Кеше ғана арамызда ойнап-күліп жүрген, бүгінде ордалы орны ойсырап тұрған асыл дос, айнымас жолдас, арқалы ақын, ойы алымды, қаламы қарымды журналист, шебер аудармашы, бір сөзбен айтқанда, “сегіз қырлы, бір сырлы” азамат Зекең – Зейнолла Әкімжанов әріптесіміз жайлы өткен шақпен сөйлеу, ой толғау, іштегі шерді ақтару өте ауыр. Дегенмен, “жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді” демекші, артына өшпес із, өлмес мұра қалдырғаны – медеу.
Көңілімнің боздады бозінгені,
Ешкім бірақ мұңыма көз ілмеді.
Түн баласы түсіме кіріп жүрсің,
Қайран муза, жебеші өзің мені! –
деп, шалқар шығармашылық, қуатты қалам иесі ақтарыла жырлағандай, ол поэзияны өлермендік емес, киелі өнер деп ұқты. Құдай да сүйікті пендесіне несібесін аямай береді деген сөз бар. Табиғи талантымен оқырмандарын тамсандырар, сүттей ұйытар небір кестелі жырлар, шымыр шумақтар бұлақ болып бұлқынып, ақтарыла құйылды. Жастайынан Мағжанның лирикасына шөліркеп өскен Зейнолла бейкүнә сәбиге ұқсап айға қарай ұмтылып, құлаш ұрды. Биікке самғады. Ғафу Қайырбеков, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали секілді ел ағаларының көрсеткен сенімдері мен берген ақ баталары шабытына шабыт қосып, өлең өлкесінде жасындай жарқырай көрінді. Оның қаламынан “Кебек батыр”, “Бөгенбай батырдың қызыл аты”, “Кенесарының соңғы әні”, “Сегіз сері”, “Анамның арашасы” сияқты кесек туындылар, қара сөзбен жазылған “Шебер” поэмасы туды. Аудармаларының өзі неге тұрады? Екінің бірінің тісі бата бермейтін Сергей Есенинді, Николай Гумилевті, Марина Цветаеваны тәржімалады. Қазақстанның халық жазушысы Сафекең – Сафуан Шаймерденов соңынан ерген інісінің шыққан биігіне қуанып, жылы лебізін білдіріп, жүрек сырын ақтарды. “Сенің бойыңдағы адалдығың, әділдігің, шыншылдығың жырларыңнан жаздай жарқырап, дарыныңды айғақтап тұратынына ана бір жылы қолыма тиген “Жерұйық” атты жинағыңнан көзім жеткен. Сезім мен шабыт шалқытқан жырларыңа ғұмырлық бақыт тілеймін”, – деп жазды.
Зекеңнің айшықты қолтаңбасы, өзіндік жазу мәнері “Жерұйық”, “Мизамшуақ” жыр кітаптарында айқын байқалады. Сөздің киесін, қасиетін жүрек лүпілімен сезіне отырып, ойын көркем кестелейді. Төгіле жырлайды, оқырманын бейжай қалдырмайды. Оған “Қызара батқан күн қандай”, “Ұқсайды аспан тозған кездемеге”, “Мың жылдық жара”, “Беу, менің Күншығысым”, тағы басқа өлеңдері дәлел. Айтулы азаматтың айтыстың ақберені, арқалы айтыскер атанып, талай додаларда, сондай-ақ мүшайраларда топ жарғанын, ал өткір мәселелерді өзек еткен публицистикалық шығармаларында ұлттық рух, қазақы намыс, ана тіліміздің тағдыры басты тақырып болғанын айта кеткен жөн. “Абылайдың ақ үйі” мақаласында үлкен мәдени орталықтардан шалғай, тысқары жерлерде орналасқан мұражайлардың сиқы қашып тұрғанын айта келіп, облыс орталығында орталықтандырылған ұлттық бірлестік құру, бұл салада ғылыми жұмыстармен айналысатын, ғылыми дәреже иеленген тарихшы мамандардың тапшылығы, экспонаттардың жұтаңдығы жайлы байыпты байлам жасайды. Бұл мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ. “Ұлы бабаның бейнесі” пулицистикалық туындысынан Зекеңнің қайраткерлік тұлғасының бір қырын тануға болады. 