Солтүстік Қазақстан облысындағы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта бір отбасының үш мүшесін пышақтаған ер адамға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үш туысын пышақтаған Бекболат Ғабдуллинге «Өлтіру» және «Өмірге қастандық жасау» баптары бойынша айып тағылған.
Қайғылы жағдай биыл наурыз айында Петропавлда болған еді. Туыстарына келген 30 жастағы Алматы тұрғыны Бекболат Ғабдуллин арақтың буына елітіп, отбасының үш мүшесін пышақтап тастады. Үшеуі де ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер екеуінің өміріне араша түсе алмады.
48 жастағы әйел ота жасау барысында қайтыс болды. 89 жастағы кейуана да ауруханада тілге келместен көз жұмды. Оның 28 жастағы немересі, қайтыс болған әйелдің баласы түрлі пышақ жарақатын алды.
Үйде сол күні жігіттің әйелі мен қарындасы болған. Олар аман қалды.
https://www.inform.kz/