Петропавлда «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы аясында полицейлер есепте тұрған адамдарды тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда қорғау ұйғарымы шығарылған 82 адам, мінез-құлқына сот ерекше талаптар белгілеген 56 құқық бұзушы, қолайсыз 130 отбасы, 326 нашақор және 1 066 маскүнем есепте тұр. Бұл азаматтарды сақшылар «Жанұядағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы аясында тексереді.
«Әйелдер полицияға қоңырау шалып, арақ ішіп шаңырақтың шырқын алған күйеуін «бір жерге алып кетуді» сұрайды. Алайда учаскелік инспекторға қандай да бір шара қолдану үшін заңды негіз қажет. Осы орайда уақытша ұсталғандарды камераға орналастыру үшін өтініш талап етіледі.
Соның негізінде учаскелік инспектор әкімшілік сотқа материал дайындайды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бабында отбасылық жанжалқойларға ескерту немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түрінде жаза қарастырылған», – дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Алайда отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбандары көп жағдайда өтініш жазудан бас тартады немесе оларды кері қайтарып алады.
«Еске сала кетейік: адамға дене жарақаттары келтірілген жағдайда сот-медициналық сараптаманың нәтижесі керек. Тек содан кейін ғана қылмыстық қудалау жүргізілуі мүмкін. Көбінесе соққыға жығылған әйелдер сараптамадан жиі бас тартады. Акцияның негізгі міндеттерінің бірі – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңда көзделген қорғау тетіктерін түсіндіру және құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті еске салу», – дейді Әлібек Ғабдуллин.
Жалпы акцияның 3 күні ішінде есепте тұрған 359 адам тексерілген. 21 маусымда басталған «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы айдың соңына дейін жалғаспақ.