Петропавл электр-техникалық зауыты тамыз айында іске қосылады. Бұрынғы шағын литражды қозғалтқыштар зауытының ескі ғимаратында қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 21 мың шаршы метрді алып жатқан ғимараттың 18 мыңы өндіріске берілмек. Бұл алып нысанда электртехникалық бұйымдардың 24 түрі, соның ішінде трансформаторлар шығарылатын болады. Өнім толығымен экспортқа бағдарланған. Отандық “Alageum Electric” компаниясы кәсіпорынға инвестиция құйып отыр.
Кәсіпорын жылына 13 млрд. теңгенің 12 мың бұйымын шығаратын болады. Қазіргі кезде трансформаторға деген қажеттілік әлем бойынша артып отыр. Олар кез келген кәсіпорынның жұмысына қажет. Өндіріске қажетті қондырғылар шетелден жеткізілуі тиіс, пандемияға байланысты ол кешіктіріліп жатыр.
– Биыл жоспарланған өнімнің 20 пайызын шығарамыз. Нарықта сұраныс жоғары. Біздің жұмыс істеп жатқанымызға жиырма жыл болды. Басқа облыстарда осындай зауыттар бар. Олар тапсырысты орындап үлгермей жатыр. Өйткені электротехникалық қондырғылар қай нысанға болмасын қажет, – дейді зауыттың бас директоры Мақсат Үсенбаев.
Зауытта 300 адам еңбек ететін болады. Әзірге тек олардың 10 пайызы ғана жұмысқа қабылданған, маман тапшылығы айқын сезілуде.
– Қажетті кадрларды даярлау үшін үш колледжбен дуалды оқыту жөнінде келісім жасалды. 15 студент қазір тәжірибеден өтіп жатыр. Жастарды жұмысқа тартамыз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша оңтүстіктен келіп жатқан қызметкерлерді жұмысқа аламыз. Біз бір жүз отбасын қабылдауды жоспарлағанбыз. Әзірге он маман ғана келді. Бұдан басқа “Серпін” бағдарламасы бойынша 32 түлекті жұмысқа алдық, – дейді Мақсат Үсенбаев.
Кәсіпорын өз жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз етпек. Сол үшін ескі зауыттың ғимаратын 40 пәтерлік тұрғын үйге айналдырып жатыр. Бұған қосымша 104 пәтерлік тоғыз қабатты үйдің құрылысын бастады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.