«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Парақорды жұмысқа алған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті жыл басынан бері 44 “бармақ басты, көз қыстылық” фактісін анықтады. Бұл туралы “Аntikor ortalyǵy” ғимаратында өткен кеңес барысында ведомство басшысы Жарқын Ғалымов мәлімдеді.

Департаменттің превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулиннің айтуынша, есепті кезеңде 8 ұйымда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 6 сыртқы талдау жүргізіліп, қорытындысында 141 ұсыным енгізілсе, оның ішінде 100-і орындалған. Бұдан бөлек, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмысы аясында 4 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар мемлекет меншігіне жалпы сомасы 4,2 млн. теңге қайтаруы тиіс.

Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына жұмысқа орналастыру фактілеріне мониторинг жүргізу барысында бұрын пара алған адамдарды жұмысқа қабылдау фактісі анықталды. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 681-бабы бойынша 145 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Айта кеткен жөн, биылғы сәуір айынан бастап Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыреті бекітіліп, 15-бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасау құқығы берілді.

Кеңесте департаменттің жедел-тергеу бөлімшелерінің басшылары да баяндама жасады.

Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында ведомство мамандары 51 қылмысты тіркесе, оның ішінде 44-і сыбайлас жемқорлық фактісі болған. Қылмыстық істер бойынша келтірілген залал 419,7 млн. теңгені құрап, оның 415,7 млн. теңгесі немесе 99 пайызы өтелді. Мемлекеттік органдардың 6 басшысы әшкереленді.

Жалпы биыл үш парақорды бас бостандығынан айыру, бір адамның бас бостандығын шектеу, жетеуі – айыппұл салу бойынша жазаларға тартылды.

Кездесуді қорытындылай келе ведомство басшысы қызметкерлерге қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ процестік қателіктерге жол бермеуді тапсырды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp