Солтүстік Қазақстан облысында екі жігіт Есіл өзеніне батып бара жатқан ер адамды алып шығып, өміріне араша түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 27 маусым күні Қызылжар ауданының Новоникольское елді мекенінде болған. Есіл өзеніне суға шомылуға барған 50 жастағы тұрғын суға батып кеткен. Оны сол маңда жүрген екі жігіт байқап қалады.
«Ер адам сүңгігендей болды, бірақ су бетіне шықпады. Бірден көмекке ұмтылдық. Оны бірінші болып Евгений тапты. Екеулеп жағаға сүйреп шығардық. Ер адамда тіршілік белгісі болмады, көгере бастады. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жасанды дем алғыздық», – дейді Новоникольское елді мекенінің тұрғыны Денис Алецкий.
Жігіттердің қасында болған бойжеткен де уақыт оздырмай «112» қызметіне хабарласып, болған жайтты айтқан. Құтқарушылар ауылдық округ әкіміне байланысып, ол өз кезегінде оқиға орнына жедел жәрдем қызметін жіберді.
Медицина қызметкерлері зардап шегушіні қарап, облыстық ауруханаға жеткізді. Қазір ер адамның жағдайы қалыпты, ем алып жатыр.
Ал оның құтқарушылары Новоникольское ауылының 37 жастағы тұрғыны Денис Алецкий мен Большая Малышка елді мекенінің 31 жастағы тұрғыны Евгений Осиповке бастарын қатерге тігіп, суға кеткен ер адамды алып шыққандары үшін СҚО ТЖД алғыс білдірді.
https://www.inform.kz/