Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: өзінің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында “Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай, лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақты тәрбиелеу” – деген еді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында да, беделді басылымдарға берген сұхбаттары мен мақалаларында да ел болашағы – жастар өміріне қатысты мәселелерді тереңнен қозғап, келелі ойларымен бөлісіп келеді.
Қазақ елінің барлық зиялы қауымы, соның ішінде, әсіресе ардагерлер бар үмітімізді жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жастарға артып отырмыз. Ал сол жастарымыз өздеріне жүктелген міндеттің салмағын, артылып отырған сенімнің жүгін сезіне ме, байқай ма, түсіне ме?! “Мың өліп, мың тірілген” халқының көрмеген қорлығы, зорлық-зомбылығы, тартпаған азабы, шекпеген қайғы-қасіреті жоқ екенін біле ме? Егер олай болмаған жағдайда “бұған кінәлі кім?” деген сауал туындары сөзсіз. Жасыратыны жоқ, біздің жастарымыздың көбі елінің, жерінің тағдырына бейжай қарайды. Оған, алдымен, олардың ата-әжесі, әке-анасы, балабақшадағы тәрбиешілері, мектептегі мұғалімдері, жоғары оқу орнындағы оқытушылары – жалпы қоғам кінәлі дер едім.
Тарихқа тереңірек бойласақ, халқымыз жоңғарлар шапқыншылығына шыдай алмай, үй-күйлерін тастап, жан-жаққа бас сауғалап, тарыдай шашылды. Бұл қасірет тарихымызда “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атпен қалды. 1921-1922, 1932-1933 жылдардағы табиғи және қолдан жасалынған ашаршылықтар да қазаққа адам айтқысыз қайғы-қасірет әкелді.
Билік 1936-1937 жылдары оқыған, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтжанды, елін, жерін, халқын сүйген қайраткерлерге жалған жала жауып, ату жазасына кесіп, сүт бетіндегі қаймағын қалқып алғандай қырып салды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында да ауыр зардап шеккен ұлт тағы да қазақ еді. 1949 жылы басталған киелі Семей жеріндегі атом бомбасының сынақтары 1991 жылы ғана тоқтатылды. Халыққа ешқандай ескерту, қорғану шаралары жасалынбаған. Сол өңірде 42 жыл бойы сыналған сынақтың зардабын көре тұра, біле тұра халық үшін бірде-бір емхана, не аурухана салынбаған екен. 1954-1955 жылдары “Тың игеру” ұранымен еліміздің ең шұрайлы жерлеріне өзге этнос өкілдері қоныстандырылды. Осылайша ата-бабаларымыздың көздің қарашығындай сақтаған жерін аяусыз жыртып, құнарынан айырды. Ал 1960-1980 жылдары халқымызды тілімізден, дінімізден, салт-дәстүрімізден, ажырату үшін қазақ мектептері жабыла бастады емес пе? Таза қазақ ауылдарындағы білім ордаларының өзі оқу ісін орыс тілінде жүргізуге мәжбүр болды. Бұл қиянат емес пе? Қазақ халқы бәріне шыдады, төзді. Бірақ ұлттық рухынан тамыр үзбеді.
1986 жылғы “Желтоқсан” көтерілісінде қаншама өрімдей студент-жастар шейіт болды. Қаншама жас отаулардың шаңырағы көтерілмей қалды? Қаншама жас сәби дүние есігін аша алмады. Бұл тарихи деректер жалпы әлемде қазақ халқындай қиянат көріп, азап шеккен бірде-бір халықтың жоқ екендігін дәттей түседі.
Тарих сахнасында небір сұрқия қиындықтарды өткеріп, Тәуелсіздіктің рауандап атқан таңына аман жеткен ұлтым туралы ойласам, тіліме Абай атамыздың “Қалың елім қазағым!” деген сөздері оралады.
Президентіміздің: “Біз үшін ұлы дала елінің ұлтарақтай жері – қымбат. Бір уыс топырағы – алтын” – деген сөздері менің жүрегімді тербеп өтті. Жастарымызға халқының басынан өткен тарихын түсіндіргенде ұстаздар өз жүректерінен шығарып айтулары керек. Сонда ғана бұл ұғымның шын мағынасы жас ұрпақтың жүректеріне қонады. Бауыржан Момышұлының үнтаспаға жазылып қалған, өз дауысымен айтқан сөзін, ойын, өсиетін жас ұрпаққа тыңдатса, бірде-бір оқушы бейжай қалмас еді. Тек оларға тыңдату керек. Сонда ғана жастардың бойында отансүйгіштік, ұлтына деген махаббаты, патриоттық сезімі қалыптасады. Жүрдім-бардым, келдім-кеттім, жеңіл-желпі даңғойлықпен өткізілген тәрбиелік жұмыс еш нәтиже бермейді. Меніңше, біз осы жағын көп ескере бермейміз.
