Біз Сәбит Мұқановты көп жағдайда қаламынан “қазақ әдебиетінің алтын қорына” енген небір көркем дүниелер, кестелі шығармалар тудырған классик жазушы ретінде танимыз. Қаламгердің халық ауыз әдебиетінің ішіндегі айтыс өнеріне ерекше назар аударғаны айтылмай қалып жатады.
Жазушының 1939 жылы жарық көрген “Айтыс және ақын” атты көлемді мақаласы кейін 1941 жылы “Айтыс” жинағының І томына кіріспе болып жарияланды. Сәбең 1942 жылы “Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер” еңбегінде “Айтыстар туралы” зерттеу арнап, мақаланы толықтыра түседі. Бұл тарау жеті бөлімнен тұрады. “Жалпы айтыс туралы” бөлімінде айтыстың халық өміріндегі рөліне, халық тұрмысының айнасы екендігіне баса назар аударады, “Айтыс ескі заманнан келе жатса да, ең мол сақталған кезеңі – ХІХ ғасырдағы айтыстар”, деп көрсетеді.
ХIX ғасырда халық арасында Орынбай, Шортанбай, Сақау, Шөже, Балта, Жанақ, Әсет, Күдері, Тоғжан, Марабай, Сүйімбай, Ыбырай, Біржан, Мұрат, Елентай, Жарылғасым, Күдері, Әбеу сынды сөз шеберлерінің, сонымен қатар Күйкентай, Шәріп-Жамал, Дәме, Ұлбике, Тыныштық, Шөкей, Қадиша, Ақсұлу, Айқын, Сара, Жөкей, Болық сияқты әйел ақындардың есімі ерекше танылғаны белгілі. Жазушы осы айтыскерлердің ақындығы мен әншілігіне тоқталып, олардың артына қалдырған мол мұраларын жинау келер күннің міндеті деп пайымдайды.
Сәбит Мұқанов бұл айтыстардың өлең формасына келгенде көбінің 7 буынды, 11 буынды болып келетінін, “Біржан мен Сараның, Әсет пен Ырысжанның, Ақсұлу мен Кеншімбайдың, Мансор мен Дәменің айтыстарында тіл байлығы тамаша көрініс тапқанын жазды. “Бұл айтыстар эстетика заңын толық сақтап, тіл құрылысы, образ жағынан әдебиет теориясының тілегіне толық жауап береді, жазба әдебиеттің ең көркеміне таласа алады”, – деп жоғары бағалады [Мұқанов С.Қазақтың ХVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер. /құраст. Қайырбеков Ә. – Алматы, “Арыс баспасы”, 2002. -183 б.]. Сонымен қатар қазақ әдебиетіне жазба айтыстың келуін – ислам дінінің қазақтардың арасында кең қанат жаюымен, араб әліпбиінің таралуымен байланыстырады. Жазба айтыстың үлгісі ретінде Шәді мен Манат, Ақан мен Нұрқожа, Ақан мен Мәшһүр Жүсіп, Нұржан мен Сапарғали айтыстарын көрсетеді.
Хат жазысып айтысу дәстүрі С.Мұқановтың “Өмір мектебінің” І томында бар (Сәбит пен Ерміш айтысы). Бұдан шығатын қорытынды, жазушының тек теориялық білім ғана емес, тәжірибе жүзінде де айтыс жанрымен таныс екені, жетік білгені аңғарылады.
Мақаланың “Ақын және айтыс” деп аталатын екінші тараушасында “айтыс” сөзінің этимологиясына, семантикалық мағынасына, айтыстың жазба мәдениетте қолданылуы, айтыстың жанрлық ерекшелігі, айтыскер ақындар, ақын мен жыршының айырмашылығы төңірегінде әңгіме өрбіген. Жазба мәдениетінің тарихы ертеден келе жатқан грек, рим сияқты т.б. елдерде “айтыс” поэзиясының ұшыраспайтыны, тек “араб” елінде “айтысқа” ұқсас “мұғаллақат” оның өзі көшпелілер тұқымы Бедүйіндер арасында кездесетінін тілге тиек етеді. Ал көшпелі қазақ, түрікпен, моңғол сияқты елдердің көбінде “айтыс” жанры әлі де жалғасын тауып жатыр деген пікір білдіреді.
