Домбыра – қазақтың жаны. Халқымыздың куанышы мен күйініші, қайғысы мен қасіреті, аңсаған арманы қос ішекті аспаптың шанағынан күй болып төгілген. Біз үшін домбыраның орны ерекше. Бүгінде қазақтың тарихымен тамырлас қасиетті аспапқа өскелең ұрпақтың қызығушылығы зор. Қазақ елінің тарихы мен шежіресінен сыр шертер ғибратты термелер мен күйлерді орындап, көпшіліктің ілтипатына бөленіп жүрген “Күдер” ансамблінің өнерпаздарын мақтан етуге болады.
Өңірімізге белгілі өнерпаз, ұлағатты ұстаз Тойкен Күдерова негізін қалаған ансамбль еліміздің Тәуелсіздігімен құрдас десе де болады. Ашылғаннан бері жүздеген шәкірт тәрбиеленіп, өнер деген үлкен әлемге қанаттары қатайып ұшты. Қазіргі таңда ансамбльдің құрамында 15 жас өнерпаз бар. Барлығының болашағынан үлкен үміт күтуге болады.
– Өнер колледжіне студенттердің бәрі бірдей нота біліп келмейді. Құлшыныстарына қарап, үйренеді-ау деген оймен таңдап аламыз. Солардан ансамбль құру оңай іс емес. Түлектер оқуларын бітіріп кетеді де, әр төрт жыл сайын шығармашылық құрам жаңарып отырады. Қатарға қосылған жастармен қайта дайындаламыз. Бұл темірдей төзім мен қажырлы еңбекті қажет етеді. Мен үшін ең басты мақсат – шәкірттерімнің кәсіби шеберлігін шыңдау. Олармен бірге үздіксіз дайындық жүргізуге жанымды да, барымды да салудамын, – дейді мәдениет қайраткері Тойкен Күдерова.
Жылына бір емес, бірнеше мәрте концерт қоятын ансамбль ауыл-ауылды аралап, ел аумағы былай тұрсын, алыс-жақын шетелдерде де жиі өнер көрсетеді. Домбырашылар әр жылдары Болгария, Ресей, Молдова, Испания елдерінде өткен байқаулардан жүлделі оралды. “Күдер” домбырашылар ансамблі 2019 жылы Дубай қаласында өткен “Jumeirah Sounds” жасөспірімдердің халықаралық конкурсында бас жүлдені жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Шетелдіктер қазақ домбырашыларының өнеріне тәнті болды. Сондықтан бас жүлдеден басқа, біздің өнерпаздарға Канн фестиваліне жолдама берілді. Алайда пандемияға байланысты бұл шара кейінге қалдырылды. Қазақ күйінің құдіретін араб әлеміне танытқан жас күйшілердің арасында Расул Өмірзақ, Кәмила Мақпоздың жетістігін ерекше атап өткен жөн. Екеуі бұдан бөлек, “Қазақстан таланттары”, “Eurasia-Art”, “Жаңа формат” халықаралық конкурстары мен “Ақжелен”, “Жас толқын” байқауларында да үздіктер қатарынан көрінді.
Домбырашылар ансамблі үстіміздегі жылы Көкшетау қаласында Манарбек Бексейітов атындағы IV республикалық “Өнер қанаты” жас музыканттар байқауында бірінші орынды еншілеп, ұстаздарын қуанышқа кенелтті. Өнер десе ішер асын жерге қоятын дарынды шәкірттер Сара Қамбарова мен Думан Хамитовтың да болашағынан зор үміт күтуге болады.
Ширек ғасырдан астам тарихы бар “Күдер” ансамблінің шығармашылық репертуары бай. Қоржында шамамен 40-қа жуық күй бар. Өнерпаздар күйдің түр-түрін – төкпе, шертпе күйлерді, яғни Батыс, Жетісу мен Шығыс өңірінің күйшілік дәстүрін шебер меңгерген. Қазақ және шетелдік композиторлардың шығармаларын да домбырада тамаша орындайды.
Тойкен Күдеровадан тәлім алған шәкірттер бүгінде еліміздің әр қиырында еңбек етуде. Солардың ішінде ансамбльдің алғашқы құрамында өнер көрсеткен Әсет Әбдірахманов, Тоғжан Жахин, Нұрлан Серғазинов, Алтын Хамзина, Ербатыр мен Әлия Мәкеновтар, Бұлбұл Рамазанова, Бірлік Баекин, Айзада Иважанова, Замира Оспанова, Ақмарқа Омарова мен тағы басқалары бар. Облыстық филармонияның “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің құрамында өнер көрсетіп жүрген домбырашылардың дені “Күдер” ансамблінің шекпенінен шыққанын қалайша атап өтпеске.
Өнер ордасын тамамдаған студенттердің біразы өңірдегі білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Дейтұрғанмен, әлі де кәсіби домбырашылар жетіспейді. Әр мектепте домбыра сыныбын ашса, артық болмас еді. Өйткені қос ішекті аспап – дала шежіресі ғана емес, халқымыздың жан сезімі, ажырамас серігі.
“Еңбек – бәрін де жеңбек. Адамға 1 пайыз дарын берілсе, қалған 99 пайызы еңбекпен келеді. Талмай үйрену арқылы барлығына да қол жеткізуге болады. Бастысы ынта қажет. Осыны шәкірттеріме айтып отырамын”, – деген ансамбль жетекшісі Тойкен Күдерова домбырада әр дыбыстың дұрыс шығуы маңызды екенін, сондықтан қос ішекті аспаптың жасалуына да баса мән беретінін айтты. Сондықтан өнер колледжі студенттерінің домбыраларын білікті шеберлер арнайы тапсырыс бойынша жасайды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.