Солтүстік Қазақстан облысында «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында 300-ден астам студент шілде-тамыз айларында орман шаруашылықтарында еңбек етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, студенттiк жасақтар 3 бағыт бойынша еңбек етеді: олар қаладағы құрылыс алаңдарына, елдi мекендердi абаттандыру мен көгалдандыруға және орман шаруашылықтарына тартылады.
«Жасыл Ел» жасағының сарбаздары жұмыс орындарында өздерiнiң еңбекқорлығын, жауапкершiлiгiн, адалдығын, бастамашылдығын көрсеттi. Олар орман шаруашылықтарында талдарды күтеді, орман питомнигiнде көшеттердi өсiріп, отап, орман ішін тазалайды.
Карантинге байланысты жұмыс жағдайлары аздап өзгердi. Санитарлық нормалар мен қауiпсiздiктi сақтау үшiн жастарға бiр жерге жиналуға рұқсат етiлмейдi және барлығы бетперде мен қолғап киедi. Әрбiр жауынгердiң қауiпсiздiк талаптарын сақтауы туралы ескертілді», – дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы Сәуле Сүлейменова.
«Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жұмыс істейтін жастар бейсболка, футболка, спорттық киiммен жабдықталады. Биыл 323 студентті 12 мемлекеттік орман шаруашылығы қабылдамақ. Мұнда сарбаздардың атқаратын жұмысы белгіленді.
«Жұмыс берушiлерге де, жастарға да «Жасыл Ел» бағдарламасы пайдалы. Студенттер жазғы демалысты ұтымды пайдаланып, алған бiлiмдерiн, дағдыларын өндiрiсте қолдануға үйренеді. Мамандар жастарды командада жұмыс iстей бiлуге, жұмыс процесiнде бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасауға бағдарлайды. Әрі еңбекақы табады», – дейді Сәуле Сүлейменова.
«Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылы Тұңғыш Президенттің бастамасымен қолға алынды. Студенттік жастар жасақтары биыл 17 маусымды ашып, шілде-тамыз айларында жұмыс істемек.
https://www.inform.kz/