“Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасында жұмыс күші тапшы өңірлердегі сұранысты қанағаттандыру, өңірлік демографиялық теңгерімсіздіктерді жою, еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру секілді өте өзекті мәселелерді кешенді түрде шешу жолдары қарастырылған. Адамдардың ерікті түрде қоныс аударуының мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында Жамбыл аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы жүйелі іс-шаралар атқарып келеді. Мәселен, жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударғысы келетіндер арасында тұрақты негізде үгіт және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Нәтижесінде соңғы төрт жылда 142 отбасы немесе 505 адам көшіп келіп, түпкілікті орнықты. Оларға өтемақы төленіп, тұрғын үйді жалдау бойынша шығындары өтелді. Жаңа үйлерге қоныстанды. Шағын несиелер мен гранттар беру, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау түрінде қолдаулар көрсетіліп, қайта даярлау курстарына жіберілді. Ауданға негізінен мал шаруашылығымен айналысқысы келетін отбасылардың көптеп келіп жатқаны қуантады.
Ауданға ат басын тірегендер арасында еңбекке қабілетті жастағы адамдардың саны 239 болса, солардың 131-і тұрақты жұмыс тапты. 55 адам өз кәсібін ашты. 2019 жылы көшіп келген 52 отбасы үшін 13 млн. теңге тұрғын үйді жалға алуға төленсе, “Бектас”, “Ерсінбекқызы”, “Тажиметова” жеке кәсіпкерліктері 19 адамға 21 млн. 588,8 мың теңге қаржылай көмек көрсетті.
Былтыр 33 отбасын қоныстандыру жоспарланып, бұл көрсеткіш асыра орындалды. Биыл квота аясында 43 шаңырақты көшіріп алу көзделген. Бүгінге дейін көшіп келгені – 18 отбасы. Оларға тұрғын үйлерді жалдауға республикалық бюджеттен 15 млн. 752 мың теңге берілді. Түгелдей жаңа баспаналарға қоныстандырылды.
Мемлекеттен біржолғы демеуқаржы берілсе, жергілікті әкімдіктер тарапынан да нақты көмектер жасалады. Дәрігер, мұғалім, құрылысшы механизатор секілді сұранысқа ие мамандар келсе тіпті жақсы.
Самал КАРИЕВА,
жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы.
Жамбыл ауданы.