Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина жергілікті мәслихат өкілдерімен кездесті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен басқосуда сенаторлар қабылданған жаңа заңдар туралы ақпарат берді.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Ерік Сұлтановтың айтуынша, соңғы уақытта 63 заң актісі қабылданған. Ерік Хамзаұлы өз баяндамасында “Жер қатынастары”, “Сайлау”, “Кәсіпкерлік”, “Шағын және орта бизнесті қолдау”, “Мемлекеттік сатып алулар”, “Туризмді дамыту” туралы Заңдарға енгізілген өзгертулер туралы айтып өтті. Ольга Перепечина болса қызылжарлық әріптестеріне бюджеттік саясат пен әлеуметтік саладағы жобаларды қаржыландыру туралы баяндады.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, мәслихат депутаттары меймандарға өз сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алып отырды. Облыстық мәслихат депутаты Ерлан Зікірин ауылды жерлерге ауызсу тарту нормативтеріне тоқталса, қалалық мәслихаттың өкілі Владимир Эрман мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту туралы заңға өзгерістер енгізу жайлы ұсыныстарын айтты.
Жиында көтерілген өзекті мәселелердің бірі – ауылдардағы жайылым тапшылығы. Осыған байланысты Ерік Сұлтанов заңдағы өзгерістерге назар аударды.
– Биылдан бастап ауыл шаруашылығы құрылымдары елді мекендердің жанында егін екпейді, малдарын жаймайды. Бұл жерлер ауыл тұрғындарының малын бағуға беріледі. Жекеменшік малының жайылымына арналған шекараны реттеумен Үкімет айналысады, – деді сенат депутаты.
* * *
Өңірімізде жұмыс сапарымен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода бірқатар әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.
Алдымен мәжілісмендер облыс орталығындағы 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасында болды. “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған мекеме өз жұмысын өткен жылдың соңында бастаған болатын. Мұнда емдеу 56 екі орынды, 16 үш орынды және 6 бір орынды палаталарда өтеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін ауруханада заманауи компьютерлік томография және ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, клиникалық және вирусологиялық зертхана бар. Бұдан кейін халық қалаулылары көпсалалы аурухананың құрылыс барысымен танысты. Мұнда құрылыс жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталған. Аурухана шамамен 9,5 гектар жерді алады және көпбейінді, перинаталдық, кардиологиялық, онкологиялық бөлімшелерден тұратын болады. Корпустар алты қабатта орналасады. Облыстық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары Асхат Молжігітовтің айтуынша, мекеме жаңа жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Жұмысқа тек облысымыздан ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де мамандар тартылатын болады. Оларға арнайы көтермеақы қарастырылған. Мұнда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері міндетті кәсіби курстардан өтеді.
– Бұл аурухана “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енді. Жол картасында мұндай нысандар көп. Біз тек қалалық жерлерді ғана емес, шалғай елді мекендерді де аралаймыз. Әрбір ауыл тұрғындарын жол, су, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері толғандырады. Біз жергілікті жерлерде Жол картасының қалай орындалатынын, халықтың қандай проблемалары бар екенін тексеріп, кері байланыс орнатуымыз керек, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Ерлік Тайжанов.
Депутаттар сондай-ақ “Nur Otan” партиясының аймақтық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Кездесуде олар сайлауалды бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша Жол карталарының орындалуын бақылау мәселесін талқылады. Мәжілісмендердің айтуынша, бұл бағытта жолдарды жөндеу, елді мекендер тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру нысандарын салу және жөндеу, сонымен қатар басқа да көптеген мәселелерге баса назар аудару қажет.
Бұдан соң халық қалаулылары Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында болып, ұжыммен кездесті. Жиында Ерлік Тайжанов осы мектепте оқығанын айтып, гимназияның балаларға сапалы білім беру жолындағы жұмысына сәттілік тіледі. “Бүгінгі таңда білім ордасы солтүстікқазақстандықтардың назарында. Жыл сайын мектеп түлектері “Алтын белгі” медалі иегерлерінің қатарын толықтырып, Ұлттық бірыңғай тестілеуде үнемі жоғары нәтиже көрсетіп жүргеніне қуаныштымын”, – деді Ерлік Серікбайұлы.
Жол карталарын уақтылы орындау – нұротандықтардың бірінші кезектегі міндеті. Шал ақын ауданының жұртшылығымен және сайлаушыларымен кездесу барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары партияластарға сайлау алдындағы уәделерді мүлтіксіз орындау ауыл тұрғындарының өмірі мен әл-ауқатын жақсартуға көмектесетінін еске салды. Олар Сергеевка қаласында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне, Сергеев гидроторабына барып, Ступинка негізгі мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Нысандарды аралау кезінде депутаттар белгіленген жоспарларды тиімді іске асыру үшін бірқатар ұсыныстар айтты.
Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода Ақанбарақ ауылындағы “Әсем” шаруа қожалығында болып, қызметімен танысты. Мал және өсімдік шаруашылығымен айналысатын қожалықтың егіс алқабы 2564 гектарды құрайды. 19 адам жұмыспен қамтылған серіктестікте 259 ірі қара, 350 ұсақ мал, 370 жылқы бар. Мәжілісмендердің пікірінше, өңір шаруалары осындай тиімді жұмыс істейтін шаруа қожалықтарынан үлгі алуы керек.
Сағындық МАУҒАЗИН,
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.