Теледидар, газет-журналдар, радио мен түрлі ақпарат агенттіктері арқылы барша өңір жұртшылығына хабар тарататын тілшілер қауымы дәстүрлі облыстық спартакиадада бас қосты. Жылына бір рет келетін журналистердің кәсіби мерекесінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері өз араларынан жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарды анықтады.
Былтыр пандемияға байланысты карантиндік шектеулер салдарынан турнир ұйымдастырылған жоқ. Биыл орайы туып, Петропавлда журналистер арасындағы аламан дода “Қарасай” стадионында өтті. Осы жолы жарыс жолына төрт команда, атап айтқанда, “Меншікті тілшілер”, “Qyzyljar” телеарнасы, облыстық ішкі саясат басқармасы мамандарынан құралған және “Soltüstık Qazaqstan” қоғамдық-саяси газетінің ұжымы шықты. Сайыс тартысқа толы болды.
Облыс журналистері алты спорт түрінен сынға түсті. Волейболдан бірінші орын “Меншікті тілшілер” командасына, екінші орын тарихы бір ғасырдан асқан “Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжымына бұйырды. Үздік үштікті облыстық ішкі саясат басқармасы түйіндеді. Ал үстел теннисінде кілең мықтылар жиналды. Бұл сайыста меншікті тілшілер жеңімпаз атанса, газетіміздің қызметкерлері күміс медаль еншіледі. Ал қола облыстық телеарнаға бұйырды.
Шахматта да ұжымымыздың белді мүшесі Өмір Есқалидың ұшқыр ойы мен зияткерлік қабілетінің арқасында газетіміз үшінші орынды жеңіп алды. Бас жүлде меншікті тілшілердің қоржынына түссе, күміс медаль ішкі саясат басқармасынының қанжығасына байланды.
Жеңіл атлетикадағы эстафета сайысында ішкі саясат басқармасы – алтын, облыстық телеарна – күміс, ұжымымыз қола жүлдегер атанды. Шағын футболдан өткен 4 кездесу де тартысқа толы болды. Үшінші орын үшін бақ таласқан өңірдегі қазақ тіліндегі жалғыз газет 2:1 есебімен басқарма мамандарынан басым түсті. Ақтық сында “Qyzyljar” журналистері меншікті тілшілердің қақпасына жауапсыз 3 гол салып, жеңімпаз атанды.
Жарыстың бағдарламасында ұлттық спорт түрі – арқан тартудан да жүлдегерлер анықталды. Бірінші тұғырға – “Меншікті тілшілер”, екінші сатыға “Soltüstık Qazaqstan” газеті көтерілді. БАҚ спартакиадасының жалпыкомандалық есебінде “Хабар”, “Хабар24”, “Қазақстан” мен “Астана” арналарының өңіріміздегі меншікті тілшілерінен құралған команда топ жарды. Ал біздің ұжым күміс медальға қол жеткізсе, ішкі саясат басқармасы қола жүлдегер атанды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.