Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өңірдің ең үздік логотипін жасауға ашық байқау жариялады. Ұйымдастырушылар онда аққайыңдар өлкесінің тарихы, мәдениеті, шауаршылығы, туристік әлеуеті көрініс табуы қажеттілігін айтып отыр.
Байқауға кез келген адам қатыса алады. Қатысушылар өздерінің туындыларында символдық бейнелер мен түстер арқылы өңірдің қалыптасуы мен дамуын, табиғи ерекшеліктерін көрсетуі тиіс. Ең бастысы, жылқы малы біздің өңірде алғаш үйретілгендіктен логотипте Қамбар ата тұқымы, су ресурстары және агроөнеркәсіп кешендері көрсетілуі керек. Кез келген графикалық мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Конкурсқа баспа және электрондық форматтағы жұмыстар қабылданады. Бір адам көп дегенде үш жұмыс жібере алады. Сондай-ақ логотиптегі әр элементтің толық түсіндірмесі жазылған мәтін болуы шарт.
Өтінімдер мен конкурстық жұмыстар 1-15 шілде аралығында Петропавл қаласы, П.Васильев көшесі, 69 мекенжайы бойынша қабылданады. Байқау нәтижесі 19 шілдеде жарияланады. Үздік деп танылған логотип жарнамалық, маркетингтік және басқа да іс-шараларда қолданылатын болады. Жеңімпазбен авторлық құқықты сатып алу бойынша келісімшарт жасалады. Байқау талаптарымен басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшаларында (kultsko) таныса аласыздар.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.