Солтүстік Қазақстан облысында жарты жылдың ішінде полицейлер 4 есірткі зертханасын анықтап, жойды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда өңірде 573 адам нашақор ретінде есепте тұр, оның ішінде 40 әйел мен 1 жасөспірім бар. 6 ай ішінде дәрігерлер есірткі дозасын асыра пайдалану фактілері бойынша 22 шақыртуға барған. Үш жағдайда есірткі пайдаланғандар көз жұмды, қайтыс болғандардың бірі – әйел.
Полицейлердің айтуынша, «қара нарықты» синтетика есірткі жаулап алды. Мұндай есірткіні кез-келген аумақта, яғни құрамында есірткі бар өсімдіктерден алшақ жерлерде жасап шығаруға болады.
«Жыл басынан республикада 10 есірткі зертханасы жойылды, оның 4-уі Солтүстік Қазақстанда болған. Үш жағдайда күдіктілер мефедронды және «тұзды» жасаған. Екі зертхананы қылмыстық топтар ұйымдастырған, олардың біреуі есірткі жасау жолын толық игерген: концентратты жасаудан бастап, дайын «өнімді» сатуға дейін барған», – дейді СҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығыЖандос Басыбаев.
Жыл басынан облыста есірткі сатудың 29 фактісі, сақтаудың – 65, есірткі контрабандасының 5 дерегі тіркелген. Бұдан бөлек, рөлге есірткіге елітіп отырған 21 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан 125 кг есірткі заты тәркіленді, оның 4 кг астамы синтетика есірткі.
https://www.inform.kz/