Оқу бітіріп ол кетті, бұйра басын сілкіп-сілкіп тастап. Біз Алматыда қала бердік оқуымызды жалғап. Мектепте істеген-істемегенін білмеймін! Қызылжарда облыстық газетте журналист болып ұзақ жыл істеді. Ақмылтық журналист атанды.
Ғабит Мүсірепов бастап Сәбит Мұқановтың 80 жылдығына Қызылжар өңіріне бардық. Делегация ылғи ығай мен сығай!
Алдымыздан Зейнолла дос шықты құшағын ашып. Көрмегелі 5 жыл. Құшағымыз айқаса кетті. Сағынысып әңгімелестік. Енді бірде Сафуан ағаның құшағына кіріп, емен-жарқын бауырмал бейілде әңгімелесіп тұрғанын көремін. Есен-саулықтан кейін “Әй, сен неге өлеңді өгейсітіп кеттің?” – деген сынын естимін. Мен қоятын сұрақты Сафуан аға тікесінен бірақ тартты. “Сіз де поэзияны тастап, прозаға ауысып жазушы болып кеткен жоқсыз ба?! Үлкен ақындық болмаған соң, оның үстіне газеттің жұмысы…” – деп ақталып жатты.
Алматыға сирек келер еді. Келсе, міндетті түрде хабарласады.
С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтың тойларында, көбіне Қызылжарда кездестік. Ақын Ғалым Малдыбаевтың қызы – Әлия бізбен курстас. Үлкен парасат иесі! Әлияның жайған дастарқанында бірге болып жүреміз! Серік шаңырағында!
Ілгеріде 6 кітаптан тұратын “Арыстар мен ағыстардың” жарыққа шыққан 4 кітабы ғайыптан тайып Мемлекеттік сыйлыққа ұсыныла қалды. Сол күндері облыстық газетке “Ту көтерген төрт туынды” атты мақала жазды, Зейнолла дос! Ризашылығым үлкен еді! Телефондасып жүрдік!
Соңғы кездесуім Сафуан аға Шаймерденовтің 90 жылдығы болар!
Сырқат екен. Полиартрит. Жүріп-тұруы қиындап қалған. Енді міне, Сайын інімнен Зейнолла достың қайтқанын естіп, жаным жүдеп отыр!
Достыққа адал, аңқылдаған азамат еді, Зейнолла!
Ажал шіркін, кімді аяған?!
Құлбек ЕРГӨБЕК,
жазушы.