Мен елімнің ертеңіне қалай елеңдемейін… Тәуелсіздігімізге қолымыз дер кезінде жетіп, жоғалудың аз-ақ алдында қалған тіліміз, дініміз сақталып қалды. Бұған шүкір дейміз. Алайда қоғамда елдігімізге, егемендігімізге сызат түстіріп отырған кемшіліктер аз емес. Өткен отыз жылды, тым болмаса көшедегі жарнамалардың қатесіз, мағыналы жазылуын қамтамасыз ете алмадық. Орыс мектептерінде оқып жүрген қазақ балаларының саны да азаймай отыр. Аралас мектептің зияны жөнінде ұлт зиялылары газет беттерінде қайта-қайта мақала жазса да, біз оны әлі түсіне алмай келеміз. Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатов: “Сенің тілің ертең өледі десе, мен бүгін өлер едім” – депті. Осындай рух бізде неге жоқ?! Көркем, бай, барлық түркі тілдес халықтардың ішіндегі ең мазмұнды, ең мағыналы тіл – қазақ тілі екені белгілі. Тек біз өзіміз – қазақтар басқа тілде шүлдірлеуден тиыла алмай жүрміз. Ал жас ұрпақ бойларын, ойларын кімге қарап түземек?
Менің 40-50 жасқа келіп қалған сіңлілерім, қыздарым, дәл бүгінгі күні көбіне өзге тілде сөйлейді. Қысылмайды. Бұл қылықтары өздеріне ерсі көрінбейді. Олардың өсіріп отырған қыздары ертең бір азаматтың жары, бір әулеттің келіні болмай ма? Ұяда көргенін бойына сіңіріп, өз ұрпағын орыс тілінде тәрбиелей ме? Мен содан қорқамын.
Әйгілі қытай данышпаны Конфуций: “Егер де маған ел басқару мүмкіншілігі туса, мен, ең алдымен, тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды. Идеология да дұрыс жүргізілмейді. Ондай елде ортақ түсінік те болмайды” – депті.
Қазақ тілі – қазақ халқының жаны. Тіл – мемлекеттігіміздің көрсеткіші. Сондықтан да қай мекеме болмасын басшыдан бастап, қосшыға дейін – бәрі қазақша сөйлеуі керек. Ел Президенті: “Барлық қазақстандықтарға қазақша сөйлеу, тек қана парыз емес, міндет” – деп, анық айтты ғой.
2015 жылы академик Төрегелді Шарманов ұлттық құндылықтарымыздың құлдырап бара жатқаны жайлы жанайқайын жалпақ елге жеткізген еді. Көптеген ел азаматтары, зиялы қауым қолдап, үн қосып, “Егемен Қазақстан” газетінде мағыналы мақалалар жарияланды. Ұлттық құндылықтарымыз – ол ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа сан мыңдаған жылдар бойы беріліп келе жатқан әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз, танымымыз, мақал-мәтел, тыйым-сөздеріміз, басқа ұлттардан ерекшелендіріп тұратын ұлттық болмысымыз. Ұлттық құндылықтарымыздың тамыры суалса, жаһандану науқаны қазақ елін жұтып қояды. Қазақ халқында: “Бесігін бағаламаған елдің есігін кім көрінген аяғымен теуіп ашады” –деген қанатты сөз бар. Біз өздерінің ұлттық болмысымен қатар экономикасын дамытып келе жатқан қытай, жапон, корей, француз, неміс, фин сияқты ұлттардан үлгі алуымыз керек.
Мен елімнің ертеңіне қалай алаңдамаймын, егер көтеріліп жатқан шаңырақтың жартысына жуығы шайқалып жатса… Ажырасудың зардабын ортадағы бала мен қариялар – екі жақтың әке-шешесі тартады. Ата-анасы ажырасқан отбасында өскен бала ешқашан толыққанды тәрбие ала алмайды. Уызға жарымағандай, рухани жұтаң болады. Баланың жүрегінде әкенің орны ерекше, сол сияқты ананың да орны – бір бөлек. Бала екеуін де іздейді, күтеді. Бұл да Тәуелсіз еліміздегі отбасы институтының әлсіреп бара жатқанын аңғартады. Алла Тағала қазақ еліне Жер-Ананың үстіндегі және қойнауындағы байлықты берді. Ал сол байлықты өзіміз басқарып, сол сыйға қазақтар өздері ие болуы керек қой… Халқы аз, табиғи байлығы мол елге көз тігушілер қашан да көп болады! Мұны болдырмас үшін ең алдымен жастарымыздың бойынан намысшылдық, ұлтжандылық сияқты көркем мінездер көрініс табуы керек.
Еліміздің болашағының баянды болуы үшін бізге төл құндылықтарымыздың әр жүректе салтанат құруына жағдай жасалғаны маңызды. Оның алғышарты қазақ тілді балабақшалардың көп болуында деп ойлаймын.
Отбасылық тәрбие қайта жанданып, ұрпақтар сабақтастығы ұлттық тәрбиеге ұштасса, әке ұлын, ана қызын болашақ отбасылық өмірге даярлап, тәрбиелесе, құба-құп. Ұлына шаңырақтың алтын діңгегі, асыраушысы екендігін, қызына адал жар, мейірімді ана, үлгілі келін болатынын түсіндіріп, ұғындырса, бәрі де өз орнына келер еді. Тіліміз де, ұлттық құндылықтарымыз да, шаңырақтың беріктігі де өз орындарына жайғасар еді. Бар мәселе – қыз баланың тәрбиесінде, анасының ақылдылығында. Қанағатшылдылық пен мейірім барлық келеңсіз жағдайлардан қорғайды.
Тағы бір айтпағым, тәрбиешілер, мұғалімдер, оқытушылар өз істерінің маманы, жан-жақты білімді, ұлтжанды, ұлттық құндылықтарды бойына жинаған мейірімді жандар болулары шарт.
Қымбат ИСМАНОВА,
еңбек ардагері.