“Қазақстан Республикасының сайлау туралы” Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысының аумақтық сайлау комиссиялары 2021 жылғы 25 шілдеге ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын тағайындаған болатын. Кеше облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Каскин орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында алдағы сайлау науқанына әзірлік және оны өткізуге дайындық барысы туралы баспасөз мәслихатын өткізді.
– Биыл Мамлютка қаласының және он үш аудандағы 70 ауылдық округтің әкімдері сайланатын болады. Сайлау науқанын құрамында 994 адам бар 14 аумақтық және 174 учаскелік сайлау комиссиялары өткізеді. Әкімдерді сайлауға өңіріміздің 218 елді мекеніндегі сайлаушылар қатыспақ. Ал сайлау учаскелері жоқ 54 ауылдың тұрғындары дауыс беру орнына жеткізілетін болады, – деді Тілеген Төлегенұлы.
4 шілдеге дейін жергілікті атқарушы органдар сайлау учаскелеріне 60471 адамнан тұратын сайлаушылардың тізімін берген. Оның ішінде 280 сайлаушы бірінші рет дауыс береді. 9 шілдеге дейін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес әкімдер сайлауына 237 кандидат ұсынылды, оның ішінде 74-і саяси партиялардың өкілдері, ал 163 адам өзін-өзі ұсынғандар. Әр әкімнің лауазымына орташа есеппен 3,3 кандидат таласпақ. Қызылжар ауданындағы Бугровое ауылдық округінің әкімдігіне бес адам үміткер болды.
12 шілдедегі жағдай бойынша тиісті өкілетті органдарды тарта отырып барлық 237 кандидаттың құжаттарының заңға сәйкестігі тексерілді. Кандидаттардың 29,5 пайызы немесе жетпісі әйелдер. 110 кандидат мемлекеттік қызметші, оның ішінде 43 үміткер ауылдық округтің әкімі қызметін атқарып жүр. Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылдық округінің әкіміне үміткер халықаралық “Болашақ” стипендиясының түлегі. Кандидаттардың ішінде 36 экономист, 40 заңгер, 91 педагог, 19 ауыл шаруашылығының қызметкері бар. Кандидаттардың орташа жасы – 41.
14 шілде күні сағат 18-ге дейін әкімдікке кандидаттарды тіркеу процесі жүргізіледі. Тіркеліп болған соң олар 24 шілде күнге дейін сайлауалды үгіт науқанына кірісе алады. Облыстық сайлау комиссиясы әр кандидаттың сайлауалды науқанға шығыстарының мөлшерін белгіледі.
– Бүгінгі күні облыстағы сайлау науқаны қолданыстағы заңнама талаптарына, бекітілген күнтізбелік жоспарларға сәйкес жүргізілуде. Сайлау комиссияларына өтініштер мен шағымдар түскен жоқ. Сайлау науқанын өткізу барысы туралы барлық жедел ақпарат облыстық және аудандық сайлау комиссияларының интернет-беттерінде орналастырылған – деді баспасөз мәслитхатын қорытындылаған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Каскин.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.