2001 жылы дауылпаз жырау Қожаберген Толыбайұлының екі жылдан соң атап өтілетін 340 жылдық мерейтойы қарсаңында бабамыздың портретін салу ауқымды шаралардың бірі ретінде қарастырылады. “Бір күні “Қазақ тілі” қоғамының мүшелері мен бір топ ақсақалды облыс әкімінің орынбасары, ұлтжанды азамат Қуат Есімханов жинап, жыраудың портретін салу әңгіме арқауына айналды. Ордабасының жүзі қайырымды, сонымен бірге қайсар, рухты болу керектігі талап етілгенімен, суретшілердің салған портреттері көңілден шықпады. Қылқалам шеберлері арасында ең танымал әрі беделді Анатолий Бургаевты Қуат Есімханұлы оңаша алып қалып, біраз сөйлесті… “Уақыт таяп қалды. Ең алдымен өзіңе көрсетейін деп едім. Бірнеше суреттің нобайын салдым. Бірақ көңілімнен шықпайды. Бірдеңе жетіспейтін секілді. Кеше оқыған кітабымда суретшінің тұлғаның суретін кейінгі ұрпақтарына қарап салғанын оқыдым” дегенде, есіме бабамызбен аталас ағайынды екі жігіттің фотосы бар екені сап ете түсті. Айтып едім, тезірек әкелші, деп қуанып кетті. Арада біраз уақыт өткенде салған портретін Қосыл Әбдірахманұлы екеумізге көрсетті. Қожаберген жыраудың бүгінгі портреті – сол. Портретті облыс әкімі Қ. Нағыманов құптап, Ұлттық ғылым академиясы мен Суретшілер одағы авторлық құқығын бекітіп берді. Жыраудың мерейтойы тойланған күндері Анатолий Бургаев салған портрет асқақтап тұрды. Оның негізгі нұсқасы облыстық бейнелеу өнері мұражайы қорында сақтаулы”, – деп түйіндейді автор.
Егемендігіміздің елең-алаң шағында елдің өтінде, шекараның шетінде тұрған Қызылжар өңірінде саяси күрес қызып, ел, жер жайы тайталасқа түскен сын мезетте екі тілге жүйрік әріптесіміздің азаматтық қайраткерлігіне, ұлтжанды іс-әрекеттеріне талайлар куә. “Қазақ тілі” қоғамын құру, ұлттық мектептер мен балабақшалар ашу жолындағы белсенділігі өзгелерге үлгі болды. Шындық үшін шырылдап, ақиқат үшін алысқан жанкешті қимылы талай сепаратистердің екпінін басты.
Зекеңнің бөле-жара айтатын қасиеттерінің бірі – зор энциклопедиялық білімділігі, жадының ерекше мықтылығы, жан-жақты ізденімпаздығы, мамандығына деген адалдығы. Облыстық “Ленин туы” (қазір “Soltüstık Qazaqstan”) газетінде тапжылмастан 43 жыл тынымсыз еңбек етіп, қатардағы әдеби қызметкерден редактордың орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Әріптестері оны кәсібилігі үшін құрмет тұтты.
“Көрінсе де өзгеше, тосын елге,
Артық сыр жоқ жасырар осы менде.
Ақынмын деп бағамды өсірем бе,
Тарта алмаса биіктеп көшім өрге?!
Боламын деп талпынбай ұлық кенен,
Өмірімді өзімше сүріп келем.
Беу, жан досым, ендеше сыр ұқ менен,
Жақсы екен-ау сырыңды ірікпеген”, – деген кіршіксіз көңілі жарқырап тұра берері анық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.