Баспасөз бетінде талай рет көтеріліп, бір мәмілеге, тоқтамға келе алмай жүрген, қазақ ұлты үшін аса маңызды мәселенің бірі – аты-жөнімізді жазудағы ала-құлалық. “Egemen Qazaqstan” газетіндегі Оңалсын Жұмабековтің “Тегімізді жазуды қашан түзейміз?” мақаласындағы “ұлты қазақ азаматтардың тегін үлкен аталарының біреуінен алуы – қалыптасқан тәжірибе.
Сондықтан менің аты-жөнім Оңалсын Исламұлы Жұмабектен деп жазылғаны дұрыс деп есептеймін” деген ұсынысын да, “ұлтымыз тегімізден аңғарылып тұрса” деген заңгер-публицист Нақыпбек Сәдуақасовтың: “Ғасырлар бойы жалғасын табатын ата-тегіміздің және әкеміздің де есімдерін сақтау үшін ең ұтымды тәсіл мына нұсқа екені дау тудырмауы тиіс: Нұрбек Бақбергенұлы Атымбектегі (Ахметтегі, Қазитегі, Сабыртайтегі және т.т.). Аталған тәсілдің басқа да ұтымды тұстарын былай қойғанда, әр адамның өзі үшін ардақты, көне кезеңдерден ел-жұрттың аузынан түспейтін ата-тегі ескеріледі және ұмытылмайды”, – деген ұсынысы да, менің ойымша, қолдауға келмейді. Себебі: адамның аты-жөні ауызша айтуға да, жазуға да ықшам, қолайлы болуы керек. Екі ұсыныс иесінің де кісінің аты-жөнін жазудағы үштік нұсқасы (Оңалсын Исламұлы Жұмабектен, Нұрбек Бақбергенұлы Атымбектегі) айтуға да, жазуға да қолайсыз, бір кездегі империялық саясаттың әсерінен туындаған жағдай деп білемін.
Үштік нұсқамен жазуды ұсынғандардың бір уәжі – “Ұлты қазақ азаматтардың тегін үлкен аталарының біреуінен алуы – қалыптасқан тәжірибе”, – дейді. Бұл орайда айтарым – атасының аты ұмыт болмауы үшін әр қазақ шаңырағында жеті атасының шежіресі жазылып, керек десеңіз, жеткіншек ұрпағы жеті атасын біліп өссін деген мақсатта үйінің көрнекі жеріне іліп қойса еш әбестігі жоқ.
Менің ұсынымым: әр қазақ аты-жөнін “ұлы”, “қызы” деп айту, жазу (Қарақат Исқақұлы, Арнагүл Қарақатқызы) қажет. “Ұлы”, “қызы” деп жазу, айту бұрыннан бар үрдіс. Оған мысал Қожаберген жырау Толыбайұлы, Бұқар жырау Қалқаманұлы, қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы, қазақтан шыққан алғашқы боксшы Шоқыр Бөлтекұлы, белгілі сатирик Шона Смаханұлы, жазушы Балғабек Қыдырбекұлы, Гүлнәр Дулатқызы т.б. Аты-жөнімізді “ұлы”, “қызы” деп жазуымыздағы екілік нұсқа өте қолайлы әрі қазақ ұлты екендігімізді айғақтап тұрады. Аты-жөнімізді айтып, жазудағы бұл тәсілдің тағы бір тиімділігі әкеміздің аты өмір бойы аталып, жазылады. Бір ескеретін жай “ұлы”, “қызы” сөздері есім атауларына қосылып жазылуы керек. Кейде, мысалы, Бексұлтан Нұржекеұлы сияқты дефис арқылы жазатындар да бар.
Аты-жөнімізді айтуда, жазуда бір шешімге келіп, “ұлы”, “қызы” деп жазуды негізге алып, үкімет тарапынан арнайы қаулы қабылданып, осы уақытқа дейін айтылып, жазылып жүрген ала-құлалық бір ізге келтіріліп, аты-жөнімізді бұрыннан бар, бірақ жаппай жазуға көше алмай жүрген “ұлы”, “қызы” деп жазуға көшкеніміз жөн деп білеміз.
Қарақат ИСҚАҚҰЛЫ,
ардагер ұстаз.