Білім саласындағы әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығының мұрындық болуымен жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында 2004 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан “Мағжан оқулары” республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсы биыл онлайн форматта ұйымдастырылды.
Салтанатты шарада білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова құттықтау сөз сөйлеп, сайыскерлерге табыс тіледі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған байқау жас ұрпақ арасында ақиық ақынның мұраларын насихаттау, жастардың бойында азаматтық ұстаным мен эстетикалық талғам қалыптастыру, поэзияға деген құштарлықтарын арттыру мақсатын көздеп, еліміздің әр қиырынан 36 талапкер “Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім”, “Ақын да бір бала ғой, айға ұмтылған”, “Толқынмен толқын сырласып” аталымдары бойынша бақтарын сынады.
Марапаттау рәсімінде Мағжан шығармаларын жатқа айту, мәнерлеп оқу аталымдары бойынша топ жарған жүлдегерлерге, атап айтқанда, Әмірлан Ерзатұлына (Нұр-Сұлтан), Данагүл Басыбайға (Петропавл) және Бекзат Елеусіноваға (Атырау) бірінші дәрежелі дипломдар мен арнайы жүлделер тапсырылды. Бас жүлдеге Атырау облысының өкілі Нұрай Сисенбай ие болды.
Әсел ЕСІМСЕЙІТОВА,
әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері.