Ең көне спорт түрлерінің бірі – қазақ күресі. Кең байтақ жерімізді сыртқы жаудан қорғауда қазақ батырларының жауынгерлік өнерді терең меңгергендіктері туралы бүгінде көп айтылып, жазылып жүр. Әрине, батыр бабаларымыздың жауынгерлік өнері жас ұрпаққа өнеге болса игі. Күрес дегенде бірден ойымызға Қажымұқан атамыздан бастап, Әбілсейіт Айқанов, Амангелді Ғапсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұлов, Жақсыжол Көрпебаевты және басқа қазақтың апайтөс балуандарын бірден еске аларымыз анық.
Осы балуандардың көбі ауылдан шыққан. Ауылда таланттар жетеді ғой. “Бұлақ көрсе, көзін ашып” жүрген спортқа жаны ашитын азаматтарымыз да аз емес. Олар өз халінше “қанатымен су сепкен қарлығаштай” қолынан келгенін істеуде. Атап айтсақ, ағайынды Бақыт пен Бейбіт Сағындықовтар, Қуанышбек Есімов, Қанат Кудияров әз-Наурыз мерекесі қарсаңында мектебімізге демеушілік көрсетіп, күрес жаттығуларына қажет арнайы кілемдерді сыйлыққа тартты. Содан бері аз уақыттың ішінде оқушыларымыз жаттығып, Уәлиханов ауданының құрметті азаматы, қазақ күресінен спорт шебері Сансызбай Мұхамедрахымұлы Қалиевтің 80-жылдығына орай жасөспірімдер арасында еркін күрестен өткізілген ашық турнирге қатысты. Бұл додадан талапты оқушыларымыз жүлдесіз қайтқан жоқ. 30 және 32 килограмм салмақ дәрежелерінде Ерасыл Бейбіт пен Ильнур Идиятов үздік үштікті түйіндеді. 38 килограмм салмақта Айдын Сарманов, 55 килограмм салмақта Расул Айтмукушев екінші орынды иеленді.
Ғалия ОМАРОВА,
Озерный орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Уәлиханов ауданы.