Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтерген болатын. “Қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын”, – дей келіп, нақты тапсырмалар жүктеген еді.
Президент биыл ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде республика тұрғындары тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болып отырған стратегиялық мәні айрықша міндеттің саяси маңызы мен атқарылып жатқан саяси реформалардың серпінді дамуына зор мүмкіндіктер беретінін айрықша атап көрсеткен болатын. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сергей Калинин қоғамда қызу талқыға түскен ауыл әкімдерінің биыл өтетін сайлауына байланысты жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
“Бұған дейін ауыл әкімдерінің кандидатураларын аудан әкімдері ұсынып, аудандық мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы жанама түрде сайланып келгені белгілі. Мамырдың 25-де Президенттің Жарлығымен “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Коституциялық Заңға бірқатар түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Басты ерекшелігі сол, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тұрғындардың өздері таңдайтын болады. Мұның өзі сайлаудың әділ де ашық өтуін қамтамасыз етері анық. Сонымен қатар қоғамды демократияландырудың маңызды институты ретінде сайлаушылардың қалауын білдірумен қатар мемлекеттік басқару ісіне қатысу белсенділігін де арттырады. Халықтың жергілікті билікке деген сенімін қалыптастырады”, – деген Сергей Васильевич әкімдерді сайлау күні 25 шілдеге белгіленгенін, соған орай дайындық шаралары кешенді түрде қолға алынғанын, бүгінде 13 аудандық сайлау комиссиясы құрылғанын, 70 ауылдық және аудандық маңызы бар бір қала әкімі сайланатынын жеткізді. Бүгінде 218 елді мекенде 174 сайлау комиссиясы құрылған.
Әкімдік лауазымға кандидаттарды ұсыну 26 маусымнан басталды, 42 үміткер тіркелген. Олардың 25-і – “Nur Otan” партиясының мүшелері, қалғандары – өзін-өзі ұсынғандар. Тағы бір атап өтерлігі, өзін-өзі ұсынған үміткер тиісті ауылдық округте тұратын сайлаушылардың кемі бір пайыз қолын жинауы тиіс.
Бұрынғы сайлауларға қарағанда кандидаттарға қойылатын талаптар да өзгерген. 25 жастан асқан Қазақстан азаматы барлық мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын шектеулер (сотталмағандығы, еңбекке жарамсыздығы, т.б.) мен біліктілік талаптарына (мемлекеттік қызметте кемінде бір жыл, мемлекеттік органға жатпайтын ұйымдарда кемінде екі жыл басшылық қызмет атқару, жоғары білімнің болуы) сәйкес келуі тиіс.
Өңірде ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен 190 млн. теңге қарастырылған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.