Өткен ғасырдың соңында Қазақ елі әлемдік аренада өз орнын тауып, бірқатар жетістіктерге жетті. Саясат пен экономикалық тұрғыдан алғанда тоқсаныншы жылдардағы тоқырау бәсеңдеп, дамудың соқпағына түскен жыл деп айтса, артық болмас. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Израиль, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Литва, Тәжікстан, Ресей, Бельгия, Франция, Қырғызстан, Дания, Испания, Пәкістан Ислам Республикасы, Ұлы Британия елдеріне ресми сапармен барып, мемлекеттер арасындағы достықты нығайту, тауарайналымын арттыру туралы екіжақты келісімдерге қол қойылды. Осылайша жаңа мыңжылдықты Қазақ елі өзін әлемге танытудан бастады. Бұл жасалған келісімдердің көбі әлі күнге күшін жойған жоқ, қайта мемлекеттер арасындағы татулық пен алыс-берістің алтын көпіріндей қызмет етіп келеді. Басқа іссапарлар бір төбе болса, Елбасының АҚШ-қа сапары ел есінде ерекше қалды. Нұр-Cұлтан Әбішұлы 6 қыркүйек күні Нью–Йорк қаласында БҰҰ-ның бас ассамблеясында – “Қауіпсіздік және ынтымақтастық: ғаламдық және аймақтық аспектілер” тақырыбында баяндама жасады. Бұл әлемді толғандырған экстремизмге қарсы күреске бірігу жолындағы Қазақстан лидері ұсынған тың шешім, жаңа ұсыныс еді.
2000 жылдың еншісіндегі ел тарихындағы шешуші қадамдардың тағы бірі – “Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құру туралы” Жарлыққа қол қойылуы. “Ұлттық қор құру туралы идея алғашында 1997 жылдың өзінде-ақ, “Қазақстан – 2030” стратегиясы дайындалып жатқан кезде пайда болған еді. Ол кезде халықаралық кеңесшілердің, отандық басқарушылардың және экономистердің көбіне бұл идея сандырақ сияқты болып көрінді. Сонымен қатар ақырында оны халыққа жариялағаннан кейін, біраз уақыт өткен соң, 1998 жылы тамызда Ресейді дағдарысқа ұшыратқан мұнай бағасының опырыла құлауы себеп болды. Сондықтан біз Ұлттық қорды құру мәселесіне тек 2000 жылы ғана қайтып келе алдық”, – деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы” атты кітабында. Шынында, бұл қор, сол уақыттан бері ел экономикасын әлсіретпей ұстап тұрған, керек кезде қолдау көрсететін маңызды шешім болды.
2000 жыл “Қазақстанда мәдениетті қолдау жылы” ретінде есте қалды. Жаңа ғасырдың ең алғашқы жылында осыған дейін орын алған олқылықтарды жою үшін бірқатар жұмыстар атқарылды. Өткен ғасырдың соңында жабылып қалған мұражайларды, кітапханалар мен мәдениет сарайларын қайта ашу қолға алына бастады. Атап айтқанда, республика көлемінде 468 кітапхана, 239 Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан бес театр ашылды. Елордада Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры, Президенттің мәдени орталығы, Мемлекеттік мұражай құрылып, бұл да елдің рухани-мәдени өміріне айтарлықтай сапалық өзгеріс әкелді. ХХІ ғасырдың алғашқы жылында халықтың асыл мұрасына бетбұрыстың куәсі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің 100 томдық жинағы, Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерінің 10 томдығы, белгілі ғалым, академик Әлкей Марғұланның шығармаларының 14 томдығы жарық көрді. Бұдан бөлек, Қостанайда – Ахмет Байтұрсынұлының, Павлодарда – Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, Атырауда – Бейбарыс Сұлтан мен күй атасы – Құрманғазының, Алматыда – Абылай ханның ескерткіштері ашылды. Осы жылы Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы өз жұмысын бастады. “Ақындар айтысы” республикалық конкурсы, “Шабыт” жастар шығармашылық фестивалі осы жылы дәстүрлі конкурстар ретінде қалыптасты.
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы есте қалған ерекше жаңалық – Петропавлда Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойына орай жазушы есімі берілген қазақ сазды-драма театрының ашылуы. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының бір топ түлегі Қызылжарға қоныс аударып, қазақ театрының қазығын қақты. Өнер ордасының шымылдық ашар рәсімі ақпанның соңында өтті. Түлектер дипломдық жұмыс ретінде Мұхтар Әуезовтің “Қарагөз” трагедиясын сахналады. Қоюшы режиссері Есмұқан Обаев. Осылайша, 1934 жылы Қызылжар қаласында ашылып, 1937-38 жылдардағы репрессия кезінде жабылып қалған тұңғыш қазақ театрының ізбасары ретінде Сәбеңнің атындағы өнер ордасы пайда болды.
