Әні мен сәні қатар өрілген, құт-береке дарыған, әлеуметтік жағдайы жақсарған Қызылжар ауданындағы Якорь ауылы – іргелі елді мекендердің қатарында. Іргетасы сонау отызыншы жылдары қаланған, бір ғасырға жуық тарихы бар ауылымыз облыс орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан.
aМен бұл ауылға өткен ғасырдың 60-шы жылдары бала кезімде көшіп келген едім. Содан бері екінші Отаныма айналған ауылымның өсіп-өркендеуіне зейнет жасына жеткенше хал-қадерімше үлес қостым. Бүгіндері екі мыңнан астам адам тұрып жатқан ауылдағы барлық өзгерістер менің көз алдымнан өтті деуіме толық негіз бар. 2013 жылы Якорь ауылының мерейтойы қарсаңында жергілікті мұражайдың ашылуына мұрындық болдым. Оған қажетті жәдігерлерді, мұрағат деректерін ауылдастарыммен бірге тірнектеп жинадық.
Қазіргі таңда мұражайдан ауылдың өркендеуіне атсалысқан азаматтардың фотосуреттері мен олар туралы қысқаша мәліметтерді табуға болады. Оған жиырмасыншы ғасырда қолданылған заттар, соғыс кезіндегі сарбаздардың қару-жарақтары, әртүрлі этностардың салт-дәстүрлеріне қатысты экспонаттар қойылған. Тәуелсіздік жылдары ауылымызда болған өзгерістерден сыр шертетін жәдігерлер де келушілердің қызығушылығын тудырады. Ауылымызға келген меймандардың көпшілігі біздің мұражайға міндетті түрде кіріп шығады. Қазір ол якорьлықтардың ерекше мақтанышына айналған. Мұражай жәдігерлерінің өскелең ұрпаққа беретін тәрбиесі мол деп санаймын.
Ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жыл санап жақсарып келеді. Сол себепті соңғы жылдары ауылымыздан ешкім көшіп кеткісі келмейді, керісінше, бізге қоныс аударуды ниет еткендер аз емес.
Галина КУЦ,
Қызылжар ауданының құрметті азаматы.