Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Надежда Косыгина 70 жасқа толды. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өңір басшысының атынан сахна шеберін мерейтойымен құттықтады.
– Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз қызылжарлық өнерсүйер қауымға ұмытылмас әсер сыйлап келе жатқан әртіссіз, күміс көмей әншісіз. Облысымыздың мәдениет саласының дамуына қосқан үлесіңіз орасан, – деді Ғани Сақтағанұлы. Надежда Косыгинаның биыл сахнада өнер көрсетіп жүргеніне 35 жыл. Қарағанды қаласында туған ол 1988-1996 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында әнші-вокалшы, көркемдік жетекші болып қызмет еткен.
Кейін бойындағы актерлық талантын байқаған театр майталмандары Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына қызметке шақырады. Актриса содан бері аталмыш шаңырақтың сахнасынан түскен емес. Тіпті, ресейлік өнер ордаларының шақыртуларын қабылдамаған кездері де болды. Бүгінге дейін 50-ден астам рөлді сомдап көрермендерінің көзайымына айналып, ыстық ықыласына бөленген өнер иесін әріптестері де ерекше құрметтейді.
– Мен Қазақстанда туып-өстім. Өмірлік серігімді де осы берекелі өңірде таптым. Мені қуанышыммен құттықтап жатқан баршаңызғаға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта өзімнің білгенімді жастарға үйретуде аянып қалмаймын, – деді Надежда Косыгина.
Қиын да қилы тағдырларды сомдап, патша көңіл көрерменнің жүрегінен орын алған сахнагерге облыс әкімінің атынан гүл шоғы мен сыйлық табыс етілді.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.