Қазақ әдебиеті алыптарының бірі, академик жазушы Сәбит Мұқановтың мерейтойы өңірде екі кезеңде өткізілді. Алғашқысы туған күніне орай сәуір айында ұйымдастырылды. Кіші той деп аталған шараға Алматыдан Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Серік Қирабаев секілді ғалымдар, Кәкімбек Салықов, Сафуан Шаймерденов сынды ақын-жазушылар қатысты. Ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Осы кіші тойда жаңадан құрылған, бірақ әлі өз ғимараты жоқ театр ұжымы Николай Погодин атындағы орыс драма театрында Сәбеңнің “Аққан жұлдызын” сахналады.
Ал маусымда Сәбеңнің туған жері – есімі берілген Сәбит ауылында дүркіреп той өтті. Жаңадан мектеп салынып, жол төселіп, жазушының рухына құрмет көрсетілді. Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған, “бір өзінің бір кітапханалық мұрасы бар” Сәбеңнің тойы – халықтың тойы. Салтанатты шараға қатысқан жазушының жары Мәриям апай облыстық кітапханадағы кездесуде: “Тар уақытта Сәбит екеумізге пана болған Қызылжар ғой бұл, әрдайым ыстық құшағымен қарсы алады. Кейіген күні жоқ, осының бәріне ризамын. Сәбиттің 80 жылдығын да, 90 жылдығын да көрдім, енді міне 100 жылдығына келіп отырмын, осының бәрін көрсін деп мені әдейі тастап кеткендей. Мына кітапхананы өзі салдырып еді, бұл да артында қалған үлкен белгі”, – деп ерекше тебіреніспен ризашылығын білдірді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуы тойдың мәртебесін одан әрі асырғандай еді. Жамбыл көшесіндегі ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, Сәбит Мұқанов атындағы театр атануы да “Мәдениетті қолдау жылы” ел мерейін көтерген ерекше оқиға болды. Тәуелсіздіктің тәтті тартуларының да бірі осы – ұлттық театр еді. Ұлттық өнер академиясының түлегі, бүгінде Сәбеңнің атындағы театрдың директоры Біржан Жалғасбаев мерейлі жылды былай деп еске алады:
– 1999 жылы 6 желтоқсанда соңғы курста оқып жүрген 20 шақты студент Қызылжарда қазақ театры ашылады дегенді естіп келдік. Есмұқан Обаев, театрдың директоры Оразалы-Ақжарқын Сәрсенбек ағаларымыз бар, бәрімізді облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған азаматтар күтіп алды. Қамқорлық танытты. Халықтың ықылас-пейілі деген керемет еді. Сол уақыт – біз үшін “алтын дәуіріміз” еді деп еске аламыз. Маусымда қойылған Сәбеңнің “Аққан жұлдызы” – театрдың ең алғаш сахналаған ресми туындысы. Халықтың өнерге шөлдеп қалғаны сондай, бір спектакльді 2-3 реттен келіп көретін. Арада 21 жыл өткеннен кейін қарашаңырағымыз қойылымдары халық ықыласына бөленген, өзіндік қолтаңбасы бар мерейлі театрлардың бірі деп мақтанышпен айта аламыз. Театрымыздың жаңа ғимараты ашылады деп күтіп отырмыз. Мұның бәрі – еліміздің Тәуелсіздігінің жемісі.
2000 жыл Қызылжарда ұлт мерейін асқақтатқан жыл ретінде есте қалмақ. Жаңа ғасыр бастауының тағы бір сүйінші жаңалығы – М.Қозыбаев атындағы университет жанынан қазақ журналистерін даярлайтын бөлімнің ашылуы болды. Қарағанды қаласынан келген белгілі журналист, тарихшы Зарқын Тайшыбай өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарына білікті мамандарды даярлау ісіне кірісіп кетті. Бүгінде өңіріміздегі белді басылымдар мен телеарналардағы мамандарды даярлау ісі де осы жаңа дәуірдің жылпарағына жазылды.
Екінші мыңжылдықтың басы Қызылжар өңірі үшін табысты болды. Ресей, Германия мен Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркия секілді елдерге экспорттың үлесін арттыру – жаңа дәуірдегі басты бағыт. Бұған өңір тарихының жылнамасы – “Soltüstık Qazaqstan” газетінің 2000 жылғы №10 санында жарияланған өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпарат дәлел бола алады. Қай салада болмасын даму көрсеткіштері бойынша алға жылжып, еңсені езген қиындықтардан арыла бастаған кезең ретінде есте қалды.
