Белгілі ақын Қасым Аманжолов “Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің, нендей күйге жүрегімді бөледің”, – деп жырлаған қазақ жері – менің де қасиетті мекенім. Ата жұрт – мағынасы аса кең ұғым. Ол – бақытымыздың тұрағы. Біздің халқымызда туған жерді қасиет тұту – қанымызға сіңген мінез. Бұл таным жанымызға ана сүтімен тарап, ана тілімізбен дарыған.
Туған жеріміздегі жайнаған гүлдер, жайқалған шалғындар, жасыл ормандар, сылдыраған бұлақтар, керіліп жатқан кең дала, жарық ай, жарқыраған жұлдыздар, мөлдір аспан мен күлімдеген күн – бәрі-бәрі бізге қымбат. Осындай тамаша жерде өмір сүріп, білім алу – мен үшін үлкен бақыт!
Мен шетелде тудым. Көзімді ашқанда көргенім басқа жер болды. Бірақ тілім, дінім, салт-дәстүрімді сақтап, қазақ екенімді ұмытпадым. Адам туылып, ержететін жерін өзі таңдамайды екен. Мен жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның Отаны – Моңғолия мемлекетінде дүниеге келдім. Табиғаты әсем, тауы аспанмен таласқан туған өлкем – Баян-Өлгей аймағы. Моңғолия қазақтарының 95 пайызы шоғырланған бұл өлке – салтқа бекем, дінді жүрекке бекіткен, қазақ тілін таңдайында сақтаған қандастардың мекені. Мен де кішкентай кезімнен салт-дәстүрді, қазақылықты бойыма сіңіріп өстім. Менің балалық шағымның куәсі Моңғолия болса, табан тірейтін жерім, жарқын болашағым – атамекенім Қазақстан деп айтар едім. Қазір мен Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде журналистика кафедрасында оқимын. Мұнда өзге елдерден келген қандастарымыз көп. Бәріміз де атақоныста білім алып жатқанымызға қуаныштымыз.
Болашақ ұрпақ үшін ата-бабамыз ақ білегінің күшімен, ақ найзасының ұшымен қорғаған қазақ жерінде өмір сүру мен үшін үлкен бақыт. Қазақтың болашағын жалғаушы ұрпақ ретінде ата-бабамыздан аманат болып қалған жерді бағалау, құрметтеу, қорғау – парызымыз. Атақты қолбасшы Шыңғыс ханның: “Өзімнен күш қуат кетсе де, ақыл-ойдан адастырмасын, бүтін денем жараланса да, тұтас елім бөлінбесін”, – деп айтуынан Отанға деген махаббатын айқын көруге болады. “Мен қазақпын!” деп айту үшін отансүйгіштік рух болуы керек. Киелі Қазақ елі нығаюы үшін азаматтарының әрқайсысы шама-шарқынша елі үшін еңбектенуі тиіс. Атажұртқа оралған әрбір қыз-жігіт “Мен – қазақпын!” деп зор мақтанышпен айта алады.
Айнұр АЗБЕК,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенті.