“Әсем қала – Нұр-Сұлтанда тұрғым келеді”. Бұл сөз елордамызға қоныс аударған талай қазақстандықтың армандары орындалған, бас шаһарға аттанар алдында айтылған ұранына айналғаны даусыз. Иә, көркіне көз тоймайтын, күн санап құлпырып, жайнап, жайқалып, дамып келе жатқан қалада кім тұрғысы келмейді дейсіз. Жасы да, жасамысы да мүмкіндік болса еңселі елордаға көш түзегісі келеді. Бірақ бәрінің бірдей жүрегі дауаламайды. Тек үмітін үкілеп, арманын алақанына салып, әлдилегендер ғана аттанатыны да өтірік емес. Біреуін қызметке шақырса, екіншісі жұмысты өзі іздеп барады.
Ахат пен Ақдидар Хамзиндер де – осыдан бірнеше жыл бұрын Есіл ауданының орталығы Явленка ауылынан көшкендердің бірі. Мыңдаған отандастарымыз секілді олар да балаларының баянды болашағы үшін аттанды. Ахат та, Ақдидар да – Ақтас ауылының тумалары. Отағасы 1998 жылы Петропавлдағы медициналық колледжді тамамдағасын, туған ауылына оралып, фельдшерлік-акушерлік бекетте еңбек етті. Мағжан Жұмабаев колледжінің соңғы курсында оқып жүрген Ақдидар екеуі 1999 жылы отау көтерді. Ол да өз мамандығына сай мектепте мұғалім болды. Балық – терең суды, адам – жайлы жерді іздейтіні ақиқат емес пе. 2008 жылы отбасы аудан орталығына көшіп барып, тұрақтаған екен. Жолдан шалғай ауылмен салыстырғанда Явленкада балаларды оқытуға, тұрмыстарын түзеуге мүмкіндік бар. Екеуі де мамандықтарына сай еңбек етіп, көштен қалған жоқ. Бірақ… Иә, бірақ бірнеше рет жол түсіп барған еңселі елорда тартатын да тұратын. Зәулім ғимараттар, әдемі саябақтар мен субұрқақтар, күндіз қандай көркем болса, түнде тіпті ажарланып, сұлулана түсетін. Жастардың қаласы деп бекер айтылмаса керек, күндіз түні қыж-қыж қайнап жататын тірлік. Тұрғындары да тұрмысқа бейім, бос жүрген ешкімді көрмейсің, бәрі де хал-қадерінше еңбек етіп, зыр жүгіріп жүреді. Міне, осындай өмір ырғағы мен сұлулыққа құштарлық орта жасқа келіп қалған отбасы мүшелерін ақыры баурап, өз құшағына алды. 2018 жылдан бері Хамзиндер әулеті – Нұр-Сұлтанның тұрғындары.
– Алғаш рет қыдырып барғанда керемет әсерде болдық. Жолдасым екеуімізге де, балаларымызға да қатты ұнады. Түбінде көшеміз деп шештік. Ақыры сол ойымызға жеттік. Үш жыл болды тұрып жатқанымызға. Абыр-сабыр өмірі де, тіршілік ырғағы де ұнайды. Ең бастысы, адамның өмір сүруіне қолайлы қала. “Мен елордалықпын” деген сезімнің өзі бойға қуат береді, – дейді Ақдидар.
Бүгіндері Ақдидар Хамзина – астанадағы №67 гимназияда мұғалім. Үйінің кенжесі, қызы – Әсемай биыл осы білім ордасының 3-ші сыныбын аяқтады. Отағасы – Ахат Хамзин елордада өз кәсібін жалғастырды. Қазіргі күні №10 емхана жанындағы “Жедел жәрдем” қызметінде фельдшер. Осылайша балаларының болашағы үшін туған ауылынан жырақ кеткен отбасы бақытын бас қаладан тауып отыр. Үйдің ортаншысы Батырхан болса, әке жолын қуғысы келген. Қазіргі күні медициналық колледжде білім алып жүр. Ең үлкені – Ермахан Ақтау қаласында Отан алдындағы борышын өтеуде. Мерзімі аяқталғасын, ата-анасының жанына келіп, қызметке тұрмақ.
– Жұмысыма байланысты қаланы жиі аралаймын, науқастардың шақыруымен үйлеріне барамын. Шынымен де, керемет қала екенін, адамдары да тамаша екенін, жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалғанын көремін. Әр қазақтың арманына айналған қала ғой, қоныс аударғанымызға еш өкінбеймін. Керісінше, балаларымның өсіп өнуіне, алып шаһарда тұру бақыты бұйырғанына қуанамын, – дейді Ахат Хамзин.
Нұр-Сұлтанның тек сол жағалауы ғана емес, ескі бөлігі де жыл өткен сайын жасарып, құлпырып келеді. Жаңадан биік үйлер мен ғимараттар, бизнес нысандары бой көтеріп, көркін аша түскендей. “Бізден гөрі өзгерістерді қонақтар байқайды”, – деп күледі Ахат.
“Күнделікті жұмыспен жүріп назар аудармасақ, жыл өте келетін меймандар, жаңадан салынған үйлерді көріп, таңғалады. Біз үшін қалыпты жағдайға айналып кетті, қысы-жазы толастамайтын құрылыс. Енді ғана басталып жатқанын көрсек, біраз уақыттан соң әдемі нысан пайда болады. Осының өзі жанымызға қуаныш сыйлайды”.
Иә, шынымен де бас қаланың өмір ырғағы жүйрік аттың шабысындай. Қонақтарды баурап, қайта-қайта шақырып тұратын “Бәйтерек”, “Думан” ойын-сауық кешені, “Атамекен” этномемориалдық кешені, тіпті Арқаның самал желіне желбіреп тұрған алып Тудың өзі көзіңді тойдырып, керемет күй сыйлайды. Көрікті көшелерді бойлай жүрген жастар, әуенді субұрқақтың жанындағы жарқын күлкілердің өзі әлемнің назарын өзіне аударатындай.
Нұр-Сұлтан – арман қала, талай адамның үміті ақталып, бағы жанған шаһар. Жұлдызы жарқырап, бақытын тапқан жер. Барша қазақтың мақтанышына, ұлттың ұясына айналған – ару астана. Жарқырап, жайнай бер, армандар орындалатын қала – Нұр-Сұлтан!
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.