Солтүстік Қазақстан облысында биыл карантин талабын бұзғандарға жалпы сомасы 38 млн 434 мың теңгенің 527 айыппұлы салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні облыс бойынша 23 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олардың мақсаты шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді сақтау бойынша талаптарды бұзуға жол бермеу, алдын алу және карантин талабын бұзу фактілерін анықтау.
«1 қаңтар мен 23 маусым аралығында Петропавл мен облыстың 13 ауданында мониторингтік топтар 2285 рейд жүргізді, 16159 объекті тексерілді, оның ішінде карантин талабын бұзудың 523 дерегі анықталды. Жеке тұлғалар маска тағу режимін бұзған, бұқаралық іс-шараларды өткізіп, дезинфекция жүргізбеген.
Келушілерге бетпердесіз қызмет көрсетіп, объектілердің жұмыс істеу режимін бұзған», – дейді СҚО СЭБД техникалық регламенттердің талаптарын бақылау бөлімінің басшысы Данияр Оспанов.
Бұдан басқа аумақтық полиция басқармаларына және үйлестіру орталықтарына келіп түскен шұғыл хабарлама бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 34 тексеру жүргізілген.
«Карантиндік және шектеу режимін және санитариялық қағидалардың талаптарын бұзғаны үшін 554 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды, жалпы сомасы 38 млн 434 мың теңге болатын 527 айыппұл салынды.
Оның ішінде, лауазымды тұлғаларға қатысты – 2, заңды тұлғаларға қатысты – 5, жеке кәсіпкерлерге қатысты – 24, жеке тұлғаларға қатысты – 496 хаттама толтырылды. 14 материал сотқа жолданды, 13 әкімшілік материал құқық бұзушылықтың елеусіз болуына байланысты тоқтатылды», – дейді Данияр Оспанов.
https://www.inform.kz/