«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Вирустың жаңа штамы қауіпті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемнің бірқатар елінде ко­ронавирустың “Дельта” штамының жаңа мутациясы анықталғаны айтылуда. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов коронавирустың бұл штамы жұққан кезде буын мен ішек, іштің қатты ауыруы, есту қабілетінің нашарлауы байқалатынын айтты. “Сақтансаң – сау боларсың” демекші, қатерлі індеттен қорғану үшін мамандар қауіпсіздік талаптарын ұстануға шақырады.

– Облыс тұрғындарына шектеулерді бұзбауға, сондай-ақ бұқаралық іс-шараларды, әсіресе үйде жиын-тойларды өткізбеу жөнінде кеңес беремін. Көпшілік орындарда әлеу­меттік қашықтық және маска режімін сақтау қажет. Егер санитарлық талап орындалмаса, қауіпті ауру көбейіп, жағдай ушығуы мүмкін, – деді орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.

Пандемия басталғалы өңірімізде коронавирус инфекциясын 15187 адам жұқтырды. Маусымның 24-і күні облыста 25 тұрғын қауіпті дертке шалдықты. Облыс орталығында індет 8 адамнан анықталса, жаңа жағдайлар Тайынша, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Есіл, Қызылжар, Мамлют аудандарында тіркелді. Індет жұқтырғандардың денінде аурудың белгілері байқалған. Жалпы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыста ПТР әдісі бойынша зерттеу жүргізетін 4 зертхана жұмыс істейді. Бүгінге дейін коронавирус инфекциясына барлығы 361537 зерттеу жүргізілді.

Облыс тұрғындарына екпе қою нау­қаны жалғасуда. Соңғы мәлімет­ке сәйкес 99850 өңір тұрғыны бірін­ші, 64445 адам екпенің екінші компонентін алды. Дені “Спутник V” вакцинасын қойдырса,” Hayat-Vax”, “QazVac” екпелеріне де сұраныс бар.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp