінде қабылдаймын. Көз көр­ме­ген нәрсе жайлы ештеңе айта ал­май­мын” деген ұста­ны­мы­нан айнымады.

Екеуара келіспеушіліктің ақы­ры бірер ай­дай ғана “қызығын” көрген қанқызыл пар­тиялық би­летті үстелдің үстіне тастап ке­туі­мен аяқталды. Кейін партия­лас әріптес­тері Қанатты қанша қор­ғауға тырысса да, кеңестік ке­зеңнің дүрілдеп тұрған әкімшіл-әміршіл жүйесі өз қатарын рухы мықты, ойлау санасы бөлек ұлт­жанды азамат­тардан тазарту­ды жөн көрген секілді.

“Ел үшін туған ерлердің, Ал­ды-арты да­рия, кең болар. Ар­тық­ша туған азамат, Ха­лыққа үлкен бел болар” демекші, қол­дан жасалған қиынпұрыс қиын­дық­тарға Қанат мойыған жоқ. Ел игілігі мен келешегі үшін қызмет етіп, ар-намысты жоғары ұстау­ды басты мақсат етті. Кәсіпорын қабырға­сын­да өткен 12 жыл тың бастамаларға, жақсы істерге толы болды. Қайнаған қызу ең­бектің бел ортасында жүргенде тосыннан тағы бір “қырсық” ке­зікті. 1995 жылы мінезі қатал, бі­рақ талапшыл зауыттың басшы­сы В. Еф­ремов әлдекімдерге жақ­пай қалса керек, орнынан алы­нып, бас директордың өнді­рістік мәселелер жөніндегі орынба­са­ры Юрий Коновальчик пен бас конструктор Аман Сүйінбаев оның орнына ұсынылды. Ашық дауыспен өткен сайлауда аз ғана адам соңғы үміткерді қол­да­ды. Олардың қатарында Қанат та болды. Директорлық орынтақ­қа жайғасқан Коновальчик қаза­ғыңды қолдадың деп оған қысым көрсете бастады. Ойы шолақ, іскерлігі, қарым-қа­білеті шама­лы басшымен текетірестен еш­те­ңе ұтпайтынын сезген білікті маман өз еркімен жұмыстан шы­ғуды құп көрді. Ке­терінде кімнің кім екенін уақыт көрсетеді деп, әңгімені қысқа қайырды. Демо­кра­тиялық жолмен сайланса да, Коно­валь­чиктің басшылық жолы тым қысқа болды.

Бабаларымыздың “Қазанат қамшы ти­гізбейді, Азамат жоғын білгізбейді”, “Ат ша­бысына қарай шабады, Ер намысына қа­рай ша­бады” деуінде үлкен шындық бар. Мә­селе мансаптың үлкен-кішісінде емес, ең бастысы, сеніп тапсырылған қызметті қа­лай ат­қаруға келіп тіреледі. Облыстың сол кездегі әкімі Қажымұрат Нағыманов Қанат Асқаровты шақырып алып, өңірдегі тұңғыш технологиялық парк құруды се­ніп тапсыр­ды. Оның іргетасы ша­ғын және орта биз­неске қолдау көрсетуден, коммуналдық кә­сіп­орындар жүйесін дамытудан, бизнес-инкубатор құрудан бас­талып, халықтың тұрмыс сапа­сын жақсартуға, бағаны тұ­рақ­тандыруға жалғасты. Көтерме сауда же­лісі өріс алып, тұрғын­дар үшін көптеген қо­сымша қыз­меттер ашылды.

Қанат Қайырлыұлы – бүгінде мемлекет­тік қызметте абыройлы еңбек етіп, облыс­тың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқан білікті басшылардың бірі. Ауыл шаруашылығы министрлігі “Сушар” РМК “Есіл су” кәсіпорны­на жетекшілік еткен бес жыл­дың ішінде өндіріс ауқымы айтарлық­тай кеңіді. 3 мың шақырымнан асатын су ма­гистралы Қостанай­дың екі ауданын, об­лыс­тың 12 ау­да­нын тіршілік көзімен қамтама­­сыз етеді. Өңірдегі 600 елді мекеннің 231-не таза су жеткі­зеді. 2016 жылы тұр­ғын­дарға 1 млн. текше метр су сатылса, бү­гінде тұтыну мөлшері әлеқайда артып, 4,8 млн. текше метрді құ­райды. Ең алысы – Ишим топтық су құбыры. Ол Тимирязев, Шал ақын, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандар бо­йын­ша 38 мың адамды қамти­ды. Ең ауқым­дысы – Булаев топтық су құбыры 100 мың тұрғынды қамтамасыз етеді. Магистрал­дың ұзындығы – 1600 шақырым. Кейіпкері­міздің айтуынша, жуыр­да Жамбыл ауда­нындағы Троиц­кіде насос стансасы іске қосыла­ды. Онда орнатылған екі резервуар ар­қылы тіршілік көзі аудан орталығы Прес­новкаға дейін жеткізіледі. Алдағы ауқымды мін­деттердің бірі – Есіл ауданына қарасты Заградовка, Волошин­ка, Ясновка, Бұлақ елді мекенде­ріне тезірек су құбырларын тар­ту. Өйткені бұл маңда жер асты сула­рының азаюы байқалады. Кей жерлердің суы ащы, тұзды, ішуге жарамсыз. Өкінішке қарай, аудандық әкімдіктер тарапынан жобалық-сметалық құжаттарды рәсімдеу уақытының кешіктірілуі іске қолбайлау бо­лып жатады. Көбіне қаражаттың тапшылы­ғын сылтау етеді. Әйтпесе, мемле­кет­тік бағ­дарламаға енгізуден бөгеліс жоқ.

Қанат Қайырлыұлы облыстық мәслихат­тың депутаты ретінде қоғамдық жұмыс­тарға белсене араласады. Ол көп жыл бойы демеушілікпен де айналысып келеді. Отбасы үлгідегі балалар ауылына жүйелі түрде көмекте­сіп тұрады. Ұжымның жұ­мысшы-қызметкерлеріне де көптеген қар­жылық жеңілдіктер қарастырыл­ған. Орта­ша жалақы мөлшері 160 мың теңгеге жуық. Ішкі өнді­ріс­ті дамытуға 800 млн. теңге жұм­салып, әрқайсысының құны 60 млн. теңге болатын екі шетел­дік эксковатор, басқалай техни­ка­лар сатып алынды.

“Азамат жетім болмайды, халықтан болса панасы, халық жетім болмайды, бас­шы болса данасы” деген сөз аға буын өкілі санатына қосылып, алпыс – “талтүстің” биі­гіне шаршамай, шалдықпай көтерілген, ту­ған жерге туын тіккен ел азаматы, білгір ұйымдастырушы Қанат Асқаровқа қарата ай­тылғандай.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp