«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ БАСТЫ ТҰҒЫРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлем елдері туралы сөз болғанда олардың астанасына тоқталмау мүмкін емес. Франция Парижімен көрікті. Ағылшындар Лондонды мақтанышпен айтады. Италияның даңқын Рим асқақтатып тұр. Мысырлықтар Каирды мақтан тұтады. Сол секілді Қазақстан туралы сөз болғанда, елордамыз – Нұр-Сұлтанға тоқталмау мүмкін емес. Көгімізде Тәуелсіздіктің Туы асқақ желбіреген күннен бастап тағдыры талайлы Қазақ елінің жаңа тарихының парағы басталды.

Бүгінде астанамыз ұлтымыздың ұясына, азаттық аңсаған елдің символына айналып үлгерді. Кезінде Əлихан Бөкейханов баста­ған ұлтымыздың зиялылары Алаштың орталығы етуді көздеген Қараөткелдің тұсынан аспанмен таласқан зəулім ғимараттары бар көз тартар шаһар бой көтерді. Та­лайды тамсандырған таңғажайып шаһардың бір күнде пайда болмағаны белгілі. Осы орайда, елорда салудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жаңа астананың іргетасы қаланған күннен бастап, Оның болашақ жоспарын мұқият ойластырып, архитектуралық доктринасына дейін қалыптастырды.

Өзінің төлтумасына балаған елдорда туралы Елбасы “Еуразия жүрегінде” атты еңбек те жазды. Еуразия кіндігінде орналасқан, жас әрі Тәуелсіз мемлекеттің бас қаласына айналған шаһар – бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы. Астана – біздің ортақ шаңырағымыз. Ол өзінің жаңа та­рихында өзге ұлттарды ғана емес, бүкіл адамзатты бейбітшілік пен келісімге шақырып отырған қала. Елорданың жаңа та­рихы –бұл Тәуелсіздік тарихы, бұл мем­лекеттілік тарихы, бұл ұлттық тарих. Тә­уелсіз Қазақстанның тарихында Елбасы мен елорда егіз ұғым болып қала бермек.

Осыдан жиырма жылдай бұрын қызым Лев Гумилев атындағы ұлттық университетке грантқа оқуға түсті. Одан кейін ұлым елорададағы ұлттық компанияға жұмысқа қабылданды. Бүгіндері олар жеке отау тігіп, елордада отбасымен тұрып жатыр. Осы жылдар ішінде зайыбым екеуіміз немере-жиен сүйдік. Жиырма жылдай уақыт ішінде елорданың өсіп-көркеюі менің көз алдымда өтті. Өйткені біз елордаға арасына ай салып қатынап тұрдым десем де болады. Әр барған сайын ерке Есілдің қос жағалауында бой көтерген шаһардағы көз сүйсіндірер жаңа құрылыстарға куә болатынмын. Дəл бүгінгі біздің астанамыздың даңғылдары, көшелері, əсем ғимараттары, кешендері, тұрғын үйлері, саябақтары, демалыс орындары, архитектурасы – бəрі-бəрі таңғажайып ертегідегідей. Қарай бергің келеді. Иə, қазақтың кең даласы – Сарыарқаның төріндегі əсем қала – Нұр-Сұлтанымыз гүлденіп, құлпырып тұр. Астананы көрген сайын көңілімді қуаныш, жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді. Қазіргі әлемді құрсауына алған коронавирус індетінің салдарынан оның барлық көркем ғимараттарын, мәдени ошақтарын аралауға мүмкіндігім жоқ. Алайда саябақтарына барып, елорданың саф ауасымен демалуды әдетке айналдырдым.

Бүгіндері дүниежүзіндегі ең көрікті қалалардың біріне айналған астананың келбетіне қазақ сәулетшілерімен қатар, Кисе Курокава, Норман Фостер, Кензо Танге сынды әлемдік деңгейдегі шеберлер саналатын сәулетшілер өз үлестерін қосты. Астанадағы ең әсем де танымал ғимараттар мен ескерткіштердің бастылары – Елбасының идеясы, сызбасы арқылы салынды. Мысалы, Тәуелсіз Қазақ елінің символына айналған “Бәйтерек” монументі. Елбасымыз өзінің “Қазақстан жолы” кітабында осы алып ғимарат арқылы барша әлемге айтылар ойды айқын жеткізген болатын.

