Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Бейнебайланыс режімінде өткен жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.
Экономика өсімі қарқынын арттыру — негізгі міндет
Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шара барысында биылғы бірінші жартыжылдықтағы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер анықталатынын айтты.
– Басты мақсат – экономиканы өркендету жəне халықтың əл-ауқатын арттыру. Індетке жəне шектеу шараларына қарамастан, ел экономикасы жарты жыл ішінде 2,2 пайызға өсті. Бұл – қуантарлық жайт. Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 пайызға төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек. Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралармен жəне карантиндік шектеулермен бірге əлемдік экономиканың жандануы іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келуіне септігін тигізді. Біздің міндетіміз – екінші жартыжылдықта экономика өсімінің қарқынын арттыру, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа штамдардың бітпейтін толқындары коронавирустың біздің өмірімізге мықтап енгенін көрсетеді. Мұндай жағдайға бейімделіп, өмір сүруді үйрену қажет. Індет таралған ірі ошақтардың пайда болуын азайту жəне денсаулық сақтау жүйесіне шектен тыс салмақ түсуіне жол бермеу – өзекті міндет.
– Күрделі жағдайлар мен өлім-жітімді азайту, сондай-ақ ауыр халдегі науқастарды емдеуге баса мəн беру керек. Коронавирусқа қарсы күресте өзгеше əдістерді пайдалану тек медициналық аспектілерге ғана емес, бизнестегі шектеу шараларына да қатысты. Мониторинг жүргізу топтарының жұмысын қайта қарап, “Ashyq” жүйесі сияқты цифрлы шешімдерді белсенді пайдалану қажет. Шағын жəне орта бизнес қызметкерлерін вакциналау мерзімін науқаншылыққа ұрындырмай, шынайы жүргізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент вакциналауға қатысты жалған құжаттар жасау деректеріне назар аударып, оның қоғам үшін өте қауіпті жағдай екенін атап өтті. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мəселеге баса назар аударуы тиіс.
– Біз пандемиямен күрестің негізгі жолы вакциналау екенін түсінуіміз қажет. Бұл – айқын нəрсе. Үкімет еліміздегі вакциналау бойынша қазіргі көрсеткіштерді маған баяндады. Алайда ашығын айту керек, бұл жұмыстың қарқыны əлі де мардымсыз. Нақты қадамдар жасау қажет. Түптеп келгенде, азаматтарымыз өздерінің жəне жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза əңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады. Бұл үшін заңнамалық та, конституциялық та негіз бар. Турасын айтсақ, бұл – əркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы. Сондай-ақ мынадай екі мəселеге тоқталғым келеді. Біріншіден, міндетті екпе салу кезінде асыра сілтеу болмауға тиіс. Медициналық себептерге жəне белгілі бір жағдайларға байланысты екпе салдырмайтын адамдар бар. Мемлекеттік органдар, əсіресе, мониторинг жүргізу топтары осы мəселені ескеруі керек. Екіншіден, осыған дейін де айттым, вакциналау туралы жалған сертификаттар жасау нарығы пайда болды. Мұндай деректерді тұтас қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп деп түсіну қажет. Демек жазаға тарту шарасы да қатаң болуы тиіс. Бұл Əкімшілік кодекске сəйкес заң бұзушылық екені айдан анық. Бірыңғай тестілеу базасының үлгісімен Екпе салудың цифрлы картасын шұғыл түрде іске қосу керек,– деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар үшін қолжетімді вакцинаны, соның ішінде, халықаралық деңгейде мойындалған екпенің көлемін ұлғайту қажет екенін айтты.
– Былтыр мен тиісті тапсырма бердім. Бірақ компанияның Қазақстанға бөлген “Pfizer” вакцинасын жеткізу ісі тоқтап қалды. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сəйкес, “Pfizer” компаниясы Қазақстанға биыл мамыр айында 2 миллион доза вакцина жеткізуді жоспарлаған. Үкімет екпе жеткізу ісінің тоқтап қалуын “Pfizer” қойған бірқатар талаппен байланыстырады. Бірақ аталған шарттар – вакцина сатып алатын барлық ел үшін бірдей стандарт. Жуырда жаңа ұсыныс келіп түсті. Онда бүкіл іс-қимыл алгоритмі қамтылған. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қоюы керек дейді. Егер қажет болса, мұны істеуге дайынмын. Үкіметке, Президент Əкімшілігіне қалыптасқан ахуалды тексеріп, біздің нарық үшін қажетті осы екпенің жеткізілуіне кедергі келтірген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қабылдауды тапсырамын. Түптеп келгенде, біз азаматтарымыздың өздері қалаған екпені салдыруына мүмкіндік беруіміз қажет. “Pfizer” вакцинасына қолжетімділік мəселесін қысқа мерзім ішінде шешу керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы коронавируспен күрес кезінде денсаулық сақтау көрсеткіштері күрт нашарлап кеткендігін, атап айтқанда, аналар өлімі – үштен бірге, жүрек ауруларынан қайтыс болу 40 пайызға ұлғайғандығына назар аударды.
– Бұған, əсіресе, жансақтау жəне жедел жəрдем бөлімшелерін жарақтандырудың деңгейінің төмендігі əсерін тигізіп отыр. Денсаулық сақтау ұйымдарын қажетті жабдықтармен жедел қамтамасыз етуге көбіне басы артық бюрократтық процедуралар мүмкіндік бермейді. Медицина өнімдерінің сараптамасы мен тіркеуіне жоғары сыбайлас жемқорлық тəуекелдері тəн болып отыр. Жарақтандыру деңгейінің төмендігіне, сондай-ақ жабдықтар бағаларының арасындағы қисынсыз үлкен алшақтық əсерін тигізуде. Бір бұйымның əр өңірдегі, ал кейде бір өңірдегі клиникалардың өзіндегі бағасы бір-бірінен тым өзгешеленіп тұрады. Мысалы, жүректің жасанды қан жолы тетігінің бағасы 165 мыңнан 600 мың теңгеге дейін бағаланады, ал қан тамыры стенттерінікі 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін. Дəрілік заттар сияқты, медициналық жабдықтарды сатып алуды да орталықтандыруға тура келетін болар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, пандемия білім сапасына теріс əсерін тигізді. Сондықтан өткен оқу жылындағы жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, жаңа оқу жылында көштен қалып қоймауымыз керек.
– Мұның бірден-бір жолы – оқытудың бұрынғы форматына көшу. Үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дəстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронавирустың жаңа штамдары пайда болып жатқан кезде бұл міндетті орындау оңай емес екенін түсінемін. Сол себепті оқушылар мен мұғалімдерді барынша қорғайтын кешенді тəсіл əзірлеу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мəселе ретінде биыл күзде елімізде үшінші Ұлттық халық санағы өтетіндігіне тоқталды.
– Бұл санақ індетке байланысты күрделі кезеңде өтетін болды. Сондықтан Үкіметке, Стратегиялық жоспарлау жəне реформалар агенттігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұлттық санақты белгіленген мерзімде сапалы өткізуді тапсырамын. Бұл ретте, санақ жүргізетін қызметкерлердің бəрі вакцина алып, қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуге тиіс, – деді Президент.
Азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеу қажет
Президент дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға байланысты қаржының тым көп салынуы жəне жеңілдетілген ақша-несие саясаты инфляцияның қарқынын күшейтіп жіберді деп санайды. Азық-түлік жəне ауыл шаруашылығы ұйымдарының мəліметі бойынша азық-түліктің əлемдік бағасы 40 пайызға өскен. Бұл – он жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Осындай жағдайда еліміздегі инфляция деңгейі бірінші жартыжылдықта 7,9 пайызға жетті. Азық-түлік бағасының қымбаттауы аса өзекті проблемаға айналды. Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан еліміздің осал тұстарын айқындап берді.
– Отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ете алмауына қатысты айтылып жатқан сын өте əділ. Өндірістік шығындардан бөлек, маусымдық қымбатшылық пен делдалдық əрекеттердің ашық болмауы баға белгілеудің негізгі факторлары болып табылады. Аты айтып тұрғандай, тасымалға маусымдық болжам жасауға болады. Демек, оны реттеуге де болады деген сөз. Аталған мəселені шешудің жолы – келесі маусымға дейін өнім сақтайтын заманауи əрі қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру. Көкөніс сақтайтын қоймалар салу жəне жаңғырту жөнінде бірнеше рет тапсырма берілді. Бірақ жағдай жақсарған жоқ. Бұл проблеманы жүйелі шешу керек. Үкіметке əкімдермен бірлесіп, көкөніс сақтайтын қоймалар салу жəне жаңғырту жоспарын əзірлеуді тапсырамын. Осы мақсатты қолдау үшін біздің көптеген бағдарламаларымыздан қаржы бөліңіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Үкіметке “Атамекен” ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірлесіп, əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұрудың қазіргі тетіктерінің тиімділігін бағалау жəне жаңа əрі тиімді шаралар топтамасын ұсыну тапсырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев нарықты өзіне ыңғайлап алатын, өндірушілер мен тұтынушылардың есебінен үстеме пайда табатын жасырын делдалдардың көбеюіне жол бермеу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, өңірлерде осындай делдалдық əрекеттерді тергеп-тексеру бойынша комиссиялар құру қажет.
