Қазір өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарында зейнет жасындағы адамдар көп. Демек агроөнеркәсіптік кешенде жас мамандар жетіспеушілігі туындауы мүмкін деген сөз. Сондықтан ауыл шаруашылығы өндірісіне қажет сапалы біліммен қаруланған мамандарды даярлау – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін міндеті болып қала береді.
Қазіргі уақытта М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің агротехнологиялық факультеті бакалавриаттың алты бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Атап айтқанда, студенттер “Агрономия”, “Орман ресурстары және орман шаруашылығы”, “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы”, “Азық-түлік өнімдерінің технологиясы”, “Биотехнология”, “Өсімдіктерді қорғау және карантин” мамандықтары бойынша оқытылады. “Биотехнология”, “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы”, “Агрономия” секілді үш білім беру бағдарламасы бойынша магистратура бар. Агротехнологиялық факультеттің ұжымы тәжірибесі бар оқытушылардан тұрады, оның ішінде екеуі – еліміздің ауыл шаруашылығы ардагері, біреуі – Қазақстан Республикасы құс шаруашылығының құрметті қызметкері. “Азық-түлік қауіпсіздігі” кафедрасының аға оқытушысы Ақан Жүнісов Бескөл үйректері тұқымы және екі тізбекті ақ үйректер авторларының бірі. “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының білім беру бағдарламаларының тәуелсіз рейтингісінің нәтижесінде “Агрономия”, “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы”, “Орман ресурстары және орман шаруашылығы” сияқты білім беру бағдарламалары бойынша университетіміз еліміздің жоғары оқу орындары арасында алғашқы үштікте тұр.
Агротехнологиялық факультет кафедраларының жұмысы өндіріспен тікелей байланысты. Біздің облыстың ірі ғылыми-өндірістік құрылымдарында факультетіміздің филиалдары бар. Олардың арасынан “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты”, “Бескөл құс фабрикасы”, “Алабота” асыл тұқымды мал зауыты”, “Петропавл бройлер фабрикасы”, “Петерфельд-Агро”, “Аби-Жер”, “Агролаб”, “Казмясопродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін атап өтуге болады.
Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен, Ресей, Қытай, Польша, Беларусь, Израиль және тағы басқа елдермен ғылыми-педагогикалық байланыстамыз. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Солтүстік Орал мемлекеттік аграрлық университеті (Түмен), Арктика мемлекеттік агротехнологиялық университеті (Саха Республикасы, Якутия), П.А.Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті (Қытай) бар.
Дмитрий ИЛЬ,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің “Азық-түлік қауіпсіздігі” кафедрасының меңгерушісі.