«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Нағыз қазақ – домбыра

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – дом­бы­ра!”, – деп ақын Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай, домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы, көненің көзі, бабадан қалған асыл мирас. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы шілденің бірінші жексенбісін Домбыра күні ретінде атап өту туралы шешім қа­былдады. Содан бері жыл са­йын халқымыздың қадір тұтып, төрге ілген киелі аспабын ұлық­тау мақсатында бұл күн ерекше аталып өтіледі.

Домбыра күні Петропавлдағы Тәуелсіздік стеласының алдын­да “Жас дарын” өнер мектебінің “Жас тұлпар” домбырашылар ан­самблі қазақтың күйлерінен ша­шу шашты. “Бүгін бұл мерекені елі­міздің барлық өңірлерімен бір­ге атап өтудеміз. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сү­гірдің, Қазанғап пен Ди­наның күй­лері орындалды. Бұл өнер туындылары – төл мә­де­ниетіміз­дің бірегей үлгілері”, – дейді “Жас дарын” өнер мекте­бінің домбыра пәнінің мұғалімі Әлия Мәкенова.

Домбыра күнінің ұлттық ме­ре­кеге айналуы – көнеден жет­кен ру­хани байлығымызға беріл­ген ла­йықты баға. Сондықтан, ұлт­тық мәдениетімізді әлемге асқақ­тататын қасиетті аспаптың ұлық­талуы заңдылық. Ансамбль құ­ра­мында өнер көрсеткен Арай Ах­мет­тің қолына домбыра ұста­ға­нына биыл алты жыл. Оның ай­туын­ша, домбыра шерту кө­ңіл-күйді көтеріп, ерекше рух бе­реді. “Домбыраны алып, ақы­рын дың­ғыр­лататынмын. Анам менің қы­зы­ғушылығымды байқап, өнер мек­тебіне алып барды. Об­лыс­тық конкурстарға қатысып, жүл­де­лі болдым. Домбырада ойнау – менің хоббиім. Қазақтың күйлерін ойнағанда жан-дүнием тебірене­ді”, – дейді Арай Ахмет.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp