Лондон қаласындағы “Уэмбли” стадионында футболдан кәрі құрлық чемпионы анықталды. Еуропа біріншілігінің финалында Италия құрамасы Англия командасымен кездесті. Матчтың негізгі бөлігі 1:1 есебімен аяқталып, пенальти сериясында “Скуадра Адзурра” басым түсті.
Ойын бастылысымен италиялықтар белсенділік танытты. Алайда ағылшындықтар қарсы шабуыл ұйымдастырып, есеп ашты. Кездесудің небәрі 2-минутында Люк Шоу Еуропа чемпионаты тарихындағы ең тез соғылған гол авторы атанды. Бұған дейінгі рекордты 1964 жылы испаниялық футболды Хесус Переда орнатқан еді. Кейін италиялықтар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, матчтың бірінші бөлігі 0:1 есебімен аяқталды.
Есеп 67-ші минутқа дейін өзгеріссіз тұрды. Италиялықтардың қуанышына орай, бұрыштамадан әуелетіп берілген допты Марко Вератти қақпаның бағанасына тигізді. Серпілген допқа бірінші болып жеткен Леонардо Бонуччи есепті теңестірді. Ойын тізгінін өз қолдарына алған Роберто Манчинидің шәкірттері қарсыластарына шабуылдауға мүмкіндік бермеді. Қосымша таймдардан соң пенальти сериясына кезек келді. Бұл сында Италия 3:2 есебімен жеңіске жетті. Соңғы сәтте ағылшын қақпашысы Пикфорд Италия ойыншысы Джорджиньоның соққысын қайтарғанымен, соңғы болып допқа жақындаған ағылшын құрамасының жас ойыншысы Букайо Сака италиялық қақпашы Джанлуиджи Доннарумадан айласын асыра алмады. Осылайша “Скуадра Адзурра” өз тарихында екінші мәрте кәрі құрлықтың үздік құрамасы атанды. Соңғы рет олар 1968 жылы жеңіске жеткен болатын. Ал Англия командасы турнир финалына тұңғыш рет шығып отыр.
Еуропа чемпионатын қорытындыласақ, жарыстан жарты жолда шығып қалған Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду 5 голмен біріншіліктің үздік сұрмергені атанды. Ал турнирдің үздік ойыншысы болып италиялық қақпашы Джанлуиджи Доннарума танылды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.