Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. “Бұл – өткен жолымызды зерделеуге жақсы мүмкіндік. Мерейтой саяси-экономикалық реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқығын қорғау, экология мәселесін шешу аясында өтеді. Біз маңызды істерді ұзаққа созбай, қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек”, – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында. Ел өміріндегі осы айтулы оқиға қарсаңында Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасовпен азаттық жылдары атқарылған істерге шолу жасап, алда тұрған ауқымды міндеттер туралы сұхбаттасудың сәті түсті.
– Жанат Ғаббасұлы, Қызылжар – облыс орталығына ең жақын орналасқан аудан, сондықтан оның өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі де қомақты. Тәуелсіздік жылдары ауданның қол жеткізген табыстарына қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– Тәуелсіздік жылдарында ауданда көптеген жаңа кәсіпорындар ашылды. 1991 жылы сүт өнімдерін өндіретін “Молсервис” консорциумы пайдалануға берілді. Бүгіндері елімізге және одан тысқары жерлерге өнімдері танымал компаниялар “Зенченко және К” КС-і мен “Радуга” ЖШС-і де өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары істерін бастаған. 1998 жылдың желтоқсанында “Бескөл құс фабрикасы” асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алды. Ғасырлар тоғысында аудан орталығының аумағында ет консервілерін өндіретін “Тортуманов” ЖШС-і, жиһаз жасайтын “Левин” ЖК-і ашылды.
Агроөнеркәсіптік кешенде де мемлекеттік қолдаудың арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізілуде, соңғы бір жылда осы саланы дамытуға 15 млрд. теңгеден астам субсидия бағытталды. Үшінші жыл қатарынан біздің диқандар облыс аудандары арасында астық өнімдерін өндіру көрсеткіші бойынша бірінші орынға ие. Бұл – агроқұрылымдарымыздың үлкен еңбегі. Олар өнімділікті арттыру үшін егістік алқаптарына тыңайтқыштар сіңіріп, жаңа технологияларды белсенді қолдануда. Тәуелсіздік жылдарында ауданымызда егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да алға басты, одан алынатын шикізатты қайта өңдейтін өндірістер жұмыс істейді. Ауданымыздағы сан-салалы кәсіпорындар облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып отыр.
Тәуелсіздік жылдарында бұрынғы мектептер мен балабақшаларды сақтап қалдық, сондай-ақ жаңадан үш білім ордасы мен бір сәбилер үйі, мектептердің жанынан шағын орталықтар ашылды. Аудандық өнер мектебі, төрт бірдей денсаулық сақтау нысаны, жеті Мәдениет үйі және т.б. нысандар бой көтерді. Аудандық орталық емхананың жанында мүгедектерге арналған облыстық оңалту орталығы жұмыс істейді. Бескөлде кәріз жүйесін жөндеу, көшелерді асфальттау, ауылдарды абаттандыру және жарықтандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.
2010 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан “Жұмыспен қамтудың жол картасы” аудан тұрғындарына қосымша мамандықтарды игеруге және жұмысқа орналасуға көмектесті. Соның нәтижесінде экономиканың түрлі секторларында жұмыспен қамтылғандар санының өсуі және тиісінше жұмыссыздар қатарының қысқарғаны байқалады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін несие алып, мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар саны бірнеше есе өсті. “Қарапайым заттар экономикасы” жобасы аясында ауданда бизнес-жобалар қаржыландырылды, оларды жүзеге асыру қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
– Ауданда соңғы жылдары бірнеше инвестициялық жоба қолға алынғанын білеміз. Олар қалай жүзеге асырылып жатыр? Өз өнімдерін шығара бастағандары бар ма?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, барлық деңгейдегі әкімдер жұмысының негізгі индикаторларының бірі – инвестиция тарту. Аудан экономикасына жыл басынан бері 10,5 пайыз өсіммен 28,4 млрд. теңге қаржы тартылды. Қызылжар ауданының облыстағы үлесі – 9,4 пайыз. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс орталығының айналасында азық-түлік белдеуін құру міндетін қойған болатын. Бұл міндетті біз кезең-кезеңмен орындаудамыз. Ауданда 15 тауарлы-сүт фермасы бар, тең жартысы заманауи сүт кешендері, бес құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Соңғы үш жыл ішінде сүт өндірісі 9 пайызға (6,1 мың тоннаға), ет – 2 пайызға (224 тоннаға), жұмыртқа – 4 пайызға (29 млн. данаға) ұлғайды. Мемлекеттің қолдауының арқасында соңғы үш жылда 193 кәсіпкерлік нысаны ашылып, 247 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бүгінгі таңда бизнес саласында 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
2019 жылы біздің кәсіпкерлер алғаш рет 17 жоба бойынша “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасына қатысты, соның нәтижесінде 65 жұмыс орны ашылды. Зығыр мен рапс өңдейтін май цехын ашу, кірпіш зауытын, құс фабрикасын, ағаш өңдеу зауытын салу және т.б. ірі жобалар іске асырылмақ. Жаңа өндірістердің ашылуы маусымдық және өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерлеріміз үшін тұрақты жұмыс орындарына тұруға мүмкіндік береді.
Биыл Подгорное ауылында “Норд Жолдары” ЖШС-і асфальт зауытын салды. Үстіміздегі жылы “Кірпіш СК” ЖШС-і кірпіш зауытын ашуды жоспарлауда, сондай-ақ шикізат дайындау үшін саз өндіру бойынша тау-кен өнеркәсібі дамитын болады, карьер – Подгорное және Новокаменка ауылдарының арасында орналасқан.
