Солтүстік Қазақстан облысы Якорь ауылы тұрғындарының су мәселесі келесі жылы ғана шешілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавл маңындағы Якорь елді мекенінің тұрғындары жаз болса таза судан тарығады. Екі мыңнан астам тұрғыны бар ауылда су сағаттап қана беріледі. Оған құбырлардың ескіруі себеп. Мамандардың айтуынша, жазда суды пайдалану нормасы артады, ал қысымды арттыруға өткен ғасырда салынған құбырлар шыдас бермейді.
Елді мекен тұрғындары мәселені айта-айта жауыр болып, жергілікті биліктің назарын аудару үшін араға жұлдыздарды да салды.
СҚО әкімдігі Якорь ауылындағы су мәселесіне қатысты әлеуметтік желіде жауап берді.
«Қызылжар ауданындағы Якорь ауылында 700 үй болса, соның 660-сы орталықтандырылған су желісіне қосылған. Су тарату желісінің ескіруіне байланысты суды тоқтаусыз беруге мүмкіндік жоқ. Су тарату желісін жөнге келтіру үшін биыл 475 млн теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленді.
Қазіргі уақытта жоба сараптамадан өтіп жатыр, оған уақыт керек. Биыл индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне республикалық бюджеттен қаржы бөлу үшін тапсырыс беріледі. Келесі жылы Якорь ауылында су тарату желісін жаңғырту жұмыстары басталады», – делінген СҚО әкімдігінің жауабында.
https://www.inform.kz/