Мемлекет басшысы шаруаларды жемшөппен қамтамасыз етуді тағы бір алаңдатып отырған мəселе ретінде атап өтті. Оның айтуынша, ауа райының қолайсыздығынан жəне болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде 3 мыңға жуық мал қырылып қалған.
– Əкімдіктердің жəне Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан дұрыс шешім қабылданбаған. Жүйелі əрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-əрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда. Əрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл – мəселенің бір жағы ғана. Ең алдымен, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл жəне батыл шешімдер қабылдауы қажет еді. Бірақ министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін. Үкіметтің төтенше жағдайға арналған резервін пайдаланыңыздар, қажетті көмекті беріңіздер. Жалпы республикалық штаб жедел жұмыс жүргізуі керек. Қабылданған шаралардың барлығы фермерлерге анық əрі түсінікті болуға тиіс. Мына нəрсеге назар аударғым келеді: Мемлекет міндетті түрде қажетті көмекті көрсетеді, сондай-ақ шаруалар да ортақ жұмысқа атсалысуы қажет. Ең алдымен, қиындыққа тап болған өңірлерге жемшөпті жедел жеткізіп, малдың қырылуын тоқтату керек. Төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастырған жөн. Өкінішке қарай, біздің елімізден бөлек, басқа аймақтардағы ауа райы да қолайсыз болып тұр. Соның салдарынан көршілес мемлекеттерде жемшөпке деген сұраныс күрт артуы мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкімет пен əкімдерге “Бəйтерек” холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар əзірлеу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ жем-шөпті елден тысқары жерлерге шығаруға уақытша тыйым салу мəселесін қарастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы құрылыс материалдары мен жылжымайтын мүлік бағасының өсуі байқалып отырғандығын, кейбір позициялар бойынша жыл басынан бергі өсім 100 пайызға жуықтағанын атап көрсетті.
– Бəсекелестікті қорғау жөніндегі агенттік құрылыс материалдары нарығына талдау жүргізеді. Тексеріс барысында қазірдің өзінде өзара ымыраласушылық пен бəсекелестікке жатпайтын іс-əрекеттер анықталып жатыр. Агенттіктің оған ден қоюы барынша қатаң болуы тиіс. Менің Əкімшілігім бұл мəселені бақылауда ұстайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жайылымдық жерлерді пайдалану мəселесіне де тоқталды.
– Жалпы бұл өте күрделі мəселе болып тұр. Негізгі себеп – əкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Қазір мал жаю үшін 29 миллион гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 миллион гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы. Бұл, əсіресе, Түркістан, Алматы жəне Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отыр. Үкімет пен облыс əкімдері прокуратура органдарымен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру ісін қолға алуы керек. Осыған баса мəн берген жөн. Үкімет ғарыштан мониторинг жүргізу тəсілін жетілдіріп, оның ауқымын кеңейтуі керек. Осы маңызды жұмысты Президенттің тапсырмасымен ғана емес, тұрақты түрде атқару керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мəселесін де көтерді.
– Бүгінде 700 мыңнан астам тұрғыны бар 1922 ауыл таза ауыз суға зəру болып отыр. Қостанай облысы тұрғындарының 35 пайызы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл жəне Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының 20 пайызға жуығы сапасыз су ішіп отыр. Суды тұтыну көлемі артқан сайын су инфрақұрылымы да ескіріп бара жатыр. Еліміз бойынша сумен қамтамасыз ететін нысандардың 22 пайыздан астамы тозған. Атап айтқанда, Алматы қаласында – 58 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында – 42 пайыз, Жамбыл облысында – 36 пайыз, Қарағанды облысында – 34 пайыз. Жауапсыз кəсіпкерлердің кесірінен ауыл тұрғындары суға мұқтаж болып отыр. Мұндай деректер жиілеп кетті. Өкінішке қарай, бұған жергілікті атқарушы органдар жол беруде. Мысалы, Түркістан облысында Біркөлік, Екпінді жəне Қорған ауылдарының тұрғындарына арналған ауыз суды демалыс орындары бассейнді толтыру үшін пайдаланған. Сөйтіп, халыққа су бермей қойған. Бұған тиісті бақылау жасамаған жергілікті билік кінəлі. Ауыз судың тапшылығына жер қойнауын пайдаланушылардың əрекеті де себеп болып отыр. Кен орындарын игеру кезінде ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырған өзендер тартылып, бұлақтар сарқылып жатыр. Мұндай жағдайға Батыс Қазақстан, Ақмола жəне Түркістан облыстары тап болуда. Үкіметке облыс əкімдерімен бірлесіп, осындай деректерді түгел анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ болашақта оған жол бермеу үшін бақылау жүйесін əзірлеу қажет. Тиісті ұлттық жоба аясында сумен қамтамасыз ету мəселелері кешенді түрде шешіледі деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елді мекендерді қоқыстан тазарту мəселесіне де назар аударды.
– Бір жыл бұрын мен бейберекет үйілген қоқыс орындарына қатысты жүйелі шаралар қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Өкінішке қарай, бұл мəселе əлі шешімін таппай отыр. Кейбір тұрмыстық қалдықтарды көмуге тыйым салып, тығырыққа тірелдік: көмуге де болмайды, арнаулы орындар да жетіспейді. Осы түйткілді шұғыл əрі жүйелі түрде шешу қажет. Үкіметке рұқсатсыз қоқыс төккендерді анықтау жəне жазалау шараларын күшейтуді тапсырамын. Əсіресе, құрылыс кәсіпорындары мен қоқыс шығаратын компанияларды жіті бақылауда ұстау қажет. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін жəне экобелсенділерді тартқан жөн. Телефон арқылы “жедел хабар” желісін іске қосу қажет. Сондай-ақ келіп түскен хабарламаларды шұғыл өңдеп, атқарылған жұмыстың нəтижесі туралы ақпарат беру үшін цифрлы тəсілдерді қолдану керек. Бұған қоса, Үкімет əкімдермен бірлесіп, ірі көлемді жəне құрылыс қалдықтарын заңды түрде шығаруға қажетті жағдай жасауы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тұрғындардың нақты əрі номиналды табысының өсімі азайып, табыс түрлеріндегі өзгерістер де көңіл көншітпейтінін айтты. Сондай-ақ Президент зейнетақы, жəрдемақы жəне шəкіртақы сияқты əлеуметтік трансферттер артқанымен, еңбек табысы азайып бара жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта шұғыл əрі ауқымды шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар еңбек табысы мен кəсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін табысты арттырып, көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға жəне басқа да бастамаларды қамтуы тиіс.
– Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет. Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі қанат-қақты жоба жүзеге асырылды. Нəтижесі жаман емес – ауыл шаруашылығы өнімін өндіру екі есе артты, мал басы 24 пайызға өсті. Жұмыссыздар, атаулы əлеуметтік көмек алатындар, тіркелмей өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны азайды. Үкімет бұл жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін қарастыруы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жол жөндеу жұмыстарының сапасына байланысты айтылатын сындар орынды. Бұл, əсіресе, ақылы жолдарға қатысты өзекті болып отыр.
– Жуырда алысқа жүк тасымалдайтын жүргізушілер наразылық білдірді. Ақылы жолдарды енгізу – əлемдік тəжірибеге сай дұрыс шешім. Алайда біз сияқты жер көлемі үлкен елде тек бюджет есебінен жол салу мүмкін емес. Оның үстіне, Қазақстан жүк тасымалынан пайда табуы керек. Бірақ ол үшін сапалы жолдар салынып, жол бойында жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі керек. Бизнес пен азаматтар жол инфрақұрылымының жаңа сапасын сезінуі қажет. Үкімет аталған мəселені ерекше бақылауға алғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Энергетика министрлігі мен “Самұрық Қазына” қорына, соның ішінде, “Қазмұнайгаз” компаниясына жанар-жағармай нарығына ықпал ететін мұнай өңдеу зауыттарындағы ахуалды қатаң бақылауға алуды, сондай-ақ Үкіметке қормен бірлесіп, Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс тоқтап қалуына байланысты жағдайға кінəлілерді жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Қаржылық мониторинг агенттігі мен Есеп комитеті қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында қаржыны жылыстатуға байланысты астыртын əрекеттердің бар-жоғын тексеріп, оның нəтижесі туралы қыркүйектің басында есеп беруі тиіс.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы туралы айтты. Мемлекеттік қызметшілер еліміз үшін осындай сын сағатта жұдырықтай жұмылып, батыл қадамдарға барып, өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетіп, шұғыл шешімдер қабылдауы қажет екенін мəлімдеді.
(“Egemen Qazaqstan”,
12 шілде 2021 жыл).