«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көз алдымызда көркеюде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары елімізде құры­лыс индустриясы қарқын алып, зәулім ғимараттар, жаңа ықшам-аудандар пайда бола бастады. Аспанмен таласқан көпқабатты үйлер ерекше сыртқы архитекту­ралық келбетімен көз тартады. Бүгінде құрылыс саласында қазақстандық үлесті молайтуға ерекше назар аударылып отыр. Соған орай отандық құрылыс ма­териалдарын шығаруға маманданып, жылдам тұрғызылатын ғимараттар салумен айналысатын біздің серіктестікте сертифи­каттаудан өткен дайын өнімдерден бастап, тапсырыс берушілірге дейінгі аралық жұмыстарды өз ісінің бесаспап мамандары мен тәжірибелі жұмысшылар атқарады.

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында пайдалануға берілген кәсіпорын тез құрастырылатын металл құрылғыларын шығаратын өндіріс орнына айналды. Шыны керек, көп жыл бойы иесіз тұрған темір-бетон бұйымдары зауытының өндірістік ғимаратын қалпына келтіріп, іске қосу оңайға соққан жоқ. Дегенмен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорынан берілген жеңілдетілген несиелер мен тиім­ді мемлекеттік жобалардың демеуімен ішкі мүмкіндіктерімізді есепке ала отырып, Қазақстан на­ры­ғынан өз орнымызды табуға ұмтылдық. Металл құрылғылар, сондай-ақ сэндвич панельдер, С үл­гісіндегі құйма профильдер, профтақталар өндіретін облыс­тағы жалғыз кәсіпорын ретінде уақыт талабымен үндесетін заманауи өндіріс ошағын құруға бел шеше кірістік.

Түрлі пішіндегі темір мате­риал­дар Теміртаудан, Ресейдің Магни­тогорск қаласынан жеткізіліп, өнім шығаруға кеңінен пайдаланыл­ды. Темір кесу және дәнекерлеу үшін озық технологиялық жаб­дықтар алынып, алға іл­герілеудің жолдары тынымсыз іздестірілді. Республикалық “Сапа” байқауына қатысып, жеңімпаз атануымыздың арқасында та­нымалдығымыз артып, мал қораларына, қойма­ларға, әкімшілік нысандарға тап­сырыстар түсе бастады. Өйткені металл құры­лымдар пайдаланылмайтын өндіріс орындары кемде-кем. Осыған орай шағын темір құрылғылар шығарумен шектелмей, инвес­тициялық жобалар шеңберінде ірі көлемдегі тапсырыстар орындауды мақсат еттік. Жедел тұрғызылатын құры­лыс нысандары зор сұранысқа ие екені қаңқасыз ангарлар тұрғызу кезінде анық байқалды. Бір ғана мысал, 2400 бас ірі қараға лайықталған үш ангар – Ақмола облысының Ақкөл ауданында жедел түрде тұрғызылды.

Құрылыс саласындағы мол мүмкіндігімізді, ілкімді істерімізді байқаған болуы керек, астананың құрылысына қатысуға сұра­ныстар түсе бастады. Біз мұны ұжымға көрсетілген үлкен сенім ретінде бағаладық. Есілдің қос жағалауында орналасқан Қазақстанның бас қаласының қайталанбас кел­бетіне, ұлттық нақышына үлес қосқанымызды мақтан етеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Евразия жүрегінде” кітабында жазғандай, “Ерке Есіл жағасында бой көтерген ерекше сәулеттік ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялық болашаққа ұм­тылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтан тұтатын көпұлтты және көпдінді халқы бар әсем де мейірлі астанамыз, міне, осындай қала”. Біз он жылға жуық уақыт елорданың өркендеуіне атсалысып келеміз. Опера және балет театрының негізгі металл конструкциялық тірек құрамаларын орнаттық. Халықаралық әуежайдың бизнес терми­налы, теннис корты, “12 месяцев” сауда үйі, Есіл өзеніне салынған жаңа көпір, сорғы стансасы, тағы басқа нысандарды салу жұ­мыс­тары үлкен жауапкершілікпен атқарылып, айшықты қолтаңбамызды қалдырдық. Металл қаң­қаларын пішіп-кесу Мәскеу қаласында лицензияланған 3Д мо­дельдеу заманауи технологиясы арқылы өте дәлдікпен атқарылды.

Қысқы Универсиада нысандарының бірі – 3 мың орынға шақталған мұз айдынына қажетті 2400 тонна темір құрылым дер кезінде жеткізіліп, құрастырылып берілгеннен кейін “ЭКСПО – 2017” көрмесінің ғимараттарын тұрғы­зуға отандық құрылыс компа­ниялары қатарында арнайы шақырту алуымыз –зор жетістіктеріміздің бірі. “Нұр әлем” павильонын са­луға 1500 тонна металл құрылғыларын дайындадық.

Осылайша бас қаламыздың бет-бейнесін айшықтауға хал-қа­дерімізше еңбек етіп келеміз. Қазіргі таңда да біздің сапалы өнімімізге деген сұраныс жоғары. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында бой көтеретін жаңа мешіттің тұрғызылуына белсене атсалы­­судамыз. Басқа тапсырыстар да жоқ емес.

Азамат БЕКҚОЖИНОВ,

Жылдам тұрғызылатын ғимараттар зауытының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp