Көзі тірісінде-ақ дала батыры атанған, ерен күштің иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының дүниеге келгеніне биыл 150 жыл толды. Ел есінде есімі өшпестей сақталған ол қазақтың тұңғыш кәсіби балуаны. Бүкіл түркі әлеміне, мұсылман қауымына даңқты болған жанның туған жері туралы мәліметтер әралуан. Бір деректерде оның 1871 жылы Ақмола облысындағы Қараөткелде дүниеге келгені айтылады. Кейбір деректер Қажымұқан Оңтүстік Қазақстан облысында өмір есігін ашты дейді. Соңғы жылдары табылған деректерге қарағанда, Қажымұқанның әкесі Мұңайтпас та қара күшке келгенде қара жаяу болмаған сияқты. Ол – қара қыпшақ Қобыландының ұрпағы. Жалпы бұл әулеттен қолына найза ұстап, елін қорғаған батырлар көп шыққан. Үшінші атасы Шәді Абылайдың ақ туының астында жауға шапса, одан бергі атасы Ернақ та халқына қалқан болған тұлғалардың бірі.
Күш атасы туралы аңызға бергісіз қаншама кітаптар жазылып, фильмдер түсірілсе де алыптың әлі де ашылмаған қырлары мен құпиялары жетерлік. Қажымұқанға деген елдің ықылас-пейілі қашанда бөлек қой. Әсіресе Қызылжар өңірінің балуанның өміріне тікелей қатысы бар. Әкесі тұрмысы нашар болғандықтан, күнкөріс қамымен солтүстікке қарай қоныс аударған деседі. Шаруаның баласы болғандықтан бай-көпестерге жалданып жүріп ер жетеді. Балуанның немересі Перизат Қажымұқанова атасы жайында былай дейді: “Кедей отбасынан шыққан Қажымұқан алты жасынан бастап жалшылықта жұмыс істеген. 14 жасында Масликов деген көпестің қолында жалшы болып жүргенде, оншақты орыстың мұжығы көтере алмаған күбі майпіспекті бір өзі көтеріп, шанаға салып береді. Ол майпіспектің салмағы жарты тоннаға жуық екен. Потехиннің картинасында бала Мұқанның алғашқы ерлігі осылай суреттелген”.
Иә, Қажымұқан атамыз қазақта ғана емес, бүкіл адамзат тарихында сирек кездесетін дара күш иесі екені талассыз. “Ямагата Мухунури”, “Мухан”, “Иван Чёрный”, “Қара Мұстафа” деген лақап аттармен танымал болған Қажымұқанның күрескен, ізі қалған құрлықтардың бәріне барып, әлем елдерінің архивтерінен құнды деректерді тірнектеп жүріп жинаған зерттеуші-ғалым Мұратхан Тәнекеевтің жазбаларынан осыны анық аңғаруға болады. Зерттеушінің жазуынша, бар-жоғы жиырма жасында балуан Мәскеуде өткен жарыста жеңімпаз атанып, атағы бүкіл Ресейге жайылған, араға төрт жыл салып Киевте әлем чемпионы атаныпты. Өмірінде дүбірлі додалардан 56 медаль алған. Сол кезде дүниежүзі мықтыларының дені Қажымұқанның шеңгелінде қыран ілген түлкідей қалтырапты. Чемпиондардың чемпионы Иван Поддубныйдың өзі отандасымызды жеңе алмаған екен. Қажымұқан сол кезде атағы шығып жүрген Омер де Бульон, Карл Поспешил, Циклон-Бенковский, Карл Корнацех, Вен Ольсен, Вейланд-Шульц, Розенталь, Алекс Аберг, Паул Шмидт, Генрих Вебер, Карл Мосин, Ян Краузе, Франц Зауэрер сияқты кәсіпқой балуандармен белдесіп, көбін ойсырата жеңген.
Аты аңызға айналған тұлғамен көзі тірісінде кездескен адамдар айтқан аңыз-әңгімелер де аз емес. Журналист-публицист Ғазизбек Тәшімбаев құрастырған “Күш атасы” атты естеліктер жинағында оның балуандыққа қандай қиын жолмен келгені, бүкіл Еуропа, Америка, Азия халықтарына өзін қазақтан шыққан тұңғыш балуан екенін көрсеткені жазылған. Қазбек Сүлейменовтің “Балуанның балалық шағы”, Дихан Әбілевтің “Алыптың ақ батасы”, Әуелбек Қоңыратбаевтың “Өз аузынан естігендерім” деген естеліктер бар. Қазақтың біртуар перзенті Сәкен Сейфуллин 1920 жылы жазылған “Қажымұқан” атты өлеңінде балуанның алып тұлғасын:
Бурадай шонжар, жампоз, жараған дом,
Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом.
Алпамса, алқа-салқа, бұлшық етті,
Қобы жон, алды-артына біткендей қом.
Құлжадай топтан оғаш көз тартады,
Мысалы, даладағы бейне бір дөң,
Алыбы бұл заманның – Қажымұқан,
Адамның осы күнгі шонжары шоң, – деп сипаттайды.
Қажымұқанның бойы мен салмағына қатысты деректер де әртүрлі. Мәселен, “Жас алаш” газетінде 2007 жылы шыққан “Қажымұқанның салмағы қанша болған?” деген мақалада: “Күресіп жүрген кезінде Қажымұқан 190 келі тартады екен. Егде тартқан кезінде балуанның салмағы 230 келіге жеткен”, – деген дерек келтірілген. Профессор Әуелбек Қоңыратбаев әдейі іздеп барып, 1946 жылы Қажымұқанмен кездесіп, тұлғасын өлшеп, анықтама берген екен. Жасы жетпіс бесте болған балуанның сол кездегі дене құрылымының өлшемі төмендегідей болыпты: салмағы – 174 келі, бойы – 195 см., кеудесінің аумағы – 146 см., балтырының аумағы – 49 см., мойнының жуандығы – 56 см., бас аумағы – 65 см., аяқ киімі 54 өлшемді көрсеткен.
Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы Орталық Атқару Комитеті Президиумының арнайы шешімімен 1927 жылы Қажымұқанға “Қазақ даласының батыры” деген құрметті атақ беріледі. Патриот ағамыз ел басына ауыр күн туған екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында жасының егде тартып қалғанына қарамастан, тағы бір ерлік іс жасағаны мәлім. Ол белін бекем байлап, ел аралап, өнер көрсетеді. Одан жинаған қаржыға ұшақ жасатып, майданға жібереді. Сөйтіп, Жеңіске өз үлесін қосады. 1944 жылдың 29 қыркүйегінде мемлекеттік қорғаныс комитетіне хат жолдап, өнер көрсетуден жинаған 100 мың сомын қорғаныс қорына тапсыруға ниетті екенін жазады. Қажымұқанның хатына келген жауапта: “Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, “Ақтөбе” колхозы, Қажымұқанға: “Қызыл Армияның әуе күштеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін менің сәлемдемемді, алғысымды қабыл алыңыз, жолдас Қажымұқан. Тілегіңіз орындалатын болды. И.Сталин”, – делінген.
Сөйтіп, балуанның жинаған қаржысына өзі жас кезінде бірінші кәсіби күресін бастаған Қазан қаласында ұшақ жасалады. Бұл ұшақ 1945 жылдың бас кезінде 1-ші Белорусь майданындағы 284-ші авиация 701-ші түнгі бомбардировщиктер авиаполкінің құрамында шайқасып жүрген қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаевқа табыс етіледі. Ол бұл ұшақпен 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындайды. Ақырында, әскери әуе күштерінің басқа да машиналарымен бірге 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысады. Ал сол ұшақтың ұшқышы Қажытай Шалабаев соғыстан оралған соң Қажымұқан ағасымен кездеседі.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.