Бұл кез – Қазақстан ғана емес, жалпы посткеңестік елдердің жоспарлы экономикадан енді-енді арылып, нарыққа бейімделе бастаған тұсы. Жаңадан кәсіпкерлік нысандары ашылып, әр саланы коммерциялауға болатынын халық та түсінген. Былайша айтқанда, алғашында абдырап қалған тұрғындар ақырындап есін жиып, етегін жапқан кезең. Дәл осы кезде медициналық, заңдық, қосалқы білім беру бойынша қызмет көрсететін жеке кабинеттер ашылып, алабажақ жарнаманың да дәурені туды. Бұған қоса, халыққа қызмет көрсету орталықтары да біртіндеп ашыла бастады. Ойын-сауық нысандары да бой көтеріп, батыс елдері үлгісіндегі мейрамханалар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап кетті. Бұл, бір жағынан, халықтың әл-ауқатының біршама жақсарғанының да белгісі іспетті.
Бір өкініштісі, ауыл шаруашылығы саласы бұл кезде әлі де тұралаған күйде еді. Инвестор компаниялар тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, тұрақтап қалғандары аз. Жаңа техникалар жеткізілгенімен, әлі де болса әлеуетін таныта алмай, өнім көлемі өспеді. 2000 жылғы орақтың қорытындысы бойынша облыста 3 миллион тонна астық бастырылды. Шығымдылығы гектарынан 10 центнерден ғана. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір құлдырап кеткенін көрсетеді. Өтпелі кезеңнің өткелдері теріскей жұртына оңай болмағаны анық. Осылайша, бір қиындық, бір қуанышпен елдің даму кезеңі де сатылап өтіп жатты.
Жаңа дәуірдің тағы бір елең еткізген оқиғасы – Сиднейде өткен жазғы Олимпиадалық ойындар. 5 құрлықтың 4 жылда бір өтетін додасына теріскейдің үмітін үкілеген 3 спортшы қатысты. Ел намысын ту еткен Александр Винокуров, Сергей Яковлев велоспорттан жарысқа түссе, Елена Парфенова жеңіл атлетикада бақ сынады. Бұл додада Александр Винокуров күміс жүлде еншілеп, мерейімізді үстем етті. Бұл Солтүстік Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада жүлдесі болатын. Сондықтан бұл медальді алтынға бергісіз күміс деп бағалаған жөн.
– Менің олимпиадаға қатысуым – Тәуелсіздігіміздің арқасы. Солтүстік Қазақстанда туып-өстім, спорттағы алғашқы жеңістеріме де осы жерде қол жеткіздім. Олимпиадада бағым жанып, екінші орын алдым. Бірақ менің арманым бірінші болу еді. Арада біраз уақыт өткесін ол арманым да орындалды. Менің ізбасарларым да көп. Жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жерлестеріміз бар, оларға бәсекелес жаңа буын өсіп келе жатыр. Қазақстан велоспортының болашағы жарқын деп ойлаймын, – дейді жерлесіміз Александр Винокуров.
Табиғаттың жаман күні болмайтыны секілді дәуірдің де жаман жылы болмауы тиіс. Қиындықтары болғанымен, жетістіктері де аз емес. 2000 жыл осындай оқиғаларымен есте қалды. Ал қолыңыздағы өңір тарихының жылнамашысы – “Soltüstık Qazaqstan” газеті 2000 жылды газеттің 80 жылдық мерейтойымен қорытындылаған болатын. Мағжан бастаған ұлылардың ізі қалған ұлттың үнпарағы екі ғасыр, екі дәуірдің куәсі болып, басынан талай қиындықты өткерсе де, өлке тарихын өз бетінде өзінше өрнекпен әлі де таспалап, таңбалап келеді.
Айтпақшы, жаңа дәуірдің солтүстікқазақстандық алғашқы перзенті кім екенін білесіз бе? Оның есімі де газетіміздің бетінде жазылған. 2000 жылдың 1 қаңтарында түнгі сағат 2-ден 25 минут кеткенде дүние есігін іңгәлап ашқан петропавлдық Эльмира Ахметжанова болатын. Тарихтың безбеніне салсақ, аз ғана уақыт болар. Бірақ сол Эльмираның өзі биыл 21-ге толып, жоғары оқу орнын аяқтар жасқа жетіпті.
Иә, уақыт деген өзінің жол-жоралғысынан таймайды, алға ғана жүреді. Тәуелсіздіктің тоғызыншы жылы ел тарихында мәдениетіміздің дамуына ерекше екпін берген кезең болып қалғаны сөзсіз.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.