– Бескөл ауылында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйлер салынуда. Қалаға іргелес елді мекендегі үйлер мен ұйымдар орталық жылуға қосылып жатыр. Алдағы уақытта аудан орталығында тағы не істеледі?
– “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша Бескөл ауылында 30 және 40 пәтерлі тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді. Бұл бізге халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Биыл 50 пәтерлі екінші бес қабатты үйдің құрылысын бастаймыз. Оңтүстіктен қоныс аударушыларға арналған үйлердің құрылысы да жалғасуда. Соңғы үш жылда 87 үй салынды. 2020 жылы 55 отбасы немесе 200-ге жуық адам көшіп келді, олардың 73-і кәсіпорындарға, мектептер мен ауруханаларға жұмысқа орналастырылды, ал 19 адам өз ісін ашты. Бұл оқушылар санының аздығынан жабылу алдында тұрған біздің мектептер үшін үлкен көмек болды.
Бескөл ауылында ширек ғасырдан астам уақыт бойы орталық жылу жүйесі болған жоқ. Облыс әкімінің қолдауымен қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл орталық жылуға 700 жеке үйді және 44 кәсіпорын мен ұйымды қосуға мүмкіндік берді. Көппәтерлі үйлерді орталық жылу жүйесіне толық қосуды жоспарлап отырмыз.
– Биыл округ әкімдерінің сайлауы өтеді. Жалпы жергілікті атқарушы орган өкілдері өз ауылдық округтерінде тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін қандай жұмыстар атқаруда?
– Президенттің бастамасымен сайлау туралы заңға түзетулер енгізілді, соның нәтижесінде биылдан бастап ауыл әкімдері тікелей сайланады. Сайлауда жеңіп шыққан әкім халықтың қолдауына ие болу үшін барын салып қызмет ететіні анық. Бұрын ауыл әкімдерін жергілікті мәслихат депутаттары таңдайтын. Енді халық тікелей сайлайды. Бұл жағдайда әкім тұрғындардың қолдауына мәжбүр болады, яғни дауыс берушілер алдында жауапкершілік арта түседі.
Әрбір округтің әкімінде ауылды дамыту және проблемаларды шешуге көмектесетін, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық сала және көлік инфрақұрылымы нысандарының жай-күйін жақсартуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша өз жоспарлары бар. Жүргізілген талдау көрсеткендей, үш жыл бұрын бір округті дамытуға орта есеппен 1,4 млн.теңге бөлінсе, өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 10 млн. теңгеге жетті. Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап ірі ауылдық округтер бюджеттің 4-ші деңгейі бойынша жұмыс істей бастады. Бұл округтер өз бюджетін өздері жұмсайды.
– Аудандағы кейбір елді мекендерде ауызсу және жол проблемалары әлі де өзекті. Бұл бағытта қандай істер атқарылып жатыр?
– Тұрғындарды сапалы ауыз-сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы санация әдісін қолдана отырып, көп іс атқардық. Аудандағы 15 мың үйдің 70 пайызына сапалы ауыз-су тартылған. Былтыр біз бұл жұмысты 10 ауылда жүргіздік. Жалпы үш жыл ішінде 20 ауылды қамтып, 2 мыңнан астам үйге сапалы ауызсу кіргіздік.
Жыл сайын аудан орталығына көшіп келушілер саны артуда, сондықтан өткен жылы таза су резервуарлары бар сорғы станциясының құрылысы басталды, бұл шамамен 400 үйді су қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары жолдарды жөндеу бойынша біршама жұмыс жүргізілді. Аудандық мақсаттағы 256 шақырым жолдың 206 шақырымында жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл 14 ауылға апаратын аудандық жолдардың 80 пайызы. Қазір аудандық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағыларының үлесі 12 пайызға артты. Біз бұл жұмысты 2021 жылы да жалғастырамыз, осы мақсатқа аудандық бюджеттен 158,4 млн. теңге бөлінген, оған 17 ауылдағы кентішілік жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
– Ауданда білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларын дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
Облыс әкімінің есеп беру кездесуінде көтерілген мәселелерді іске асыру аясында Бескөл ауылының Оңтүстік-Шығыс шағынауданында 300 орындық жаңа мектеп салынды. Білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсаруда, 42 мектепте бейнебақылау жүйесі орнатылып, екі “ГАЗель” автокөлігі, 1200 компьютер сатып алынды. Соңғы екі жылда 17 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Петерфельд орта мектебі, Бескөл мектеп-гимназиясы сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқуға қолайлы жағдай жасауға оң ықпал етеді.
Былтыр алғаш рет ауданда Бескөл, Боголюбово, Якорь, Долматово, Пеньково ауылдарындағы бес мәдениет нысаны жөнделді. Құмар Іргебайұлының тапсырмасы бойынша Бескөл, Боголюбово және Якорь ауылдық клубтарының базасында үш мәдени-сауықтыру орталығы ашылды. Елді мекендерде спорт нысандарын (шағын футбол, волейбол, балалар ойын алаңдары, варкаут, көше жаттығу кешені) салу жоспарда бар.
Бұл бастамалар алдағы жылдары да тоқтамай, жаңа қарқынмен іске асырылатыны анық. Өйткені Тәуелсіздік – біздің табыстарымыздың тірегі, алда бағындыратын биік белестерге бастайтын шамшырақ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.