Жалғыздық кімге жарасқан, әсіресе, кәрілік есік қаққанда жолдас, сырлас керек екен. Соны жаңа түсініп отырмын. Атасы барда өте бақытты едiм. Әңгімелесіп отырушы едiк…
Балалар өсіп, өз жолдарын тауып кетті. Қазір бұрынғыдай отырса ғой, деймін. Атасы деп отырғаным – марқұм жолдасым Мейраш Әбiлкәрiмұлы. Азан шақырып қойған шын аты – Мейрам. Мейраш деп анасы – Әзира Әлсейітқызы атап кетіпті. Ал немерелер дүниеге келгенде, мен оған “атасы” деп ат қойдым. Ол кiсi Ыбыраев ауылында 40 жыл ұстаз болса, мен 40 жыл фельдшер болдым. Екеуміз 55 жыл бірге өмiр сүрдік.
Қартайған шағында әңгімешіл болып кетіп еді. Өтетінін біліп жүрді ме екен, бірақ мен сезбедiм ғой. Елді аштық жайлаған жылдарды, киімі дұрыс болмағанын, бала болып ойнап-күлмегенін жиі еске алатын. “Сенің фельдшерлігің жақсы болды ғой: уколымды, системамды, дәрімдi уақытында бересiң”, – деп бастап, әңгімеге үйіріп әкететін. Көзіне көрінбесем, мені іздеп жүруші едi.
Мейраш әкесi – Әбiлкәрiм Омбыда шойын жолда жұмысшы болып қызмет iстеп жүргенде дүниеге келіпті. Шешемнің айтуы бойынша, 1936 жыл болу керек. Жеке құжатында, туған күні 1938 жылдың мамыры 3-і деп жазылған. Кейiн мектепте ұстаз болып жүрген кезінде ауданнан құжат тексеруге адамдар келiп, күні мен айын ауыстырып 3 мамырды 5 наурыз деп жазып жiберiптi. Сөйтіп, көзі тiрiсiнде туған күнін екі рет тойлап жүрдік.
Мейраш үш жаста болғанда Әзира шешеміз бес баламен жесір қалады. Өйткені бір түні Әбiлкәрiмдi байдың баласы деп алып кетедi. Өзінің балалық шағын атасы былай деп еске алушы еді: “Мектептің бірінші сыныбын он жастан асқанда бiтiрдiм. Герольд Бельгер екеумізді қолымыздан жетелеп мектепке апарған әпкем – Күлшара Қасымқызы еді. Тұрмыстың нашарлығынан, 4-10 сыныптарда Ленин орта мектебiнiң жанындағы интернатта тұрдым. Ол кезде интернатқа 4-сыныпта оқитындарды алмайтын. Мектеп директоры Шияп Садықов аудан басшыларымен келісіп, 5-сынып оқушыларымен бірге тұрдым. Интернатта сол уақытта 180 оқушы тұрдық.
Мектепте оқыған жылдары, үйге, жазғы демалысқа келгендегі оқиғалар жолдасымның есінде жақсы сақталыпты. Бірде қасқыр көргенін айтты. Ондай жағдай қалай есінде қалмасын? “Интернатта оқып жүргенде, жазғы демалыста интернатқа 500 текше метр отын дайындауға баратынбыз. Бозат деген ауылдан 24 шақырым жерде бір орманшы тұрды. Бiз, 3-4 оқушы, Кәрім Құсайнов – басшы, тағы Ахмет деген шал – бәріміз отын дайындайтын болдық. Одан бiр күн бұрын Шияп Садықұлы: “Сен осылармен бiрге барасың, бұлар демалғанда өгіздерiн бағасың. Ал өгіздi қасқырға жегiзiп алсаң төлейсің”, – деген болатын. Не дерiмдi бiлмедiм деген ойға батып.
1954 жылы алғаш комсомолға өткені де қызық естелік. Ол кезде іріктеу деген күшті болатын. Елеуiштен өткізгендей, жан-жақты тексеріп әрі жарғыны жақсы білетіндерге ғана сенім көрсететін. “Марьевкада Ақжан Базарбаев деген кісі аудандық комсомол комитетінің хатшысы болды. Сынақтан өтіп, билет алуға бардық. Әйтеуір, абырой болғанда, бiзден барған комсомолға өтушiлердің бәрi билет алды. Сонда Ақжан Базарбаев маған: “Сен комсомол мүшесісің әрі класта басқарушысың, сен тың игерушiлердi қарсы алатын бол! Мәдениет бөлмесін безендіру жұмысына қатыс!” – деген еді.
Бұл сөзді мектеп директоры естіп қалса керек. Шияп Садықов ауылға келген соң, комсомол қатарына қабылдануымызбен құттықтап, маған: “Сен дала қосын көркейтуге және кітапхананы ұйымдастыруға басшы боласың,” – деді. Мен үшін күрделі жұмыс болса да қарсылық білдірмедім. Интернатта да бiр кездейсоқ жағдай болса, мен жауап беретін едім. Не дегенмен тапсырма орындалды”, – деп бөліскен атасы.
Мейраш Шияп Садықұлын аузынан тастамаушы еді. Мектептi бiтiрiп, ауылдан кеткенде, Шияп Садықұлы мектеп директоры болса, қайтып келгенде қызметі төмендеп қатардағы мұғалім ретінде математика пәнінен сабақ беріп жүр екен. Ұстазы жайлы тағы бір естелігі мынадай: “Бірде ұстазым Шияп Садықұлы: “Аллаһ акбар” деген не? – деп сұрақ қойды. Ол кезде мұғалімдер ауызашар жасамайды, ораза ұстамайды, аят оқымайды. Мен оның сұрағына “бiлмеймiн” деп жауап бердім. Ол кiсi маған: “Бұл сөз Aлла ұлық! дегенді білдіреді” деді, өзiнiң Құран Кәрімдi оқып бітіргенін, бірақ еш жерде аят оқымағанын айтты.
Мектепте оқыған жылдар ыстық әрі ерекше ғой. Мейраш сол жылдары алдын көрген әр ұстазына құрмет білдіріп отырушы еді. Алғаш әліппені қолына ұстатқан Күлшара Қасымқызына, математика пәнінің – мұғалімдері Ахметжан Калиахметұлы мен Ғазез Жахинге, тарихтан сабақ берген Жанғали Құсайыновқа жан теңгермейтін. Сол сияқты қазақ тілінен Мысалим тәтей, Жылгелді Мұқанұлы, Жанатай Бимендин, Ермұқан Сейдахметұлы, Шалбай Смағұлұлы, Зура Тлембаева, Досбол Досатаев, Зейкеш Уәлиев, Мария Петровна, Ольга Устиновна, Қайрош Қосқанов сынды мұғалімдер өзінің терең білім алуына жол ашқанын айтып отыратын.
Мейраш Петропавл педагогикалық институтында да жақсы оқыды. Ұстаздық жолын Ленин ауылындағы орта мектепте бастап, физикадан сабақ берді. Ол кездері мұғалімдер шаруашылық өміріне де белсене араласатын. Атап айтқанда, олар үй салуға, мектепке отын дайындауға, картоп жинауға көмектесті. Қыз-келіншектер қызылша жинауға барса, ер-аза-маттар көктемгі егіс уақытында тракторға, күзде комбайнға отырды. Олар уақытпен санасуды білмейтін. Осылай Мейраш физика кабинетін өз қолымен жабдықтады. Талай комиссияның тексерісінен өтті, республикалық, облыстық, аудандық семинарларға қатысып, әріптестерін өзінің сабақ беру әдiстерiмен таныстырды. Сан мәрте грамоталармен марапатталды. Орал қаласында өткен республикалық семинардан да көтеріңкі көңіл күймен оралғаны есімде. Алғашында құлшына қоймап еді, мектеп директоры “семинарға баруыңыз керек, облыс, аудан намысын қорғайсыз” деген соң бір ай дайындалды. Еңбегі еш кеткен жоқ. Облыстардан жиналған бірінші дәрежелі үздік мұғалімдердің арасында топ жарды.
Ол (Ленин) қазіргі Мәркен Ахметбеков атындағы мектепте отыз төрт жыл еңбек етті. Өз мамандығына адалдығымен, шыншылдық, принципшілдігімен ерекшеленді. Педагогикалық қызметте көбінесе жаңа әдістемелерді игеріп, соның қорытындыларын аудандық мұғалімдер кеңесінде, мектепаралық жиындарда қорғайтын. Аудандық, облыстық оқу орындары шығарған жаңа оқулықтарды балалар қалай игеретінін тексеру, зерттеу жұмыстарымен де айналысты. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Мейрам Әбілкәрімұлы 1996 жылы Қазақстан Республикасының “Озық мұғалімі” белгісімен, 1997 жылы Қазақстан Республикасының “Білім беру ісінің үздігі” белгісімен марапатталды. 1988 жылы “Аға мұғалім” атағын алған еді. 1989 жылы Н.Крупская атындағы КСРО ғылым академиясы тағайындаған сыйлыққа ие болды. 1984 жылы “Еңбек ардагері” медалін өңіріне қадады. Оның өнегесі өзі тәрбиелеген жүздеген шәкірттерімен жалғасып, есімі ұмытылмайтынына сенеміз.
Алтын СӘДУАҚАСОВА.
Шал ақын ауданы.