Солтүстік Қазақстан облысында таспа құрт жұқпалы ауруына (эхинококкоз) шалдыққандар саны соңғы бір жылда екі есе артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Меруерт Атамбаеваның айтуынша, эхинококкоз – ауыр гельминттік ауру. Оның қоздырғышы – жыртқыш аңдардың ішінде тіршілік ететін құрттар. Адамдарға ол иттерден жұғады.
«Иттің жүнінде де гельминт жұмыртқалары болуы мүмкін. Үй жануарларында да эхинококк құрты болуы мүмкін. Төрт түлік паразитті жайылымдарда жұқтырады», – дейді инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Меруерт Атамбаева.
Облыс тұрғындары арасында соңғы жылдары эхинококкозбен ауырғандар саны өскен.
«Паразиттің дернәсілі ішке түскен сәттен бастап жетіле бастайды. Ол асқазан-ішек жолына түсіп, өз қабығынан босатылады және асқазанның немесе ішектің шырышты қабаты арқылы қан мен лимфаға еніп, мүшелер мен тіндерге таралады. Онда эхинококкты көпіршік өсуді жалғастырады. Көлемі ұлғайып, паразит көрші органдарға қысым жасайды.
Эхинококктық киста әлі кішкентай болғанда, науқастарда ешқандай шағымдар бола қоймайды. Бұл кезеңде эхинококкоз кездейсоқ анықталады. Атап айтқанда, басқа ауруға ота жасау барысында немесе профилактикалық рентгенологиялық тексеру кезінде», – дейді санитар дәрігер.
Маманнның айтуынша, адамның негізінен бауыр, өкпе, жүрегі зақымдануы мүмкін. Бауыр эхинококкозының екінші кезеңінің клиникалық көріністері әртүрлі. Киста үлкен мөлшерге жетеді. Салдарынан бауыр, көрші органдар қысылып, қан айналымының бұзылуына, тіндердің жансыздануына әкеледі.
«Көпіршікті сұйықтық ағзаны улайды, аллергия пайда болуы мүмкін.
Науқастардың оң жақ кеуде қуысының төменгі жартысы ауырсынады. Кейде арқа жағы, эпигастрий аймағы ауыруы мүмкін, ол физикалық жүктеме кезінде күшейеді. Оң жақ қабырға астында ісік тәрізді пайда болады. Салмақ жоғалту, жалпы әлсіздік, тәбеттің бұзылуы, жүрек айну және құсу, жүрек соғысы және ентігу байқалады», – дейді Меруерт Атамбаева.
Маманның сөзіне қарағанда, эхинококкозбен күрестің бір жолы – қаңғыбас иттерді аулау. Ал иті барлар оны үнемі ветеринарларға көрсетіп, тексертіп отырулары қажет. Жылына 4 рет дегельминтизация жүргізуі керек. Мал сою кезінде эхинококкозбен зақымданған мүше табылса, оны терең көму немесе өртеу қажет, оларды қоқыс орнына шығаруға немесе кәрізге тастауға болмайды.
«Иттерге науқас жануарлардың ішкі мүшелерін беруге қатаң тыйым салынады. Ата-аналар жануарларды жақсы көретін балаларға аулаларда және көшеде қаңғыбас иттермен ойнауға болмайтынын түсіндіруі тиіс. Үй жануарларын сүюге, ортақ ыдыс-аяқтан тамақтандыруға, ас үйде ұстауға болмайды», – дейді санитар дәрігер.
Былтыр СҚО-да екі адамда эхинококкоз тіркелсе, биыл 5 адам ауырды. Оның екеуі – Петропавл, қалғандары Шал ақын, Есіл және Айыртау аудандарының тұрғындары.
https://www.inform.kz/