Биыл Тәуелсіздік таңы атқанына 30 жыл. Еліміз азаттық алған кезде туған бала да қазір орда бұзар жасқа келді. Полиция аға лейтенанты Бахтияр Шерязданов – егемендіктің құрдасы. Криминалистика саласын таңдаған ол өз кәсібінің шебері екенін ісімен дәлелдеп жүр.
Құқық қорғау органдарындағы жұмысы жүргізушіліктен басталды, жедел-тергеу тобын оқиға орнына апарып жүріп, қызметкерлердің іс-әрекетін бақылады. Кейін өзі де жедел-тергеу тобының құрамында жедел уәкіл болып жұмыс істеді. Криминалистің тынымсыз жұмысы Бахтиярды ерекше қызықтырды. Сондықтан ол 2018 жылы Петропавл қалалық полиция басқармасы жедел-криминалистикалық бөліміне қызметке орналасты.
– Жұмыс барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Қылмыскердің оқиға орнында қалдырған іздерін бір қарап анықтау мүмкін емес. Саусақ іздері туралы көбі біледі. Алайда аяқ киім іздерінің сан алуан ерекшеліктері, биологиялық материалды алуға қолданылатын түрлі тәсілдер туралы менің өзім осында жүріп үйрендім, – дейді ол.
Бахтияр Шеряздановтың алғашқы ұстазы – криминалистикада ширек ғасыр жұмыс істеген ең тәжірибелі мамандардың бірі, полиция подполковнигі Игорь Чусовитин. Кейін практикалық білімін аталмыш басқармадағы жедел-криминалистикалық бөлімнің бастығы, полиция майоры Тимур Әбділмановтан толықтырды.
Үстелінде жатқан пышақтардың ішінде асүйде қолданылатындары көп. Шаруашылық-тұрмыстық мақсатта пайдаланылатындықтан оларды қару деу қиын. Алайда бұл пышақтар ішімдік ішуден туындайтын жанжалдар кезінде қылмыс құралына айналып шыға келеді. “Қылмыс орнында барынша дәлелдер жинау қажет. Қылмыскер сияқты ойлануға тура келеді. Мәселен, бірде ұры жер үйге терезені бұзып кірген. Оқиға орнын қараған кезде әйнектің сынықтары жерде шашылып жатпағанын, жинастырылып қойғанын байқадым. Яғни қылмыскер барынша сақ әрекет етуге тырысқан. Алайда терезенің сынықтарында саусақ іздері қалатынын ойламаған екен. “Папилон” автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйесі арқылы көптеген саусақ іздері анықталды”, – дейді криминалист.
Криминалистердің жұмысының нәтижелері әдетте тергеуде және сотта көрінеді, кейде күдіктілерді анықтауға да септігін тигізеді. Бахтияр бұндай жағдайларда ерекше қуанады, себебі бұл – ұйқысыз өткен кезекшіліктердің, оқиға орындарындағы жұмыстың, зертханалардағы тынымсыз еңбектің жемісі деп біледі.
– Мен еліміз Тәуелсіз атанған жылы дүниеге келдім. Қоғамда тыныштықты сақтау, қылмыскерлерді ұстау үшін барымды саламын. Бұл жұмыс шынымен де қиын. Төзімділік болмаса, істей алмайсың. Мен өзімнің кәсіп таңдаудан жаңылмағаныма қуаныштымын, – дейді ол.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.