Өскен ортаңа деген шынайы перзенттік сезім атамекенге, алтын бесік – ауылыңа деген сүйіспеншіліктен басталады. Осыны жадына түйіп, көкірегіне тоқып өскен жас туған жерін түлетуге, оның гүлденуіне іңкәрлікпен атсалысары анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру” мақаласында жазғандай, туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылында “Болашақ” бағдарламасымен шетелде білім алып келген үш маман еңбек етіп жатыр. Солардың бірі ауылдық округ әкімі – Ержан Битниев.
Ержан – осы елдің тумасы. Орта мектепті бітіргеннен кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетіне мемлекеттік грантпен оқуға түсіп, еңселі оқу ордасын 2004 жылы үздік тамамдаған ол кіндік қаны тамған өлкеге оралды. Қайрат орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып орналасты. Кейін ауылдық округ аппаратында бас маман болды. 2011 жылы ауыл жастарына арналған квотаны иеленіп, халықаралық “Болашақ” бағдарламасымен Англияда Корольдік колледжде (Kings College) білімін толықтырды. Уорвик университетінде (The University of Warwick) тілдік курстан өтті. 2013-2014 жылдары “Білім саласындағы көшбасшылық және басқару” мамандығы бойынша магистратурада оқып, диссертация қорғады. Қазір гуманитарлық ғылымдардың магистрі. 2015-2017 жылдары Мәдениет және спорт министрлігінде бас сарапшы болып қызмет еткен. Алайда туған ауылға деген сағыныш ерік бермей, ата-анасының шаңырағына қайта оралды. Содан бері округ әкімі қызметінде.
– Әкем марқұм механизатор болып жұмыс істеді. 40 жылын бала тәрбиесіне арнаған анам қазір зейнетте. Екеуі де туған жердің гүлденуі үшін тер төкті. Солар салған сара жолды жалғайтын біреу керек қой, – дейді Ержан Қадырұлы. Жас маман қалаған жерінде жұмыс істеуге толық мүмкіндік бола тұра ауылыма пайдамды тигізсем деген оймен шалғайдағы елді мекенге орныққан. Оған, бір жағынан, Нұрсұлтан Әбішұлының “Болашақ” бағдарламасының түлектері еңбек жолын өңірлерден бастағандары дұрыс деген сөзі де түрткі болған көрінеді. Бұл таңдауын отбасы да, туыстары да қолдап, қолдарынан келгенше жәрдемдескен.
Қайрат ауылдық округі облыс орталығынан 550, аудан орталығынан 150 шақырым қашықта орналасқан. Ең алыстағы екі округтің бірі. Оның құрамына 402 тұрғыны бар Қайрат және Жасқайрат ауылдары кіреді. 2 мектеп, осынша фельдшерлік-акушерлік пункт, клуб, су тазарту қондырғысы жұмыс істейді. Негізгі күнкөріс көзі – мал. Жері құнарлы, өзен, көлдерге бай. Округке қарасты ауылдарды осыдан 10-15 жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда өмір сапасы әлдеқайда көш ілгері деуге болады. Ауызсу, жарықтандыру, отын, телефондандыру жайы толығымен, ұялы байланыс пен интернет ішінара шешілген.
Ержанның айтуынша, округ әкімінің қызметін жеке-дара бөліп қарауға болмайды. Тұтас ағза секілді, бөлшектеуге келмейді. Ол не істесе де заңды басшылыққа ала отырып, жоғары органдар мен кәсіпкерлердің көмегіне сүйенеді. Басты тірегі де, ақылшысы да, сыншысы да – тұрғындар. Шым-шымдап бөлінген қаржыны уақтылы әрі сапалы игеруге, бәріне теңдей үлестіруге тек қана бір өзі жауап береді. Мал шаруашылығын дамытамыз деген желеумен үсті-үстіне жер алатын, бірақ оны игермейтіндерге, салық төлемейтін, жұмыс орындарын ашпайтындарға, мал ұстамайтындарға тежеу салынған. Сондай азаматтардың бірі 2 жыл бойы оның үстінен жан-жаққа отыз рет шағымданған. Арызда айтылғандардың бірде-бірі дәлелденбеген. Есесіне ауылдан қалаға, басқа өңірлерге көшеміз деп отырған ағайындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жер телімдері бөлініп берілген. Бүгінде олар фермерлік шаруашылық ашып, мал шаруашылығымен айналысады. 2017 жылы округте 9 шаруа қожалығы ғана жұмыс істесе, қазір олардың саны 18-ге жетті. Дүкендердің саны – 8. Жастар орталығы, клуб қалпына келтірілген. Көшелер толық жарықтандырылған. Ауылдар абаттандырылып, күл-қоқыс төгетін арнайы орындар белгіленген. Орманды алқаптарда ағаш кесуге тыйым салынған. Тұрғындардың шаруашылықтар төңірегінде шоғырланып, тұрақтана бастағаны қуантады. Соңғы екі жылда 5 отбасы көшіп келген. Солардың бірі – елордадан қоныс аударған “Болашақ” бағдарламасының түлегі Ерлан Досымбеков. Ол қазір Қайрат орта мектебінің директоры, информатика пәнінен сабақ береді. Қарындасы Гүлдана да ағасының ақылын тыңдап, ауылда қалған. Ол да “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде білім алған.
– Округ әкімі жұмысының басты артықшылығы, халықпен тікелей араласып, қыж-қыж қайнаған тіршіліктің, нағыз өмірдің жуан ортасында жүресің. Министрлікте істеген кезде кабинеттен шықпайтынбыз. Көбіне компьютерге телміріп отыратынбыз. Қағаз жұмысын жақсы меңгергенмен, ауылдық жерлердің тыныс-тіршілігін біле бермейтінбіз. Өкінішке қарай, малдың, одан өндірілетін экологиялық таза өнімнің қадір-қасиетін бағаламайтындар арамызда әлі де кездесіп қалады, – деді бізбен қоштасар сәтте Ержан. Саламатты өмір салтын серік еткен 39 жастағы ауылдық округ әкімінің спортты, оның ішінде жүгіруді, қол боста кітап оқығанды ұнататынын білдік.
Жігерлі жастың ауылын гүлдендіруге атсалысып жүрген қажырлы қимылы сүйсіндіреді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
журналист.