Жазушының: “Ақынға “ақын” деген атақ әперетін ең басты поэзия “айтыс” болған”, – дейді де, ақынға тән белгілерге жаттама өлеңнің аздығы, көбіне суырып салу, тапқырлық пен өткірлік, әрі халық ауыз әдебиетінен көп білуді жатқызады. Ақынның жыныс, тегі мен жасына, руына қарамай ардақтайтынын да қалыс қалдырмайды. Ал ақын мен жыршының арасындағы айырма туралы: “Ақынның негізгі кәсібі – өз жанынан өлең шығару (импровизация), жыршының негізгі кәсібі шығарылған даяр өлеңдерді жинау”, – дей отырып, екеуіне ортақ дүние ретінде ауыз әдебиеті мұраларын сақтау деп көрсетіп, оған Жұмағұл (“Едіге батыр”), Марабай (“Қобыланды”), Мұрат (“Орақ-Мамай”), Жанақ (“Қозы Көрпеш – Баян сұлу”), Жамбыл (“Өтеген”, “Сұраншы”, “Саурық”) сияқты ақындарды жатқызады.
Сәбит Мұқанов мақаласының “Айтыс пен шындық” атты үшінші тараушасында халықтың айтысты жақсы көруінің себебі сөз болған. Халық ақынның тіл шешендігіне, түріне қарап емес, оның ел тағдырын, ел қайғысы мен қуанышына ортақтасу тұрғысынан бағалайтынын ескертеді. Ақындардың “Ескі феодалдық ауылда аталықты ақсүйек байлардың тұқымынан шықты деген ақын өте аз естіледі. Әрине, феодалдар мен байлар табынан да ақындық дарынмен туған адам болуы керек. Бірақ ол кезде қазақ байлары мен феодалдары тұқымынан ақын шығуды өзіне намыс көрген, ақынды олар өлеңін сатушы кәсіп иесі деп ұққан, ақындықты олар қайшылық кәсіптің түрі санаған”, – деп ақша үшін өнерін саудаға салып байды мақтап жырлаған ақындар болғанын жоққа шығармайды. Бірақ елі үшін еміренген, “қанағыштық пердесін” ашқан ақындар болды деп Сүйінбайдың Тезек төреге, Ақсұлу мен Кеншімбай, Құлмамбет пен Байкөт, Шөже мен Тезекбай айтыстары арқылы өз ойын дәйектей түседі.
Жетінші тараушада “Біржан мен Сара” айтысы кеңінен қамтылған. “ХІХ ғасырдағы айтыстардың ең көлемдісі де, ең көрнектісі де, бағаласы да Біржан мен Сараның айтысы” [Айтыс. Т1./ред. басқ. Мұқанов С.,Смайылов Е. – Алматы, “Қазақтың біріккен мемлекеттік” баспасы, 1941. -22б. ]. Сонымен қатар Сәбеңнің 1938 жылы орта мектептің 8-сыныбына арналған “Қазақ әдебиеті” хрестоматиясына “Біржан мен Сара айтысы” деген бөлімді енгізгені осы айтысты жоғары бағалағанын көрсетеді. Бұл тараушада Біржанның өмірбаяны мен шығармашылығына тоқталып, екеуінің арасында айтыс болды ма деген сұраққа жауап іздейді. Болғанына Біржанның немере інісі Ахметжанның, Ж.Шайхыисламұлының сөздері дәлел. Ал “айтыстың қағазға түскен нұсқасын Әріп жазды ма?” – деген сұраққа былай жауап берген: “Біржан мен Сараның айтысы орын алған жылы Біржан 37 жаста еді. Бұл 1869 жыл. Әріп 1924 жылы 62 жасында дүниеден озған. Сонда Әріптің туған жылы 1862 жылға сәйкес келіп тұр. Біржан мен Сара айтысатын жылы Әріп 7 жаста болған. Жеті жастағы баланың айтысты жазуы мүмкін емес. Бәлкім, Әріп арада біраз уақыт өткеннен кейін жарыққа шығарған болар”.
С.Мұқановтың топшылауларының дұрыстығы М.Әуезовтің 1948 жылғы “Айтыс өлеңдері” еңбегінде дәлелдене түскен. Онда Мұхтар Омарханұлы Біржан мен Сара айтысының болғаны, Сараның айтып беруімен көптеген ақындардың аузынан өтуі, хатқа түскені, солардың бірі Әріп екенін жеткізеді. Осы тұста ғылымда екі теріс пікір, бар соны ажыратып алу мәселесін көтеріп, оған: “…бірінші теріс пікір – Біржан-Сара айтысы емес, Әріп шығарған деген сөз болады. Екінші теріс пікір – Әріптің бұл айтысқа ешбір қатынасы жоқ, ол мұндай өлеңдер шығара алмайды деген пікір болады. Анығында негізгі шығарушы емес, бірақ өзгеше қоспалар қосушы, соңғы айтушы Әріп болғаны рас. Бірақ ол хал, айтысты Әріптікі ете алмайды”, – деп, осы мәселе төңірегінде нақты қорытындыға келгені байқалады [Айтыс. Т2. /құраст. Ш.Ахметов, Б.Ысқақов, М.Байділдаев. – Алматы, “Жазушы” баспасы, 1965. – 41б.]
С.Мұқанов Біржан мен Сара айтысының негізгі көтерген мәселесі – қалың мал мәселесі дей отырып, оған “қалың мал темасына жазылған бір драмалық поэма” деп баға берді. Ондағы теңеу, образдарды қазақтың мәдениеті мен танымымен сабақтастыра қарады. Әрине, автор мұнымен мазмұндық, көркемдік тұрғыдан бәрін қарастырды дей алмаймыз. Мұны жазушының өзі де очерк соңында айтып өтеді.
С.Мұқанов ХІХ ғасырдағы айтыстармен ғана шектелмей кеңестік кезеңдегі сөз бәйгесі туралы да ой айтқан. Бұл туралы К.Ахмет “Қазіргі айтыстың өзгешелігі жайында алғашқы бағалы пікір айтқан адамның бірі – Сәбит Мұқанов” – деп жоғары баға береді [Ахмет К.С. С.Мұқанов – қазақ әдебиеті тарихының зерттеушісі/ автореферат. – Алматы, 2010. -31 б.] С.Мұқанов ауыз әдебиеті революцияға дейін де, кейін де маңызын жоймағанын, 1939 жылдың өзінде бұл дәстүр сақталғанын көрсете отырып, бұрынғы мен сол кездің айтысының ерекшелігін екі тұрғыдан сараптайды. Мазмұндық тұрғыдан: “…қазіргі айтыстар, түр жағынан ғана бұрынғы айтысқа ұқсамаса, мазмұн жағынан еш ұқсамайды. Қазіргі айтыста бұрынғыдай рушылдық таластың я жыныстық таластың мотиві жоқ. Қазіргі әртүрлі кездесетін айтыстардың мотиві біреу, ол – халықты коммунизм рухында тәрбиелеу, осы жөніндегі жетістігін мадақтап, кемшілігін көрсету”, – десе, ал ақындарды қадірлеуде: “Революцияға дейін ақындарды қадірлеген еңбекші көпшілік қана. Қанаушы тап ақынды қадірсіз ұстады, өзінің қанағыштық мақсатына құрал қылғысы келді”, – деп ақындардың әлеуметтік тұрмысының жұтаңдығын, ал революциядан кейін ақынның қадірі өскенін жеткізеді. Екінші айырмашылықта таптық көзқарасының ұшқынын сездіріп отырады. Кез келген адам заманынан тысқары өмір сүре алмайтындықтан, бұл тұрғыда авторды кінәлай алмаймыз. Бұл тек С.Мұқановтың ғана емес, сол дәуірдегі еңбектердің көпшілігіне тән сипат еді.
Мақаланың “Айтыс туралы” тарауын оқи отырып Сәбеңнің Абайдан үйренгені көп болғаны, Абайды қадір тұтқаны сезіледі. Оған ақын, айтыскер қандай болу керек деген төңіректе Абайдың “Өлең сөздің патшасы сөз сарасы” , “Аттың сыны” өлеңдерінен мысал алып отырғаны дәлел.
Сонымен қатар “Ақын және айтыс” мақаласында айтыс түрін шығармасына қолданып жүрген ақындар бар екенін, бұл да айтыс жанрының өркендеуінің дәлелі деп көрсетеді. С.Мұқановтың өзі де 1935 жылы жазылған “Ақ аю” поэмасында қара аю мен ақ аюдың арасындағы диалогты айтыс түрінде берген. Бұл да С.Мұқановтың айтыс саласының қанат жаюына қосқан үлесі деп білеміз.
Қорыта келе, С.Мұқанов “айтыс” жанрын көркемдік, мазмұндық, түр жағынан зерттеудің негізін салушылардың бірі дей аламыз. Сонымен қатар ғалымның айтыс өнерін жан-жақты талдаған еңбектері бүгінгі күнге дейін маңызын жоймаған, әлі де жойылмақ емес. Оған айтыс туралы тұжырымдары өзінен кейінгі зерттеу еңбектеріне негіз болғаны дәлел. С.Мұқановтың фольклорлық мұраны зерделеу ісі әлі де зерттеле түсеріне сеніміміз кәміл.
Фариза ДҮЙСЕНБАЕВА.