«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПТЕН КҮТКЕН ҚОНЫСТОЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында 128 пәтерлі көпқабатты үй халық игілігіне берілді. Баспанаға пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар қол жеткізді. Сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйдің иелерін облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Салтанатты шарада өңір басшысы облыста үй құрылысына жұмсалатын қаражаттың көлемі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын айтты. Мәселен, өткен жылы бұл мақсатқа 17 млрд. теңге бөлінсе, биыл бұл сома 28 млрд. теңгеден асып отыр.

– Облыста жыл соңына дейін 3 жарым мың пәтер салынып, 12 мың өңір тұрғыны баспаналы болмақ. Жалпы қазіргі уақытта Петропавлда 46 көпқабатты үйдің құрылысы басталып, 28-і биыл пайдалануға беріледі. Оның 18-і жекеменшік компаниялардың қаражатына салынып жатыр. Кеше “Береке” шағынауданында тағы бір үй іске қосылды. Айта кету керек, бұл шағынауданда тұратындар үшін барлық жағдай жасалуда. Жаңа емхана бой көтеріп, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыт салынуда, спорттық кешен тұрғызу жоспарда бар. Былтыр пайдалануға тапсырылған саябақ та көздің жауын алады, – деді Құмар Іргебайұлы.

128 пәтерлі үйді “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Зерттеу СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғызды. Жоба құны – 1 млрд. 100 млн. теңге. Жаңа үйден пәтер алғандардың 33-і – көпбалалы ана. Құтты қоныс иелерінің бірі – Рахимовтар әулеті. 11 жыл бойы пәтер кезегінде тұрған отбасының қуанышында шек жоқ.

– Қызым 1-топтағы мүгедек болған соң пәтер кезегіне тұрған едік. Қиын уақытты басымыздан өткердік.

Отбасымда жұмыс істейтін жалғыз адам – үлкен ұлым. Өкінішке қарай, баспанаға ақша да жинай алмадық. Жуырда қалалық әкімдіктен хабарласып, пәтер кілтін табыс етеміз дегенді естігенде қатты қуандым. Енді міне жаңа үйде өзім, жолдасым және 3 баламызбен тұратын боламыз. Облыс әкіміне алғысымды білдіремін, – деді Роза Рахимова.

Ал Касимовтар отбасы 6 бала тәрбиелеп отыр. Көпбалалы ана Наталья күйеуі Сергеймен бірге пәтер кезегінде 9 жыл тұрыпты. Бесінші баласы туғанда қалалық әкімдік жатақханадан бір бөлме берген. 33 шаршы метр баспана үлкен отбасы үшін тарлық еткені анық. Енді міне 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

Облыс әкімінің айтуынша, “Береке” шағынауданында 6 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның үшеуі жыл соңына дейін пәтер кезегінде тұрғандарға беріледі.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp