Облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған “Менің тұғырлы елім!” атты көрме өтті. Көрмеге мемлекетіміздің қалыптасу және даму жолын баяндайтын 36 фотосурет пен құнды жәдігерлер қойылды.
Фотосуреттер – Тәуелсіздікті жариялау, Қазақстан Республикасының Қарулы күштері, астананың ауысуы, ішкі саясат, сыртқы саясат, халықаралық іс-шаралар, Қазақстанның мәдениет саласындағы жетістіктері, спорттағы жетістіктер, отбасы және неке институты, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстан табиғаты сияқты 12 тақырыпқа топтастырылған. Жәдігерлер қатарында “Қазақ елі” монументі, “Мәңгілік Ел” салтанатты аркасы, бейбітшілік пен келісім сарайы, Ақорда, Хан-Шатыр сауда ойын-сауық кешендерінің кішігірім архитектуралық нысандары бар. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы заңы, Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы жарлықтардың көшірмелері, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары мен басқа да авторлардың Елбасы және республиканың жетістіктері туралы жазған еңбектері ұсынылды. Сондай-ақ Қазақстанның 30 жылдағы даму жолы, елорданың әсем ғимараттары және еліміздің табиғаты туралы фильмдер көрсетілді.
Өңір тұрғындары Тәуелсіздігіміздің тарихына терең бойлап, еліміздің жетістіктері жайында тың ақпарат алды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.