Былтыр тағдырдың жазуымен балаларым бізді елордаға, немере-жиендердің қасына көшіріп алған болатын. Қазір әсем шаһарымыздың сол жағалауында тұрып жатқан жайымыз бар. Қолым босаған сәттерде терезеден көрініп тұрған Тәуелсіздігіміздің символы – “Бәйтерек” монументіне қарап отырып ойға шомамын. 2007 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен “Ақордада” кездескенім еріксіз есіме түседі. Елбасымен кездесуге еліміздің барлық өңірлерінен журналистер іріктелген болатын. Біздің облыстан мұндай құрмет “ҚазАқпарат” агенттігінің біздің облыстағы меншікті тілшісі Сергей Кузнецов екеуімізге бұйырған еді. Бір сағат уақытқа созылған кездесу барысында Елбасы журналистердің сұрақтарына нақты жауап беріп, еліміздің ішкі және сыртқы саясаты туралы кеңінен әңгіме өрбіткен еді. Ал еліміздің астанасын оңтүстіктен Сарыарқа төріне көшіру мәселесіне келгенде тебіреніп кетті. Ол мұндай шешімнің оңайлықпен келмегенін, бұл идеяға сол кездері тіпті зиялы қауым, халық қалаулылары өкілдерінің қарсы пікір білдіргенін тәптіштеп айтып берген еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Тарихи тұлға тағылымы” атты мақаласында Қазақстан астанасын Арқа төріне көшіру туралы шешімге баға берді: “Елбасының ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы идеясы – Қазақстанның дамуындағы маңызы зор тарихи бетбұрыс болды. Оның елорданы Есілдің жағасынан салу жөніндегі бастамасы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де, әлемдік қа­уым­дастық алдындағы беделіне де айтарлықтай серпіліс әкелді. Бұл еліміздің геосаяси бағытын нығайтуға үлкен үлес қосты. Қазақстанның біртұтас ел ретіндегі дамуын айқындай түсті. Астананы көшіру идеясы елді біріктіруші факторға айналды. Бүгінде елордамыз – халқымыздың мақтанышы һәм сүйікті шаһары. Мен астана авторының елорданы салып, дамытуға қосқан орасан зор үлесін әділ бағалай отырып, қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешім қабылдадым. Бұл дұрыс шешім болғанына еш күмән жоқ”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл қадам Қазақстанның жаңа тарихы мен Елбасы есімінің біртұтас ұғымға айналғанын білдіреді. Сонымен қатар жаңа астанамыздың әлемде бейбітсүйгіш қала ретінде “ЮНЕСКО”-ның арнайы баға­сына ие болғанын да еске салды. “Нұр-Сұлтан қаласы қазір Қазақ елінің ғана емес, әлемдік ой­талқылардың орталығы, халықаралық басқосулардың айтулы алаңы ретінде қа­лыптасты. Астанамызда ЕҚЫҰ-ның саммиті өтіп, әлем елдерінің басшы­лары бас қосты. Елорда қысқы Азия ойын­дарын Алматы қаласымен бірлесіп ұйымдастырды. “ЭКСПО-2017” ха­лықаралық көрмесі көз алдымызда зор табыспен өтті. Қазақ елі аталған көрмеде әлемдегі өзгермелі жағдайды ескере отырып, баламалы қуат көздерін дамыту туралы бастама көтергені мәлім. Бүгінде бұл бағытта жаңа технологиялар қолданысқа кеңінен енгізілуде. Осылайша жас мем­лекетіміз Жер шарының табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны барынша қорғауға өзіндік үлесін қосты. Әлемдегі дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өтіп келеді. “Жаһандық деңгейдегі саясаткерлер Қазақстанның этносаралық татулық үлгісін “Назарбаев моделі” деп атайды. Олар Қазақстанның бұл тараптағы тәжірибесін жіті зерделеп, басқа елдерге таратуға да ықы­ласты болып отыр. Елордамыз Сирия дағ­дарысы бойынша Астана процесі атауымен бітімгершілік миссиясына қызмет етті. Осының бәрі шаһардың шынайы келбетін қалыптастырып, шын мәніндегі бейбітшілік қаласы екенін жаһан жұртына дәлелдей түсті”, – деді Президент.

Мемлекет басшысының болжамынша, 2050 жылға дейін Астанада 2 миллион адам тұруы тиіс. Демографтар мен қала билігі бұл мақсатқа жетуге негіз бар екенін айтады. Ең бастысы, қала аумағымен бірге жұмыс орындары да, экологиялық тазалық шаралары да арта түсуі, халыққа қолайлы орта қалыптасуы қажет. Осыған орай қала инфрақұрылымымен бірге ақылды ұлт тұратын ақылды қала құрудың да маңызы зор. Бұл бағытта қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, жасыл энергия, көлік хабы және инновацияны дамыту Нұр-Сұлтан қаласының Орталық Азия аймағындағы өзіндік төл стратегиясына айналмақ. Мұның бәрі алдағы уақытта да шаһарда адамға қажетті игіліктердің шоғырлануы арта түсетінін байқатады.

Нұр-Сұлтан – Қазақ елінің өрісін, тынысын ашты, басты бренді атанды. Елордада жаңа саясат негізі қаланды. Бұған ешкімнің таласы болмаса керек. Астана мазмұны жағынан орталық деген ұғымды білдіреді, яғни ол егеменді елдің еркін азаматтарының ұлы мақсатқа орай топтасуы. Нұр-Сұлтан – жаңа қала, жас қала, жаңғыру қаласы. Ол ескіден кету, арылу, жаңаға жету мақсатындағы серпілістен туған идеяның шындығы.

Бүгінде астанамыз Қазақстан Тəуелсіздігінің тұғырына айналды. Еліміздің ел­ордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бергі уақыт − мемлекетіміздің қауіпсіздігін, гео­саяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тəуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрысты кезең болды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp