«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰЛҒАЛАР ТУҒАН КИЕЛІ МЕКЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ардагерлер кеңесінің бір топ мүшесі екі күн бойы Жамбыл ауданын, оның ішінде киелі жерлерін аралап қайттық. Алыс жолға аттанар алдында экспедиция же­текшісі, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин сапардың мән-мақсатымен қысқаша таныстырды. “Экспедиция Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған “Рухани жаңғыру” бағдарламасы бойынша ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында республикалық және облыстық “Киелі жерлер” картасына енгізілген нысандардың қазіргі жағдайымен танысу, туристік тартымдылығын арттырудың мүмкіндіктерін зерделеу мақсатымен бара жатыр”, – деді Жангелді Уақпанұлы.

Жол үсті болғандықтан алдымен Қызылжар ауданына қарасты Петерьфельд ауылында сенімгерлік басқаруға берілген мектеп­ке соқтық. Бұл нысан Абайдың 175 жылдығына орай құрылтай­шысы Рауан Кенжеханұлының жеке қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткізіліпті, 300 млн. теңге жұмсалған. Қазір мұнда ба­ла­лар Назарбаев зияткерлік мек­тептерінің тәжірибесі бойынша сабақ оқиды. Ұстаздардың да кәсі­би шеберлігі артып, білім сапасы­ның жақсарғаны байқалады. Алдағы уақытта интернат ашылып, орта мектеп тәжірибелік-ре­сурстық орталыққа айналмақ. Оқу кабинеттері озық техникалар­мен жабдықталған.

Екінші аялдаған нысан Мам­лют­ка қаласында орналасқан Жеңіс бағы болды. Ардагерлер сегіз мыңнан астам боздақтың есімі жа­зылған ескерткішке тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Аудандық ар­да­герлер кеңесінің төрағасы Тө­ле­ген Омаров қасиетті орын жер­гілікті тұрғындардың қамқорлығы­на алынғанын, ағаш көшеттерін отырғызу, гүлзарлар орнату жал­ғасып жатқанын айтып берді.

Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылындағы Қожабер­ген жырау атындағы қазақ орта мек­тебі ең бір қолайлы жерде ор­наласқан екен. Алаңға қойылған әйгілі жыраудың мүсіні алыстан “менмұндалайды”. Жергілікті мү­сінші Бақытжан Рамазановтың ай­шықты қолтаңбасы айқын аңғары­лады. Ардагерлер мектептің мұ­ра­жайымен танысып, естелік кі­тапқа қолтаңба қалдырды. Облыс орталығындағы 25 жылдық тари­хы бар Қожаберген жырау атын­дағы қазақ орта мектебімен бай­ла­ныс жасау, ондағы мұражай жә­дігерлерімен алмасу жайлы ұсы­ныстар айтылды. Қазақстанның ха­лық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иван Шуховтың мұражай-үйі қалпына кел­тіріліпті. Оның алдына жазушы­ның бір ғасырлық мерейтойына орай мүсіні орнатылған. Жасыл желекпен көмкерілген мұражай үйінің ауласы да көз тартарлық­тай.

Аудандық Мәдениет үйінің екінші қабатында орналасқан этномәдени орталықтың жетекшілерімен кездесу ұйымдастырылды. Қазақ ұлттық мәдени бірлестігіне осыдан 31 жыл бұрын Шымкенттің мәдени-ағарту институ­тын бітіріп, арнайы жолдамамен келген мәдениет саласының үздігі Күлбаршын Рәзиева жетекшілік етеді. Кең бөлмеге аса талғампаздықпен киіз үй, жиһаздар, қолөнер бұйымдары қойылған. Ұйым жанынан құрылған “Мерей” этногра­фиялық ансамблі әннен шашу шашты. Қонақтардың мәдени орталықтарға “Достық үйі” сияқты кеңдеу жерден орын берілсе, тұрғындарға көрсетер танымдық қызметі де еселене түсер еді”, – деген пікірлері ескерілер деген ойдамыз.

Облыстың киелі жерлерінің кар­тасына енгізілген нысанның бірі – Сәбит ауылындағы жазушы мұра­жайы. Ғимарат кезінде атақты жазушы туған жеріне келген кезде демалатын орын ретінде қарағайдан қиылып, 1960 жылы салынған екен. Сәбеңнің 100 жылдығына орай мемориалдық мұражайға ай­налдырылған. Қасында екі қабатты мейманхана бар. Бұл нысандардың ашылуына Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қа­тысқан болатын. Мұражай қызметкері Әлия Сәрсекова мұндағы жәдігерлер жазушының сүйікті жары Мәриям апайдың және ұл-қыздарының көмегімен жасақталға­нын, әлі күнге дейін толығып жатқанын жеткізді. Мұражай алдындағы мүсін де ерекше. Оқушы­лар Гүлзада Айдарбекова, Сая­жан Сәрсекова, Асыл Нұрлан Сә­бит атасының жырларын жатқа айтып, кездесуді әнмен өрнектеді.

Жангелді Тәжин Алматыдағы Сәбит Мұқанов мұражайының алғашқы директоры болған жазушығалым Құлбек Ергөбековтың Сә­бең жайлы мол мағлұматтар топтастырылған “Келбет” кітабын тарту етті. Ардагер ұстаз, осы аудандағы Амангелді ауылындағы мек­тепті бірнеше жыл басқарған Қарақат Шалабаев Гүлтөбе-Маманай жайлы кітабын, Қазақстан­ның құрметті журналисі Амандық Жантеміров Сәбит Мұқанов туралы естеліктер мен мақалалар ба­сылған газет тігінділерін мұражай­ға сыйға тартты. Қалпына келтірілген жазушы атындағы мектеп­те 12 балаға арналған шағын ор­талық жұмыс істейді. Осы білім ұясын ұзақ жылдан бері басқарып келе жатқан тәжірибелі ұстаз Са­пура Кәленованың айтуына қараған­да, оқушылар саны аз. 28 үй, 150-дей ғана тұрғыны бар ауыл­дың көшесі асфальтталған. Ауыз­суды ауыл шетіндегі мұнарадан тасып ішеді. Мектеп ғимаратының жылу қа­зандығына қажетті тіршілік көзі де сол жерден қоларбамен әкелінеді. Су тапшылығы салда­рынан мектеп сыртындағы бос жатқан кең аумақ игерілмей қалған. Бір өкініштісі, оқушылар мен тұрғындардың санын оңтүстіктен қоныс аударушылардың көпбалалы отбасыларымен толықтыру мәселесі жергілікті билік тарапынан ескерілмеген. Жағдай осылай жалғаса берсе, “болашағы жоқ” елді мекен ретінде тарап, жұртын ғана сипап қалуымыз ғажап емес.

Ғабит Мүсіреповтің туған ауылы Жаңажол ары қарай 20 шақырымдай ғана жерде. Екі ортадағы ескі қорымда сөз зергерінің ұшқыр қаламына арқау болған Ұлпан әжеміздің қызыл кірпішпен өрілген кесенесі бар. Бұл қорымда басқа да белгілі тұлғалар мәңгі тыныстап жатыр. Аруақтарға арнап Құран бағышталды.

Жаңажол кезінде Ғабит Мүсірепов атындағы кеңшардың ор­талығы болған. Үш қабатты мектеп ғимараты мен екі қабатты Мәде­ниет үйі, жергілікті мешіт сол кезде салынған. Жазушының 100 жылдығына орай мемориалдық мұ­ражай пайдалануға берілген. Күрделі жөндеуді қажет ететіндіктен жәдігерлер Мәдениет үйінің екінші қабатына көшіріліпті. Мұражай қызметкері Клара Қошаеваның сөзіне қарағанда, қолда бар экспонаттарды сақтауға ерекше назар аударылады. Осы ауылдың тағы бір дарынды тумасы, ақын, публицист Ербол Шаймерденовтің артында қалған мол мұрасы да көздің қарашығындай сақтаулы. Жаңажол – партизан-жазушы Қасым Қайсенов, көрнекті ақындар Жұбан Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Әлжаппар Әбішев, жерлес жазушы Сафуан Шаймер­денов сынды тарихи тұлғалар ат басын тіреген, атақты Елтінжал мен Қызқарағай орналасқан құтты мекен. Жергілікті сазгер Жоламан Тұрсынбаевтың әуенімен, бұлбұл көмей әнші Бибігүл Төлегенова­ның орындауымен алты алашқа кеңінен танылған атақты Қызқарағай да, оның қасындағы алып қарағайдың бұтағынан арнайы жасалған жазушының орынтағы да Ғабең қайтыс болғаннан кейін қурап қалса керек.

Тұрғындар саны сексеннен сәл-ақ асатын ауылда 294 адам тұрады. Күрделі жөндеуден өткізілген мектепте 65 оқушы білім алады. Бір қуаныштысы, оңтүстіктен қоныс аударатын қандастарымызға арналып 6 үй салынған. Жергілікті мұражай экспедиция мүшелері табыс еткен естеліктер кітабымен, Ғабең жайлы жазылған газет материалдарымен, қос алып – Сәбең мен Ғабеңнің жаңадан жарық көрген жинақтарымен толықты.

“Жаңажолға Ғабең есімін беретін кез келді. Өңірде Жаңажол атаулары жетерлік. Ал сөзден тү­йін түйген Ғабит – жалғыз. Бір кездері есімі берілген кеңшар бұл күндері жоқ. Алдағы мерейтой Жаңажол емес, Ғабит ауылында аталып өтуі керек”, – деген ұсыныстың жаны бар.

Нұрсайын ШӘРІП,

Қошан ҚАЛИ,

ардагер журналистер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp