«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙІНДІ ЕДІ ЖАСЫНАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла екеуіміз 1969 жылы сол кездегі С.Киров атындағы КазГУ-дің филология факультеті­не оқуға бірге түстік. Сол жылы әйгілі Виноградов көшесіндегі 88-ші үйдегі жатахнадағы 34-ші бөлмеде жеті бала болып бірге жаттық. Еліміздің әр қиырынан келген 7 өрен осы тар бөлмеде тоғысып, бір үйдің баласындай болып бірге жүріп, бірге тұрдық. Ол кезде бір-бірімізден ру сұрау деген болмайтын.

Зекең өзінің жасынан кіші көрінетін, ойынпаз, әзілкеш, бірақ сәл нәрсеге бұртиып өкпелеп қалатын, футбол дегенде ішкен асын жерге қоятын, әлемнің ең үздік футболшыларының өмірбаянын, қай командада ойнайтынын, қанша гол салғанын, үрім-бұтақ, зәу-затын, киген киімін, ішкен тамағын жатқа білетін, аса қызулы жанкүйер, жанын салып ойнайтын футболшы, Алматы қысын елемей оқу корпусына костюммен жүгіріп бара беретін, бұйра шашын оң қолының ұшымен ширата тарап жіберіп, жазу жазғанда сөйлемін аузы жыбырлап қосыла айтып отыратын, шашын қиып, помада жаққан қыздарға көбірек тиісіп, мазақтап жүретін, шымшыма шумақтар шығарып, аудиторияда айтып, жарнама жасап тастайтын, сабаққа алғыр, әсіресе орыс тіліне келгенде мүдірмей сөйлеп, мұғаліммен жарысып отыратын, біреуге өкпелесе көпке дейін ұмыта алмайтын, бірақ түбінде кегі жоқ, көңілі шалт, жүрегі таза жігіт еді. Қатар өлең жазып жүрдік.

Өкініштісі, ол елге кеткелі арада 50 жыл өтсе де кездесіп, сырласудың, студенттік шақтың кезеңдерін бірлесе еске түсірудің сәті келмеді. Ара-тұра телефон арқылы хабарласып тұрдық. Мен елордаға қызмет бабымен көшіп келгенде телефон арқылы бірнеше рет хабарласты, облыстық газетте жауапты хатшы болып жүрген кезі екен. Бірақ астанаға жолы түсе қоймады.

2019 жылы КазГУ-ге оқуға түскенімізге 50 жыл толуына байланысты бір-бірімізбен хабарласып, бірге бітірген 47 түлектен қырық екіміз Алматы төрінде мәре-сәре болғанда Зекең ауыр сырқат болуына байланысты келе алмады. Телефон арқылы бәріміз хабарласып, сауығып кетуін тілеп, қатты алаң болдық, естеліктер кітабын шығарғанбыз, соны жіберіп, көңілін аулап бақтық. Одан кейінгі күндерде ол менімен жиі хабарласып тұрды, мен де телефон шалып, оның хабарын біліп, курстастарға жеткізіп отырдым. Бірақ оның жағдайы уақыт өткен сайын қиындап келе жатты.

Соңғы рет хабарласқанда ұзақ сөйлестік, ішіндегі арман-мұңын, өкініші мен үмітін ақтарыла айтып, жігіттердің әрқайсысына жеке-жеке мінездеме беріп, өмір жайлы, өлең жайлы, қаламгерлік тағдыр туралы іштегі шері мен шеменін жайып салып, “Өтеген-ау, саған ризамын, жазғандарыңның бәрін қалдырмай оқып жүрдім, адалдығыңа, әділдігіңе ризамын, саған бара алмадым, жолығып, сырласудың сәті түспеді, бір аяғым жерде, бір аяғым көрде жатқан жайым бар, мені ұмытып кетпеңдер, мен енді бұл дүниенің адамы емеспін, оны да біліп жатырмын, өлімнен қорқып жатқан жоқпын, елімнің болашағын ойлап, түн ұйқымды төрт бөлемін, талай нәрсені айттым, талай нәрсені жаздым, ғұмырыма өкпем жоқ, шығатын төріме шыға алмаған, баратын жеріме бара алмаған жағдайым да болды, оған да өкінбеймін, қазағым аман болсын, жас ұрпақ аман болсын” деп бақұлдасқаны ойымнан кетпейді.

Соңғы кездері көз көрген жігіттер оның өлеңдерін сайттарға беріп жүр. Қайраткер қаламгерлік тұлғасын тани түстім, ақындық айдынын көре түстім, азаматтық парасатын сезіне түстім. Ол дүниеден өткенде курстас достарға қайғыра хабарлап, отбасына, туған-туыстарына, оның шығармасын қадірлеген оқырмандарына көңіл айттым. Ажалға адвокаттық жүрмейді, дауысын естіп, тіл қатысып жүрген дос осылайша мәңгілікке сапар шегіп кете барды.

Жерлес азаматтардың Зейнолланың рухына бағыштап, еске алып жатқан игі шараларын естіп, ризашылығымды білдіремін. Сонау жас күнде бірге жүрген кейбір сәттерді еске алу жағдайында оның балаң шағына лирикалық шегініс жасауды парыз тұттым.

Ойында арман түстеніп,

Футбол жайында түс көріп.

Жүретін еді сол досым,

Жанкүйер жанға күш беріп.

 

Керейден шыққан өр еді,

Намысы әркез төр еді.

Ұлтының сөзін ұстаған,

Ұғымтал және ер еді.

 

Серілік құрса серт еді,

Өлеңі үміт, дерті еді.

Гарринча болып ойқастап,

Пеленің жайын шертеді.

 

Спорттан тауып мұратын,

Жігердің бәсін ұғатын.

Марадонадай бойы бар,

Тастао болып тұратын.

 

Римде болса доп бәйгі,

Сол жерде ойы тоқтайды.

КСРО ұтылып қалғанда,

Түкіріп жерге, боқтайды.

 

Қайрат дегенде қайрақ-ты,

Сөзінен жасын ойнатты.

Тимурды тұмар ететін,

Тегіне байрақ байлатты.

 

Шабатын ылғи тосылмай,

Аяңға мүлде қосылмай.

Байшақов сынды байсалды,

Құралбек сынды досындай.

 

Талай жыл бірге доп қудық,

Допты да арман деп білдік.

Қыздарға бірге қырындап,

Жүректі талай от қылдық.

 

Кей-кейде біздер таластық,

Келер күндерге бал аштық.

Бітірген кезде оқуды,

Жылап тұрып та тарастық.

 

Жанымыз еді сарай көк,

Тағдырлы және талайлы ек.

Ертелеу кетті Айғали,

Одан да ерте Абайбек.

 

Қызылжар еді мекені,

Жоқ еді көңіл бөтені.

Зейінді жанның өткені,

Жүректі қозғап кетеді.

 

Зейінді еді жасынан,

Көңілі теңіз тасыған.

Арқырап жүрген ақынның,

Бақыты ұшты басынан.

 

Жырлары оның құс аппақ,

Жеткізер оны ұшаққа ап.

Жатыр ол мәңгі дамылдап,

Туған жерін құшақтап.

 

Ұрпағы ұмытпас шақ болсын,

Жырлары жанға бақ болсын.

Дұғадай жаздым жырымды,

Рухы мәңгі шат болсын!

Зейнолла Әкімжанов азамат ретінде, ақын ретінде, туған жері­нің адал перзенті ретінде артына өміршең туындыларын қалдырып кетті. Жақсыға тән ғұмыр кешті, адамға тән игіліктерді көрді, ұрпақ өсірді, дос тапты, ең бастысы, айтар сөзін айта алатын Азамат болды. Оның әзиз есімін біздер, бірге өскен, бірге жүрген достары әрқашан құрметпен еске аламыз.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp