Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығында кәсіби мерекеге орай бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін марапаттау шарасы өтті. Жиында сөз алған ұйымның өңірлік орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев журналистерді мерекемен құттықтап, атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтып берді. Кәсіподақ – жұмысшылардың құқығын қорғап, түрлі жеңілдіктер алуына ықпал ететін, олардың ұсыныс-тілектерін басшыларға жеткізетін ұйым. Түйткілді мәселелердің шешілуіне атсалысатын қорғаушысы десе де болады.
“Былтыр ел бойынша 4 мыңнан астам адам кәсіподақ көмегіне жүгінген екен. Әлеуметтік серіктестерімізден жұмысшыларды қысқартпауды өтіндік. Осындай әріптестіктің арқасында көптеген мәселелер оң шешіліп келеді, – деді Ерік Есімұлы. Билік пен бұқараның арасында алтын көпір бола білген бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де кәсіподақтың жұмысына көмектерін тигізуде. Салтанатты жиында олардың бір тобы түрлі марапаттарға ие болды. “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің бас есепшісі Ақбаян Игенбаева мен техникалық қызметкер Айгүл Нәлішева Құрмет грамотасын алды. Сондай-ақ өңірдегі басқа басылымдар мен телеарналардың өкілдері де марапатталды. Еңбегі еленген әріптестеріміз қоғамдық ұйым басшылығына өз алғыстарын білдірді.
Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығында 1200-ден астам бастауыш ұйым бар болса, оларға 65 мыңға жуық жерлесіміз мүше.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.