Солтүстік Қазақстан облысында жарты жылдың ішінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 596 дерегі анықталды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер мүдделі органдармен бірлесе рейдке шығу нәтижесінде биыл аң аулау ережелерін бұзудың 354 фактісін анықтады. Көп жағдайда солтүстікқазақстандықтар тиісті құжатсыз аң аулайды, атап айтқанда, аңшы куәлігі мен қаруға рұқсат болмай жатады. Қаруды жиналған және оқталған қалпында тасымалдау, мас күйде аң аулау – жиі кездесетін заңбұзушылықтардың қатарында. Әуесқой балықшылар да заң бұзушылықтарға жол беріп жатады.
«Су бөгеттері мен көпірлердің маңында, көл тармақтарында балық аулауға тыйым салынғанын атап өткен жөн. 6 айдың ішінде облыста балық аулауға тыйым салынған 650 метр моножіптен жасалған ау тәркіленді», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев.
Сондай-ақ, жыл басынан заңсыз ағаш кесудің 2 фактісі тіркелді. Аққайың ауданының 36 жастағы тұрғыны «ЗиЛ» жүк көлігімен қайыңды рұқсат қағаздарынсыз тасымалдаған. Материал жинастыру барысында 44 жастағы тағы бір ауыл тұрғынының қайыңды заңсыз кесіп алғаны анықталды, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Жалпы 6 айдың ішінде СҚО полицейлері табиғатты қорғау саласында 596 түрлі құқық бұзушылық анықтады.
https://www.inform.kz/